Бақытжан Момышұлы. Әкемнің күлкісі

Бақытжан Момышұлы. Әкемнің күлкісі

Бүгін – белгілі жазушы әрі аудармашы Бақытжан Момышұлының туған күні. Бақытжан Момышұлы 1941 жылы 3 қазанда Алматы қаласында туған. Шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші, Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, "Ленинская смена" газетінде редактор болып істеген. "Жанымның жарық жұлдызы", "Когда ты рядом", "Во имя отца" т.б. кітаптардың авторы. Осы орайда назарларыңызға жазушының бір әңгімесін ұсынамыз.

***

Мен әрдайым сенің күлкіңді аңсаймын. Сенің күлкің сараң да сұсты, мысқыл аралас мейірімді күлкі, бірақ ол ешқашан жылусыз немесе жасанды болған емес. Ал сен өз күлкіңнің сондай керемет әрі жүрекке жылы тиетінін білмейтін де боларсын. Мен өмірден қиындық көріп, көңілім сырдаң тартқан шақтарда әрдайым сенің күлкіңді аңсаймын. … Жылдар өтті, ал менің түйсінгенім ─  сенің күлкің тек мені ғана жылы шуағымен баурамаған екен.

Жұрт сені тек сұсты кейіпте ғана көреді, сондықтан олар ішкі жан-дүниеңді білгісі де келмейтін болар?  Бірақ, тау тасындай қатал адамнан мейірім күту де қиын ғой. Сенің күлкің жайлы білген соң олар өзіңді бұрынғыдан да гөрі іш тартады. Ал сенің күлкің, батырым, жан сарайыңның әлсіздігінен емес, мөлдір мейіріміңнің молдығынан деп білемін.Мейірім бәрінен де күшті. Адам барлық уақытта жек көре алмас, бірақ ол ешқашан да сүйіспеншіліксіз тұра алмайды.

Сен үлкен жүректі адамсың. Сенің жүрегің батылдыққа толы, адам қайғысы мен мұңына әрдайым ортақ. Ержан есімді немерең дүниеге келгенде сенің жүрегің нәзік үміт пен махаббаттан жарылуға шақ қалды. Раушан гүлінің бір шоғын менің кішкентайыма алып келіп:

─ Менің немерем бар. Оның есімі әлі белгісіз, бірақ адам атын алатыны анық, ─ деп айғайладың.

Қуаныштан сыйлық алуды да ұмытқаныңды айтып күлдің, бірақ осы сәттерде көйлегіңді де шешіп беруге дайын тұр едің. Сөйтіп, сен көйлегіңді қызылшақа немереңнің ағасына қарай ұсындың. Бірақ иығына погон салмағы түсіп көрмегендердің бірде-біреуі оны киюге хақысы жоқ еді.

─ Менің Ержаным ақпейіл де абзал адам, дәрігер Саматтың жұрағаты.

Менің Ержаным батырдың, совет полковнигінің, жазушының немересі, ─ деп сен мақтанышпен айттың. Бұл сөздерді айтуға, әрине, сенің толық хақың бар.

Мен бір ғана рет сенің сасқан кейіптегі күлкіңді байқадым. Сол күні газет әкелуге түсіп, лифтіні күтіп тұрып, әдетімше газеттің біріне көз жүгірттім. Қара рамка ішіндегі сенің даңқты досыңның таныс бейнесі  көз алдымнан жалт етті. Вучетичтң қайтыс болғанын естірту маған қандай қиынға соқты десеңші. Ақыры бұл да болды. Сен қолыңмен көзіңді көлегейлеп ақырын ғана күбірледің.

─ Арамыздан күндей жарқыраған көп адамдар кетті!

Сонда сен айтқан сөздер жанымды тітірентті, әке. Мен не айтарымды білмедім. Қолымды әлеуетті иығыма салдым, ал алақаным сенің иығыңа көтерген зілдей қасіреттен отша өртеніп бара жатқандай боп көрінді.

─  Женя! Женя! — дедің құрғақ үнмен, ал көздеріңде жас болмады. Бұл сондай ауыр көрініс еді, әке.

Сонан соң екеуміз суретшінің үйінде қонақта болғанымызды, сен оны мен бірге жұмыртқа қуырғаныңды, сосын оның көгілдір нұрға толы бөлмесінде Бетховенді тыңдағанымызды еске алдық. Евгений Викторович бізге өзінің шеберханасын көрсетті, ал ауызғы үйде біз қолына өзі құтқарған кішкентай қыз бен семсер ұстап селт тұрған, фашистік самұрықты талқандаған азат етуші совет солдатын кездестірдік. Сен оған қолыңды шекеңе апарып құрмет көрсеттің. Ал оның арғы жағында сенің бюстің мен Мұхтар ағаның скульптуралық портреті тұр еді. Сен маған ұлы бейненің алдында тағзым ет деп бұйырдың, осы мезет менің  көмейіме жас тірелгені әлі есімде.

Сені  әркез қатал жандардың қатарына қосады, ал расында осылай ма, қадірлі әке? Сен ешқашан екіжүзді бола алмайсың және Жуалының жабайы сарымсағы іспеттес ащы шындықты ғана айтасың. Мен осы жақында ғана байқадым — сен қатігез емес қатал екенсің, ал бұл басқаның адамдық ары үшін болған әрекеттен туатын нәрсе.

Сен әрдайым өзіңді басқа біреудең орнында көрсеткің келеді де, осы қимылыңның өзгеге қалай әсер етерін аңғарып отырасың, сен жазушысың, сондықтан саған осылай ету керек те болар.

Сен маған соңыңнан ерер ізбасарсың жоқ деп ренжідің, ал мен болсам ренішпен соның ешқандай қажеті жоқ екендігін айттым. Айтшы, кәне, сен мені адам сүюге үйретпедің бе?

─ Өзіңе керексіз нәрсені кісіге бер. Ең соңғы затыңды бер, сонда да сен байлықтан кенде қалмайсың, ─ дедің сен.─ өзіңдегінің бәрін де бер, ─ деп одан әрі жалғастырдың.

СССР Халық артисі, кинорежиссер Григорий Львович Рошаль мен Вера Павловна Строевада қонақта отырғанда:

─ Мен Бауыржанның ұлымын, — дедім мақтаныш аралас көтеріңкі сезіммен.

Сонда маған айғайлап  ұрыспадың, ал сен біртүрлі аянышты  көзқараспен қараған кезде жердің тесігі болса кіріп кетердей күйде едім.

─ Балам, әкенің ұлы болу қашпайды. Халықтың ұлы болатын кезің әлде қашан жетті, ─ дедің.

Осыдан кейін мақтаныш пен махаббаттан туған сезіммен іштей ғана:

─ Иә, мен Бауыржанның ұлымын, бірақ жалғыз мен емес, менің құрдастарым, соғыс жылдарында туған перзенттер де менің әкемнің ұлдары, ─ дейтін болдым, ─ осындай үнсіз мойындаудан  кейін ешқандай күмән да, сұрақ та болмайды.

Қонақ үйге келгеннен соң Вера Павловнаның кім екендігін сұрадым. Сен жауап берместен ұзақ үнсіз қалдың.

─ Ол менің асыл ойларымның тұп-тура тұрағы болды және солай болып қалады да. Мен ортақ жағдайларды талқылаған сәттерде осындай рухани жақындықты ешкімнен көрмеген емеспін. Рас, менің әдеби творчеством оның ақыл таразысына терең сынақ жасады, адам іс-әрекетінің себептері мен күрделі кезеңдеріне терең талдау жасауға үйретті. Ол менің мінез-құлқымдағы қайшылықтарды сақтады. Жазушының қасында барлық кезде осындай терең түсінікті адам болуы керек. Егер сенің жолыңда өз Вера Павловнаң кездессе  ─ сенің бақытың.

Мен СССР Жазушылар одағының мүшесі болғанда:

─ Ұлым, құтықтаймын, сені! Сен, міне енді әдеби шеберхананың шебері болдың. Бірақ сен өзіңді шебермін деп сезінбе. Бұл ғажап нәрсе. Қысқасы, сен өзіңнің Вера Павловнаңды таптың.

─ Иә, әке, тапқан секілдімін. Ол менің жұбайым — Зейнеп, ─ деп мойынсұндым. — Ол маған серік бола алады. Ол өте турашыл сыншы әрі терең сезімді жолдас.

─ Онда сенің екі мәрте бақытты болғаның, ─ деп күлімсіредің сен. Ал осы сәт менің жаным жайдары қалыпқа түсті, біле білсең, жұмыс істеуге сондай зауқым соқты.

Ержанның әжесі  ─ Мәлике апа қайтыс болғанда  сен үн-түнсіз қалдың да:

─  Менің бақытсыз немерем. Енді оған ешкім де ертегі айтпайды, ─ дедім.

Мен қатты таң қалдым әрі ренжідім, ал сен болсаң басыңды шайқап түсіндіре бастадың.

─ Ертегі тыңдап өспеген бала толыққанды кісі бола алмайды. Ертегіде  халықтың жаны мен намысы бар. Ал біз халық болмасақ кімбіз? Тфу!

Сол кезде мен сені сондай бір ыстық ықыласпен қабыл алғаным  соншалық — жылауға шақ қалдым. Мені ертегі мен аңыз әлеміне тұңғыш аяқ бастырған да өзіңсің, сен маған қазақтың  батырлық эпосы мен орыс тәлсімдерін үйретуден жалықпайтынсың, осы сәттерде қасыңнан кетіп қалып, рогаткамды ұстап, көшеге шыққым келетін… Сен менің әже мейірімін көрмей өскендігіме аяушылық білдіресің. Ал маған сенің бойыңнан тағы қандай мәңгі сақталар ізгі қасиеттерді үйрену қажет?

Сен өзгенің жетістігіне қуанып, жолы болмаған кездерде табаламауға үйреттің. Сен мені арзан бөзге қызықпауға, жалпы бос шашылған ысырапқа қарсы болуға тәрбиеледің, ішпыстылыққа салынбауға үйреттің, қатты айтқанда, «қолы бостардың ғана іші пысады» дедің. Сен мені сүттей ұйыған тыныштықтағы жұмыс кештерін сүюге баулыдың. Иә, сенде мен мәңгілік бойыма дарытар тағы қандай ізгі қасиеттер бар?

Сен мені домбыраны сүюге үйреттің, көне патефонның түбіне отырғызып қойып, алақұйын  Құрманғазының күйін тыңдайтынсың, екеуміз қосылып жапа шеккен қазақтар әні «Елім — айды » шырқайтынбыз. Кіп-кішкентай мені даңқты ақсақал Жамбылға алып барған да өзіңсің. Сонда ұлы жыршы маған ақ батасын берді. Иә, сенің  бойыңда мұра боларлықтай тағы қандай қасиеттер бар еді?

Алпыс жылдығыңда мен бола алмадым. Ауыр операциядан соң гипсте жаттым. Сен маған кәрзеңке толы гүл мен домбыра беріп жібердің. Ал сонан соң қос қара балдақ алып өзің келдің.

─ Осындай зілді сыйлық әкелгенімді кешіргейсің. Саған тұлпар әкелсем, шаттанғанымды сонда көрер едің. Бірақ, сенің өзің де қанаты талмас қырансың ғой. Сен менің ұлым емессің бе?

Иә, мен сенің ұлыңмын, мен ғана емес, карточка жүйесін өзгерткен қырық жетінші жылы менімен бірге нан кезегінде тұрған барлық бауырларым сенің ұлың. Иә, сен менің әкемсің, сен қырық бірінші жылы дүниеге келген барлық ұлдың әкесісің, олардың қара көздері мен көкшіл жанарларынан мен әлі күнге ескі жараның сыздағанын сезгендей боламын. Әке! Мен солдат емеспін, сондықтанда генерал Иван Васильевич сұңқарларының гвардиялық туын құшуға хақым жоқ. Сонда да сен туған күні тіземді бүгіп, оқ тескен шинеліңнің шетіне суық ернімді тигізуге, тағызым етуге рұқсат ет. Біз сенің ұлдарыңбыз, біз сенің немерелеріңбіз, мәңгі совет адамдарымыз. Солай болып қала да бермекпіз.

Орыс тілінен аударған: Қ. Түменбай.

Т. Раушанұлы