Ардақ Нұрғазыұлы. Өлген адам (жалғасы)

Ардақ Нұрғазыұлы. Өлген адам (жалғасы)

Басы

– Күнбе-күн жалғасқан өмірде уақыттың əлгіндей жарығына бас сұққанымда аңғарғанымды өзіме сырлы түйілген сол дүние есебінде көріп жүріппін, сонда қалай, уақыттың да өлшем бола алмағаны ма?

– Оған еш нəрсе өлшем бола алмайды. Сондықтан да баламның неге қиналғанын енді түсініп отырмын. Уақыттың өзін ақырластырар дабылын қаққан шағы — жер бесігіңе бөленіп тыныш қалғаның да, сен өзгенің аяғы өзіңнен қырық қадам ауашаға түскен шағын еске түсірумен ғана есіркей аласың.

Ол басын төмен салып, қамшысын қамти ұстап отыр. Кенет, шалбарының балағын қамшымен қағып қалды.

– Тіршіліктің күн санап өтерін білемін, азалы шақтың қашан да қасымда екенін аңғармаппын. Еске түсірмей отыра алмаймыз ғой.

– Бірақ, өтер күнді күміс теңге есебінде санап салуға болмас. Теңгенің беті қашанда ұқсас, ал əр күннің өз есебі өзінде. Оның ұқсап кеткен кезі болған емес, содан қаулап жатқан тіршіліктің оты жəне сол еске түсіру арқылы жанады. Екеуміз де үнсіз қалдық. Ол ұзағырақ ойлап кеткен тəрізді. Оның орнында отырсам, мен де қапаланар едім, өзім табан тіреген дүниеде сынаптай сырғыған тірлігімнің дерегін таппай дал болармын, ал ол болса, соның кебін киіп отыр.

– Шырайланған дүниеде уақыттың да тұсалар шағы болады екен, сонда мəңгілік не болғаны? Ол да соған тірелді, жер басып жүрген шағында адамдар шырқап кетсе, соған дейін бара алады екен-ау.

– Мəңгілік нəрсе болмас, егер болады десек...

Менің сөзімді зират арасынан шыққан айғай-шу бөліп кетті. Боз шымылдықтай тартылған ай нұры астында, біз дауыс шыққан жаққа қарастық. Зираттың ортасында біреулер керкілдесіп жатқан сияқты.

– Ол ненің шуылы? — деді жігіт.

– Қабыл мен Ыбырай ғой, — дедім мен, — түн ортасы ауған екен, олар тағы бастапты.

– Ұрысып жатыр ма?

– Иə, ұрысып жатыр.

– Онысы несі, мұнда да ұрысатын ба еді, өшпеген не кек ол? — жігіт жүзін маған бұрып, сұраулы жүзбен қарады.

– Мəңгілік нəрсе қажет болса, ол біреу-ақ болар. Мен білсем, еске түсіру ғана мəңгілік.

Ұрыс-керістің үні анық естіле бастады. Өткендегі ұзақ түндерге ұқсас олар тағы бəрін қайта бастап, жұлысып жатыр. Бой үйренген тыныштықтың ебі қашып, бұл маңнан үркіп кеткен түрі бар.

– Олар осында келгелі бері айтсақ, ондап қыс пен жаз өтті. Алдымен Қабыл келді. Осындағы жұрт ол жөнінде ауыз ашудан қорқады. Жұрт жиылып тірліктегі қызықтарын еске түсіріп, түн қойнында зират ортасын дыр-думанға бөлеп жатқанда да, оның онымен жұмысы болған емес. Бөлектеніп, қапысыз қара түнде ауашаланып отыратын. Соңынан Ыбырай келді, оған жиналған жұрт араларынан Қабылды көрді. Оның тіс жарып сөйлегенін де жұрт сонда көрді. Онысы қамаулы аңның үніндей жарықшақтанып, төбеңді шымырлатып, сөдегей ойға жетелейтін.

– Дұспаным да келді, мен оны тосқаным қашан, біз енді тең тұрып алысатын болдық, — деп қолын аспанға жайып, кеңкілдеп күлді ол. Сол түннен тартып олар жұлысып кетті. Даулары біткен емес, осынау күнсіз ортада, біз олардың керісін мəңгі көріп өтетін ұқсаймыз. Жер басып жүрген шағында олар бір атаның баласындай тату да болған. Ыбырай ауыл бастығы болып тұрғанда Қабыл ауылда дүкен ұстаған. Олардың ортасындағы талас дүкенге түскен жалғыз тал қаламнан басталған түрі бар. Сол күнде қолға түспейтін асылдан да құндырақ қаламды Қабыл өз қойнында қалдырса керек. Соны білген Ыбырай Қабылды кіналап, жер аудартқан.

Жалғасы бар

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: semstar.com

Оқи отырыңыз:

Мұхтар Мағауин. Оң мен сол

Тынымбай Нұрмағанбетов. Жиырма жас (әңгіме)

Қабдеш Жұмаділов. "Ақынның ақырғы күндері"

Өміржан Әбдіхалық. "Қош бол, Раушан" (әңгіме)

Аягүл Мантаева. «Мен»

Е. Қайрахан