- Негізгі бет
- Проза
- Әдебиет саласы бойынша...
Әдебиет саласы бойынша "Нобель" алған жалғыз тарихшы
Құрметті оқырман, алдыңғы аптадағы Нобель сыйлығының лауреттары дәстүрін жалғай отырып, сіздерге екінші Нобель сыйлығын иеленген Теодор Моммзен жайлы жазып отырмыз. Қызығы сол, Моммзен әдебиетші емес, өлең де, проза да, сын да жазбаған. Бірақ, әдебиет саласы бойынша сол сыйлыққа лауреат атанған. Бұл жайт тарихта Моммзеннің әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған жалғыз тарихшы боп қалуына себепкер болып отыр.
Теодор Моммзен 1817 жылы сол уақытта Данияға қарайтын Шлезвиг қаласында дүниеге келген. Теодор Киль университетінің заң факультетінде білім алып, сол оқу ордасында диссертациясын қорғады. 1844-47 жылдары Италияда саяхаттап, латын, италия тілдерін зерттеумен айналысады. Ол еңбектерін Италия мен Германиядағы бірқатар баспасөз беттерінде жариялайды.
1847 жылы өз мемлекетінің саясатына араласып, Шлезвигтің Германияға қосылуын жақтайды. Саяси ойындарға белсене араласқаны үшін оны Лейпциг университеті профессор атағынан айырып, жұмыстан шығарады. 1852 жылы Цюрих университеті заң кафедрасына басшы етіп тағайындалады. Кейіннен Берлинге келіп, Берлин университеті ежелгі тарих кафедрасының профессоры болады. Теодор жемісті еңбегінің арқасында көп өтпей Берлин ғылым академиясының мүшесі атанады. 1873 жылы Пруст палатасында депутат болып, ұлттық-либералдар құрамына өтеді.
Теодор жас күнінен түрлі ғылыммен айналысты, көптеген тіл үйренді. Тіпті поэзиға да араласып, университет қабырғасында жүріп ағасы бірнеше достарымен бірге өлең жинағын да шығарады. Десе де, Теодорға тарихшы ретінде қарау керек. Ол өзінің капиталистік көзқарастағы бірқатар шығармаларымен тарих, филология, құқық ғылымдарына үлес қосты.
1887 жылы 70 жылдық мерейтойына байланысты таңдамалы шығармалар көптомдығы баспа бетін көрді. Сол кездегі баспасөздер "Оның ғылыми шығармаларына баға беруге бір кісінің таланты жеткіліксіз" деп жазды. Мерейтойына байланысты Берлин Ғылым академиясының құттықтау хатында мынадай жолдар бар еді: «Сіздің ежелгі тарих, археология, эпиграфия, филология, орта ғасырлар тарихы саласында жеткен жетістігіңіз, жазған шығармаларыңыз, тіпті, бір дәуірдегі бүтін бір буын қайталай алмас туынды».
Шындығында да, оның осы ғылымдарға қосқан еңбегі, көлем жағынан да, мазмұн жағынан да өз замандастарынан көп озық. Бұл Еуропа ғылым тарихына қосылған үлкен мұра деп бағалау керек. Моммзеннің еңбегінің аса маңыздысы эпиграфия саласына қатысты еңбектері.
Оның 1850 жылы баспа бетін көрген «Die unteriatalishen Dialekte» шығармасы әлі бұл ғылым саласы енді бүршік ата бастағанда, ол көптеген италиялық көне сөздерді жиып, оған қатысты түсіндірмелер берген. 1852 жылы жарыққа шыққан «Inscriptiones regoi Neapolitani Latinae» шығармасы Рим империясы барлық мемлекеттері латын жазуының жарыққа шығуына, сонымен бірге Берлин ғылым академиясының бұл саладағы ғылыми ізденістерін біршама алға жетелеуге себеп болған.
Моммзеннің «Рим тарихы» еңбегі әлемнің бірнеше тіліне аударылып, жеті рет баспа бетін көрді. Шығарманың 1854-1856 жылдарда алғашқы 3 томдығы жарыққа шығып, Римнің империя боп құрылғанға дейінгі кезеңін қамтиды. Берлин Ғылым академиясы Момзеннің бұл еңбегін шығармашылық һәм ғылыми жағынан алып қарағанда осы ғылым саласындағы айтулы жаңалық деп бағалады. Көпшіліктің ықыласына бөленген шығармаға сын айтушылар да табылды.
Мысалы, Моммзеннің Этруск тайпаларының Рим Империясы мәдениетіне қосқан үлесін жоққа шығаруы үлкен қателік деп есептеді. Бұндай шешім Моммзеннің субъективті пікірі деп қарайтындар да бар. Арадан 30 жыл өтіп III томдықтан соң Рим тарихының V томы жазылады. Ал, IV том жазылмай қалған. Бұл туралы дау өте көп. Дауласушылардың пікірі екі жаққа бөлінген болып, бір тобы IV том жазылған бірақ, 1880 жылы Моммзеннің үйінен өрт шығып кітапханасы түгелдей отқа оранған кезде өртеніп кеткен деп есептесе, екінші жақ IV том мүлде жазылмаған деп есептейді.
Шындығында Моммзендей сирек таланттың айналасында көп дау болып, ізінен аңыз еретіні сөзсіз. Оның түрлі ғылым саласында төккен терінің дәмін ащы не тұщы деп айту да, ол туралы біржақты пікір білдіру де оңай емес. Көргендер оны аса талантты, бес аспап, сөзге өте шешен кісі еді дейді. «Рим тарихы» шығармасы аса шеберлікпен жазылғанымен бірге, тілі де өте шұрайлы еді. Бәлкім содан болар, көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөленіп, ғалымдар арасында бірден жоғары баға алды.
1902 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына Теодор Моммзен лайық деп табылды. Жас күнінде өлең жазса да, ол ақын не жазушы емес. Бірақ тіл байлығы, ғылыми дәлдігі жағынан шығармалары анау-мынау әдеби шығармаға бергісіз еді.
Сонымен, екінші Нобель сыйлығын әлі әдебиет әлемінде шығармалары тұғырдан түспей, атағы күн сәулесіндей құрлықтан құрлыққа таралып тұрған Толстой емес, «ірі ғылыми және әдеби шығармалары үшін» Моммзен алды. Көптеген әдебиетші бірінші Нобель сыйлығы Толстойға берілмегеніне наразы болып, екіншісі беріледі деген ойдан көп үмітті болатын. Біз алдыңғы материалда жазғанымыздай бұл уақытта «Жарық алаңқай қарты» Нобель сыйлығынан мүлде бас тартқан болатын.
Т. Раушанұлы