Алматыда “Қара жұлдыз” роман-ертегісінің тұсаукесері өтті

Алматыда “Қара жұлдыз” роман-ертегісінің тұсаукесері өтті
Фото: massaget.kz

Белгілі жазушы, аудармашы Бақытжан Момышұлының бітпей қалған “Қара жұлдыз” роман-ертегісін қазақстандық жазушы, ақын әрі аудармашы Юрий Серебрянскийдің жалғастырып жазғаны туралы хабарлаған едік. Кеше Алматыдағы Меломан кітап дүкенінде “Қара жұлдыз” шығармасының қазақ және орыс тіліндегі тұсаукесері өтті. 

Оған бірлескен автор Юрий Серебрянский, баспа директоры Азмуханова Арзыгуль, Бақытжан Момышұлының жары, жазушы Зейнеп Ахметова, ұлы Ержан Момышұлы, журналистер және оқырмандар қатысты. 

Алғаш болып сөз алған Ержан Момышұлы кітаптың жалғасы қалай жазылғаны туралы айтып берді.

“Қателеспесем 2002-2003 жылдары әкем екеуміздің арамызда қазіргі балалар әдебиеті әлсіреп тұрғанын, фэнтези жанрындағы балалар шығармасы жоқ екені, балаларға арнап осындай шығармалар жазылу керектігі туралы сөз болды. Әкем бір шығарманың кейіпкерін ойлап жүргенін, жақында жазатынын айтты. Арада 2 апта өтер-өтпес осы “Қара жұлдыз” роман-ертегісін бастап кетті. Бірақ басқа жұмыстарына, жазбаларына көңіл бөліп, бұл шығарма толық бітпей қалды. Әкем 2012 жылы қайтқанда “Қара жұлдыз” тек жартылай ғана жазылған еді.

Арада бірнеше жыл өтіп, 2016 жылы мен Юрий Серебрянскиймен таныстым. Оның ертегілерін оқыдым. Юрий шығармалары мен әкемнің “Қара жұлдыз” ертегісінің арасында байланыс барын сездім де, “Қара жұлдыздың” жалғасын тек Юрий ғана жаза алатынын ойладым. Бұл идеяны анам да бірден қолдады. Осылай Юрий әкемнің шығармаларымен таныса бастады. Әрине, шығарманы жалғастырып жазу оңай болған жоқ. Бірақ, сіз ертегіні оқи отырып әкемнің жазуы қай жерден бітіп, Юрийдің жазуы қай жерден басталатынын білмей қаласыз. Бұл қос автордың шығармасы – біртұтас шығарма. Юрийге алғыс айтқым келеді”, - деді Ержан Момышұлы. 

Осыдан соң сөз алған Адольф Арцишевский шығарманың мінсіз жазылғанын, Юрий оны сәтті жалғастыра білгенін атап өтті.

“Шығарманы оқи отырып, бұл ертегі қай жанрда жазылғанын біле алмайсыз. Шығармада фэнтези де, фантастика да, халық тарихымен байланысып жатқан аңыз да бар. Талантты адам барлық салада да талантты болады екен. “Қара жұлдызда” авторлардың өзара үндестігі, айтқысы келген ойды "айқайламай" үнсіз ғана жеткізетін қасиеті бар. Осы шығармаға кіріспес бұрын Юрий шамамен бір жыл бойы Бақытжан Момышұлының жиырмадан астам кітабын зерделей оқып шықты. Ол барлық істерін кейінге қалдырып, Бақытжанның көркемдік әлемін, оның стилін, қажет болса, философиялық ізденістерін мұқият игерді. Біздің қарбаласқа толы күндерімізде бұл өте қымбат тұрады. Юрийдің әдебиетке сіңірген еңбегі игі болсын”, - деді Арцишевский.

Ал осыдан соң кітаптың жарыққа шығуына мұрындық болған “Книжный клуб” баспасының директоры Азмуханова Арзыгуль шығарманың қалай басылып шыққаны, қандай қиындықтарға тап болғаны туралы айтып өтті.

“Біз бұл шығарманы басып шығару үшін 3 жыл еңбек еттік. Алдымен атадан аттамай, Бауыржан Момышұлы басты кейіпкер болған Александр Бектің “Волоколамское шоссе" романын баспадан шығардық. Бұл бір өте қызықты жұмыс болды. Юриймен 2016 жылғы Астанадағы кітап көрмесінде таныстық. Кейін Алматыда кездескенде Юрий “Қара жұлдыз” жайлы, бітпей қалған шығарманы ары қарай жалғастырып жазуға ниетті екенін айтты. Біз қуана келістік”, - деді баспа директоры.

"Юрий сіздің осы кітапты жазу кезіндегі талай қиындықтарыңыз бен қызықтарыңызды, автормен тылсым байланыс орнағаны туралы сұқбатыңыздан оқып білдік. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз" деген оқырмандардың сұрағына Юрий Серебрянский жауап берді. 

Алдымен автор шығарманы жарыққа шығатына сенімді болғаны үшін жазғанын, өзіне сенген барлық адамдарға алғыс білдіретін айтып өтті. 

“Басқа жазушының ойын, оның стилін, тілі мен ырғағын түсіну өте күрделі міндет. Маған жазушының мұрагері, баспа және қандай да бір деңгейде автордың өзі берген шығармашылық бостандық, мәтінмен жұмыс жасаған екі жыл ішінде автормен өзара байланыс барын сезіндім (тіпті санамның екіге бөліну сәттеріне дейін), бұл бір жағынан шабыт, екінші жағынан қысым болды. Мәтіннің бір бетін жазғаннан қатты шаршап, бірнеше сағатқа ұйықтап кеткен кездерім де болды, бірақ менің күндізгі уақытта демалатын әдетім жоқ еді. Мен біртүрлі түстер көре бастадым, әрине, бұл осы кітаппен жұмыс істеу барысында оған толық бойлағанымның нәтижесі, өзге мәдениетте тәрбиеленіп өскен тұлғаға етене жақындау талпынысы”, - дейді әдебиетші Юрий Серебрянский.

Бұдан бөлек Юрий Серебрянский иллюстрацияның да әдемі жасалғанын, шығарма сонысымен де көркем екенін және ертегі екі тілде жарық көргендігіне қуанышты екендігін жеткізді.

"Қара жұлдызды" қазақ тіліне аударған Заря Жұмановаға алғысым шексіз. Менің басқа да шығармаларым қазақ тілінде басылып жатса қуанамын. Мен өзімді қазақстандық жазушы деп есептеймін. Шығармаларымның қазақ тілінде шығуы менің осы елде жазушы ретінде бар екенімді білдіретін бірден бір жол”, – деді жазушы  Серебрянский.


Тұсаукесер соңында оқырмандар автордан қолтаңба алып, бірге суретке түсті. 

Қос автор жайлы мәлімет:

Бақытжан Момышұлы 1941 жылы Алматы қаласында туған. Шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші, Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, "Ленинская смена" газетінде редактор болып істеген. "Жанымның жарық жұлдызы", "Когда ты рядом", "Во имя отца" т.б. отызға жуық кітаптардың авторы.  Ш.Мұртазаевтың “Табылған теңіз”, “Бұлтсыз күнгі найзағай” повестерін, Жұбан Молдағалиевтің, Дүкенбай Досжановтың, Оралхан Бөкеейдің, Қалдарбек Найманбаевтың, Кемел Тоқаевтың, т.б. жазушылардың шығармаларын аударған. Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Бірнеше медальдармен, “Құрмет” орденімен марапатталған.

Юрий Серебрянский – поляк ұлтынан шыққан қазақстандық жазушы, ақын әрі аудармашы. Қазақстандағы поляк диаспорасы журналының редакторы. Алты кітаптың, атап айтсақ, “Destination”, "Дорожная пастораль”, “Ломаный русский”, “Казахстанские сказки” кітаптарының авторы. Ресейдің “Русские Премии” жүлдесінің екі мәрте лауреаты. Қазақстандық Пен-клуб мүшесі. Алматыдағы ашық әдеби мектепте және Айова университетінде шығармашылық семинарлар жүргізеді. Шығармалары ағылшын, поляк, қытай, араб, неміс тілдеріне аударылған.

Т. Раушанұлы