Сlaqueur (әңгіме жалғасы)

БАСЫ

Уақыт өз дегенін жасайды. Мәңгі қозғалыста болады. Сонымен бірге адам да қозғалады. Қасым күн сайын ақша тауып, айына қомақты қаражат түсіре бастады. Ойында ақша және жұмыс. Бақыта толы күндерінде есеп жоқ. Үйіне ақша салып, ата-анасын да қуанта бастады. Бірақ жұмысы жайында ешкім тыс жарған емес. Себебі келісім солай. Қанша ма ақынды, жазушыны, режиссерді көрді. Таныды, білді. Кезекті тапсырыс түсті:

-         Ало, бұл клакер Қасым ба?

-         Иә, тыңдап тұрмын.

-         Жұмыс бар

-         Білесіз ғой, бағаны.

-         Қанша еді?

-         Жиырма мың теңгеден басталады.

-         Жақсы, келістік. Бүгін кешке үлкен мейрамханада кеш өтеді. Дастархан жайылады. Сол жерде мен сөз сөйлеймін. Сен өз міндетіңді білесің.

-         Келістік!

Көліктен түсе салып, алдында тұрған қымбат әрі үлкен мейрамхананы көрді. Іштей түйгені беделді адам болса керек. Келіп жатқан қонақтардың бәрі арзан қол адамдар емес. Бір-бір көліктен түсіп жатқандар. Ішке енгені сол екен, адам өте көп. Қасым өзінің дирижерлік әдетіне салуға дайын отыр. Ортаға жайғасып алған Қасым бастығы бұйырған тапсырыс бойынша екі алақанын сылап-сипап отыр. Сахнаға өзіне тапсырыс берген адам шығып сөйлеуге бет алды. Сөз соңы бітуге жақындаған сәтте:

-         Керемет! Шедевр!-деп, Қасым орнынан атып тұрды. Залда отырған адамдар түсінбей қалса керек, ешкім бұрынғыдай бас салып шапалақ соққан жоқ. Бәрі Қасымға қарап, бұл кім дегендей мойын бұрды. Қасым ешкімге мән берген жоқ. Шапалағын соғуды жалғастыра берді. Өз жұмысын аяқтаған соң, сөз сөйлеген дөкейге барып, өз ақысын алды да үйіне қайтты. Бұл жолы көңілі тоқ емес. Әлденеге алаң. Ойы бұзылды. Тіпті өзін ыңғайсыз сезіне бастады. Есіктен үйге кіре салып, айнаға жүгірді.

-         Айна, мен не істеп жүрмін?

-         ...

-         Жамандыққа да, жақсылыққа да жақтасып жүрмін. Мен клакермін. Бірақ менің қоғамдағы орным қандай? Құдды бір соқыр ішек секілдімін. Керек емес кезде лақтырып тастайтын. Жоқ, тоқта мен неге мұндай ойға қамалып қалдым. Мен нені дұрыс жасамадым?

-         Бәрін!

-         ... а?

-         Сен бәрін дұрыс жасамадың!

-         Құдай-ау, сен сөйлейсің бе? Жоқ мүмкін емес.

-         Мен сенмін Қасым. Сенің арыңмын. Сөйлеп тұрған айна емес, мен арыңмын!

-         Арым?

-         Иә, сенің әр кеште соққан шапалағың үшін іште жатып ұялатын ұятыңмын.

-         Не үшін ұяласың?

-         Сен кімге, не үшін, қандай сөзге, өлеңге шапалақ соққаныңды білесің бе?

-         Әрине. Тапсырыс берушінің сөзіне, өлеңіне, қойылымына соқтым.

-         Ақымақ! Сен қоғамдағы жетістікке арзан жолмен жеткісі келетін арзан өлеңге, арзан сөзге, арзан қойылыма шапалақ соғып жүрсің.

-         Қалай сонда?

-         Клакер өнер екені анық. Бірақ өнер адалдыққа жұмыс жасау керек. Ал сен ше?

-         Мен...?

-         Иә, сен! Әділетсіздік жолында күресіп жүрсің. Сені қажытқан жұмыссыздық еді, бірақ сен жұмыс емес ақша, қажеттілік үшін басыңды бәйгеге тіктің. Одан қалды арыңды ұмытып кеттің.

-         Не айтып кеттің?

-         Ең алғаш барған ақының мықты болса неге халықтың ықыласына өзі бөленбейді. Неге сен арқылы қошемет жинау керек? Неге саған ақша беріп, ол өз өнерін бағалау керек?

-         ...

-         Режиссердің қойылмы жайында айтайын. Сен тіпті оны көрген де жоқсың. Тек кезегіңді күттің. Шапалақ соғуға дайын отырдың. Сен шынайы өнерді бағалаудың орнына жеңіл дүниеге баға бердің. Қос қолың түскенше шапалақ соғып, аз ақшаның белінен бастың.

-         Тоқтат болды!

-         Жоқ! Сенің мұның әділетсіздік. Клакер болып жұмыс жасап, қоғамда бір жетістікке жетіп жүрмін десең, байып кеттім десең, қателестің. Сен белгілі бір жерге жеткен кезде құлдырап кеткен адамсың. Сен арыңнан, абыройыңнан айрылып қалғансың. Сезбейсің де! Сенің «Клакер Қасым» деп шақыратынын білесің, бірақ мән бермейсің. Себебі сен үшін бастысы арзан жұмыс, көп ақша. Солай ма?

-         Иә солай! Себебі жыл бойы жұмыс таба алмай, жалғыздықта қалған, достан да дұшпаннан да қайыр болмаған менің күйімді кешіп көрген жоқсың.

-         Мен сенің арыңмын! Мен сенімен туғалы біргемін. Күйіңді кешпек түгілі, сен үшін от болып өртеніп жүрмін. Бірақ бір сәт болсын маған мойын бұрған емессің. Сен қазір қоғамдағы екі жүзді адамсың. Себебі сен жақсыға да, жаманға да жақтасып шапалақ соғасың. Сенің шапалағыңның құны он мың теңге болғанымен, сахнада өнер көрсетіп тұрған бастығыңның құны он теңгеге де татымайды. Ал сен не істеп жүрсің, қоғамға керек адал адамдардың нанын жеп жүрсің. Сен бір сөзбен айтқан кезде, көпшілік үшін емес, жеке бас үшін жұмыс жасап жүрсің.

-         Әлі де түсіне алар емеспін? Жұмысым бар. Ақша тауып жүрмін. Несі айып?

-         Абыройың! Сен кім едің? Сен руханият үшін жұмыс жасайтын маман едің. Сен Қасымсың. Ісіңді қойшы, атыңа да лайық бола алмадың. Әрине мен сені бұған жазғыра алмаймын. Себебі сананы тұрмыс билеген заманда бәрі де мүмкін, клакер Қасым!

-         Олай атама!

-         Өкінішті, сені солай атаймын, атаймыз. Сен ешкім емессің. Сен жай ғана бір сәттік арын ойламайтын, қажеттілік үшін жан беріп жүрген жансың.

-         Маған не істе дейсің  енді?

-         Ештеңе. Бәрі кеш. Бәлкім сен шапалақ соққан залдағы адамдардың бірі ертең сені жұмысқа шақыруы мүмкін. Бірақ саған олардың қалай қарайтынын өзің сезіп тұрған боларсың.

-         Түсінікті. Сонда менің жыл бойына сүйреп жүрген дипломның берген сыйы осы ма? Абыройдан айрылып қалсам да, арымнан аттап өтсем де қоғамда бармын. Жасап жатырмын, достарымның алдымын. Менде бәрі бар. Мен қазір элита үшін, белгілі тұлғалар үшін таптырмас адаммын. Біліп қой!

-         Білемін. Күнде көремін. Бірақ сенің сол адамдарға қарап жағымпаздық танытқан кейпіңді көріп, аяп кетемін. Сенің өмірлік мақсатың ше, арманың бәрі ада қалды ма?

-         Өмірлік мақсатымды бір жыл бұрын ұрлатып қойғанмын. Мен үшін қазір бастысы өлместің қамын жасау. Әр шапалағым ақша, әр сөзім ақша. Маңыздысы осы!

-         Әдебиет – ардың ісі. Өнер де солай. Ал ардан аттап кеткендердің шапалағын қоғам көтере алмайды. Біреуге ақша үшін соққан шапалағың  өзіңнің бетіңе келіп тимесін десең, ойлан! Арғы бөлмеден қоңырау дауысы естілді. Қасым айна алдындағы шынайы келбетін тастап, жүгіріп телефонға жармасты.

-         Клакер Қасым ба?

-         Дәл өзі!

-         Ертең менің сайлау алды есеп беретін күнім. Тапсырыс қабылайсың ба?

-         Әрине.

-         Мың доллар!

-         ... Мың... долларрр... Келістік!

Қасым арына құлақ асқан жоқ. Көз алдында доллардың суреті елестей берді. Күні ертең Қасым айтқан жерге барып орнына жайғасты. Адам бұрынғыдан да көп. Кенет мінбеге көтерілген адамға қарап Қасымның көзі шарасынан шығып кете жаздады. Өзіне ең бірінші жұмыс ұсынған ақын, бүгін сайлауға қатысып, сөз сөйледі. Қасым орынан бір-екі рет тұрып шапалақ ұрмақ болып барып тоқтады. Себебі мұның бүгінгі бастығы ол емес, басқа адам. Сөз бітіп, ел шапалақ соғып, қолдайтындарын алға тартты. Келесі кезең Қасымның бастығына келді. Есеп беру басталды. Қасым шапалақ соққан жоқ, орынан тұра алған жоқ. Ішінде жатқан ұяты енді оянды. «Қалай? Қалай тұрып шапалақ соғамын, құдай-ау, ақынға қай бетіммен қараймын, не істеу керек? Абырой әлде ақша...» деп мазасынданып отырған Қасымға мінбеде тұрған бастығы шүйліге қарады. Келісім – ең күшті қару. Келістің бе істеу керек. Ақыры орынан тұрып шапалақ соқты, «Керемет!» деп айғай да салды.  Көпшіліктен дара тұрып айғай салған Қасымға ең бірінші ақынның көзі түсті. Екеуінің арасындағы үнсіз диалогтың қандай ауыр екенін көз жанарларынан көруге болады. Сайлау аяқталып, Қасым мінбеге келе алмады. Ақшасын да алған жоқ. Үйіне қайтты.

Есіктен кірген қасымды үйде күтіп отырған достары қарсы алды. Ол бүгін өзінің туған күні екенін де ұмытып кеткен. Құлазып кірген бетте достарына өтірік күлген сыңай танытып, жайылып тұрған дастарханға жайғасты. Бәрі отырған соң, тілектер айтылып шапалақ соғылды. Мақтаулар айтылды:

-         Керемет! Біздің Қасым жарады!

-         Ду қол шапалақ!

 

Бәрі көлңілді. Тек Қасым ғана ішінен ойланып, дал болып отыр. Себебі өзіне айтылып жатқан тілектер мен соғылып жатқан шапалақтардың қаншылықты шынайы екені алаңдатады... Шапалақтың дауысы қатты соғылған сайын, Қасым сол пәтерінде әлі жалғыз екенін сезінді. Телефон шыр ете түсті:

-         Клакер Қасым ба екен?

-         Иә, тыңдап тұрмын!

-         Ақшаңызды алып кетсеңіз, бастық ұмытып кеткен секілді.

-         Қандай ақша?

-         Бүгінгі мың долларыңыз! Қасым дастарханнан тұрып, жуынатын бөлмеге келді. Айна алдына келіп ұзақ қарады. Айнаның ар жағында Қасым, бер жағында клакер Қасым...

Марғұлан Ақан