Ардақ Нұрғазыұлы. Өлген адам (әңгіме)

Ардақ Нұрғазыұлы. Өлген адам (әңгіме)

Оң жақ иығынан кертілген əжімді ай шалқалап туды. Мен зираттың ішін аралап шықтым. Қанаттас жатқан қос моланың шетін ала жусаны қаптаған алаңға келіп отырдым. Алыстан жез қоңыраудың сыңғыры естілгендей болып еді, жақындап келді, діңкесі құрып шаршаған жылқының əлсіз пысқырынуын ұзақтан айыра алатын едім. Жануар сарпалдаң жүрістен иленген терідей созылған түрі бар.

Ай сəулесі аймалаған қасқа жолда атты адам көрінді. Жақындап келіп зиратқа бұрылды. Өзіне үнсіз көз тігіп отырған өзгені байқамаған сияқты. Қасымнан өте беріп, қорғаны биік төрт құлақты тас молаға беттеді.

– Қайда барасың, мұнда келсеңші, — дедім мен дауыстап. Ол атының тізгінін іркіп тоқтады. Мойнын бұрып қарады да, үнсіз атынан түсті. Ердің артқы қасынан қанжығадағы шідерін шешті де, атын бекітіп, ауыздығын алып, шылбырын ерге айландыра тастады.

– Шу, — деп атын сауырынан қағып қалды. Ат жылжып қос моланың ортасындағы ашық тұстан гүртілдетіп шөп жұла бастады. Ол атының соңынан сəл қарап тұрды да, маған қарай жүрді.

– Зиратқа неге бұрылдың, шырағы жарқырап қала қасыңда тұрса? — дедім мен.

– Жəй болып кетті-ау деймін, — деді əлгі адам, жақындай беріп кідірді, — шаршап қалаға кірсем, кім қарсы ала қояды, осында мызғып алып таң ата жүрсем... Өзің не қылған жансың?

– Онда асықпа, жайланып отырайық. Мен осында зиратқа түнеушілерден ақы аламын. Жігіт қарсыма маған ұқсас малдасын құрып отырды.

– Қалаға кірсе табан ақы алады деуші еді, одан өзгені де естиді екенбіз-ау...

– Енді соны көретін болдың.

– Ол жақтың да өзгеріп жатқаны ғой, асып кетсе орнынан аунап түседі деуші еді. Енді, міне, тұрып та кеткен екенсіздер, — деді жігіт. Айдың нұры оның қалың қасын түкситіп, шұңғыл көздеріне көлеңке түсіріп тұр.

— Қайдан, сіздерде бəрі болып жатса, біз неге қарап қалайық. Бəріміздің жетер жеріміз осы ғой, — дедім мен. Ол менің жайымды біліп отырған түрі бар.

– Мұндағылар да көбейіп қалды,— деп жігіт зиратқа қарады,— баяғыда сай-саладан көруші едік, енді төбе-төбе болып бір жерде жататын болды, мұнда, сірə, не сыр бар?

– Қайдан бұйырса да, астаудай жер керек қой. Төбесінде ай қалқыған қаздау-қаздау төбешіктер қоңыр күңгірттік құшып жатқан.

– Менен алсаңыз, қалағаныңызды берейін, — деді жігіт. Ол менің зиратқа қараған назарымды бұрды.

– Мен осында келгелі жарты ғасыр өтіпті, содан бері небір қызық болған шығар, мен түсінер бір əңгіме айтсаң қайтеді. Ол ойланып қалды, ойына əлдене оралса керек, сөз бастай алмай сəл бөгелді.

— Ол тұста мен екі-үш жастың шамасындамын ғой, кейінен айтқандарым ұнамас па екен?

– Былай, бауырым. Өмірде көптеген істер ұқсап жатады екен. Əлі есімде, осында мені əкелген күні басыма қояр тас таба алмай, баламның сөнер күнде дөң басында отырып көп қиналғаны. Міне, енді көріп жүрмін, тас табылса да, сол уайым осында келген талайдың басында болады екен. Содан аңғардым: Олардың бəрі тас бетіне түсер жазудың ақаусыздығына ден қойса керек. Өз басым соны дер шағында аңғармаппын. Ол менің сөзімді ұйып тыңдады.

– Айтпас па екенсіз, ол, сірə, не нəрсе, шыбын жан деген не? — деп қалды жігіт, кенеттен көзінен оты жарқ етті. – Ол, бір бейне. – Солай ма, мен оны ер үстінде аңғарған едім.

– Бұл мүмкін емес,— дедім мен, — кең тыныстамас бұрын оны ешкім де байқай алмайды.

– Мен оны ат үстінде отырып аңғардым, өмір бойы тақымымның босамағаны мықтап есімде қалыпты. Ер үстінде отырсаң ғана еркін қиял құша аласың ғой. Қырыққа ілінген сол күні уақыттың əлдебір бөліктерге айырылып кеткенін, оны еске түсіру арқылы сезуге болатынын дамылсыз қайшылаған атымның құлағына қарап отырып аңғарғанмын. Сонда мен қыстау мен жайлау турасындағы түсініктерден тас түйін арылған едім.

— Ол сенің ешқашан қиял сүрмейтініңді, өзің турасында ойламайтыныңды аңғартады. Сол күні сен өмір бойы ұласып кеткен уақыттың уысындағы тірлігің үстінен өзіңді көргенсің, тек сол ғана, оның арғысы баяғысындай қала берген.

Жалғасы бар

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: semstar.com

Оқи отырыңыз:

Мұхтар Мағауин. Оң мен сол

Тынымбай Нұрмағанбетов. Жиырма жас (әңгіме)

Қабдеш Жұмаділов. "Ақынның ақырғы күндері"

Өміржан Әбдіхалық. "Қош бол, Раушан" (әңгіме)

Аягүл Мантаева. «Мен»


M. Auelkhan