- Негізгі бет
- Проза
- Әдебиет саласы бойынша...
Әдебиет саласы бойынша "Нобель" сыйлығын алған математик
Альфред Нобель өсиеті бойынша бұл атақты сыйлық математиктерге берілмейді. Бірақ математиктердің ішінен бұл сыйлықты иеленген адам бар. Тек ол матемика ғылымына қосқан үлесі үшін емес, әдебиетке қосқан үлесі үшін "Нобель" сыйлығын иеленген.
Ағылшынның көрнекті философы, логигі, қоғам қайраткері Бертран Рассел 1872 жылы 18 мамырда Уэльстің Гвент графтығында дүниеге келген. Оның әкесі Джон Рассел ХVІ ғасырдан бері Ұлыбритания саясатына араласып келе жатқан атақты әулеттің ұрпағы.
Рассел екі жасқа толғанда анасы мен қарындасы қайтыс болған. Арада бір жыл өтіп әкесі де о дүниеге аттанған. Ағасы екеуі Пембрук-Лоджда тұратын әпкесінің үйіне барып, неміс тәрбиеші мен ағылшын оқытушысының қарауында өседі.
18 жасында Бертран Кембридж университетінің Тринити колледжіне түсіп, 1894 жылы өнер бакалавры дәрежесін алды. Мак-Таггарт оны Гегельдің идеалистік философиясымен таныстырды, бірақ жас ғалым Мурдың аналитикалық философиясы саласындағы зерттеулерге көбірек қызығушылық танытты. Джон Локк пен Дэвид Юм философиясындағы ағылшын эмпиризмінің өзіндік дәстүріне сүйенген ол 1895 жылы Тринити колледжінің ғылыми қоғамдастығының мүшесі болып сайланады, ал 1897 жылы “Геометрия негіздері туралы” (“An Essay on the Foundations of Geometry”) диссертация жазды.
Расселдің математикалық логика мен қатынастар логикасы жөніндегі еңбектері логика ғылымына енген зор үлес болды. Ол қазіргі заманғы логикалық символиканың тілін жасауда қыруар еңбек сіңірді.
Рассел жаратылыстанудың философиялық мәселелері жайында көптеген еңбектер жазды. Ол философия өзінің зерттейтін мәселелерін жаратылыстанудан табады, философияның міндеті – жаратылыстанудың принциптері мен ұғымдарын талдап түсіндіру деп санады. Адамның сезетіні – “факт” немесе “фактілер” агрегаты. Фактіні ол физикалық та, психикалық та емес, бейтарап деп санады. Таным теориясында ғалым материалистік бейнелеу теориясын мойындамай, оның орнына скептицизм философиясын ұсынды.
1950 жылы “Белгісіз очерктер" жинағы жарияланған жылы ол әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алды. Швед академиясының мүшесі Андерс Остерлинг Расселді “рационализм мен гуманизмнің ең жарқын өкілдерінің бірі, батыстағы сөз бостандығы мен ой еркіндігі үшін батыл күрескер” деп атады.
Философ өмір бойы соғысқа қарсы болып, адамгершілік пен гуманизмді насихаттауға қызмет етті. Ол еркін сауда және империализмге қарсы болғандарды қолдады. Бейбітшіліксүйгіштігі салдарынан Бірінші Дүниежүзілік соғысы барысында түрмеге қамалды. Екінші Дүниежүзілік соғысында Гитлерге қарсы компаниялар ұйымдастырған Бертран Рассел Вьетнам соғысына байланысты АҚШ үкіметін айыптады. Атомдық қарулануға да қарсы болған Расселдің соңғы әрекетінің бірі де Израильдың Орташығыстағы елдерге қарсы ұстанған саясатын сынға тартқан хаттама жариялауы еді.
Рассел бейбітшілік үшін демонстрацияларға, бейбітшілікті жақтаушылардың конференцияларына қатысты. 1954 жылдан бастап, сутегі бомбасы алғашқы сынақтан өткеннен кейін, философ ядролық қарусыздану идеясын жақтады, Ядролық қарусыздану қозғалысына (1958) және “Жүз комитетке” (I960) мүше болды. 1961 жылы ол парламент алдындағы демонстрация кезінде тәртіпсіздік жасағаны үшін қысқа мерзімге бас бостандығынан айырылды. 1962 жылы Куба дағдарысы кезінде АҚШ президенті Кеннеди мен Кеңес Одағы басшысы Хрущевке бейбіт келіссөздер өткізу туралы ұсыныс жасады.
1963 жылы Рассел “Жүз комитеттен” кетіп, Бейбітшілік және Атлант бейбітшілік қорының, ядролық қару жарысымен күресетін бейбітшіліксүйгіш күштер ұйымдарының жұмыстарына белсенді қатысады. 60-жылдардың аяғында Сартрмен және басқа әйгілі қайраткерлермен бірге соғысқа қарсы комиссия құрды.
Расселдің ғылыми және әдеби қызметін бағалау кезінде сыншылар, әдетте, ұлы философтың тарихта қалатын өте қайшылықты саяси қайраткер болғанын баса айтады. Философтың өмірбаянының екінші томына шолу жасаған ағылшын сыншысы Майкл Холройд ол туралы “біздің ғасырдағы ең керемет құбылыстардың бірі... оның өмір жолы таңқаларлық парадокстардан құралған” деп жазды.
“Нобель комитеті оны әдебиет саласындағы сыйлықққа лайық деп табуы кездейсоқтық емес. Ол әйгілі отандастары, ежелгі философтар сияқты, ағылшын прозасының шебері”, - деп жазды Эдман.
Әйгілі философ, математик Бертран Рассел 1970 жылы тұмаудан көз жұмды.
Т. Раушанұлы