4 жылдық үзілістен кейін "Нобель" сыйлығын алған кім?

4 жылдық үзілістен кейін "Нобель" сыйлығын алған кім?

Даниялық жазушы Йоханес Вильхельм Йенсен (Jensen, Johannes Vilhelm) 1873 жылы Химмерлендтегі Фарсо қаласында өмірге келген. Саяхатты жақсы көрген болашақ жазушы бала кезінен-ақ Химмерлендтің табиғат аясында әдеби кітаптарды оқуды ұнатқан. 11 жасына дейін анасы Мария Кристин мектепке білім алуға береді. Жеке ұстаздардан сабақ алған Йенсен 1890 жылы Виборг кафедрал мектебінде білім алады.

3 жылдан соң Копенгаген университетінің студенті атанады. Ол жоғары оқу орнында жүріп дәрігерлікті үйренгенімен, бәрінен де әдебиет жанына жақын болған. Йоханес даниялық қаламгерлерден басқа Гейне, Золя, Шекспир шығармаларын мұқият оқиды. Сол кезде енді әдебиетке аяқ басқан Кнут Гамсунның алғашқы романы оған үлкен әсер қалдырады. Бірақ оның жазушы болып қалыптасуына Киплинг шығармаларының рөлі зор болған. 

©vejlebib.dk
Студент кезінде нан табу үшін ол Ивар Люкке бүркеншік атымен детектив шығармалары жазады. Алғашқы "Даниялықтар" ("Danskere", 1896) романы оған Американы саяхаттауға мүмкіндік беретіндей қаржы әкеледі. Сапардан келгеннен соң жаңа өмірге ұмтылған жас жігіт туралы "Эйнар Элькьер" ("Einar Elkjær", 1898) романын жарыққа шығарады. Шығарма жылы қабылданғанымен, осыдан соң Йенсен өзінің өмірінен дерек беретін шығармалар жазуды тоқтатады. 

Бұл уақытта Йенсен әдебиеттегі өз орнын таба бастаған жазушылардың біріне айналып, медицинадан біржола қол үзіп, "Саясат" деп аталатын газетке жұмысқа кіреді. 

Жазушының "Химмерландықтар" ("Himmerlandsfolk", 1898), "Жаңа Химмерланд тарихы" ("Nye Himmerlandschistorier", 1904), "Химмерланд тарихы. Үшінші том" ("Himmerlandschistorier. Tredie Samling", 1910) шығармалары туған өлкесінің әдет-ғұрыптары мен өмір тәрізін суреттейді. Бұл шығармалардан соң жазушы сыншылардың назарына іліге бастайды. Йенсен тек проза ғана емес, өлеңге де із салған ақын. Оның 1906 жылы "Өлеңдер" ("Digte", 1906) деп аталатын кітабы оқырмандарға жол тартады. 

1912 жылы Шри-Ланка, Сингапур, Бейжің, Монғолия, Нью-Йорк қалаларын 2 жыл саяхаттаған жазушы 1914 жылы Копенгагенге қайтып келеді. Сапары туралы "Дәуіріміздің басталуы"  ("Introduktion til vor Tidsalder", 1915) романын жазады. 

©filmcentralen.dk
1922-24 жылдары қаламгердің алты томдық шығармалары "Ұзақ саяхат" ("Den lange Rejse", 1922—1924) деген атпен баспа жүзін көреді. 1925 жылы ол Мысыр,, Солтүстік Африка жерін аралауға шығады. 1928 жылы "Сана кезеңі" ("Andens Stadier", 1928) деген атпен жаңа кітабын жарыққа шығарады. 

1939 жылы Нью-Йоркке барған жазушы денсаулығының сыр беруіне байланысты жедел түрде Данияға қайтады. Саясаттан тыс болса да фашизмді қаралаған бірқатар шығармалар жазады. Гитлер Данияны жаулап алған соң күнделігін жойып жіберуге мәжбүр болады. 

1944 жылы Швед академиктері Йоханес Вильхелм Йенсенді "Поэмалық сөз қорының байлығы мен ерекше күші, қиялдау үйлесімі мен зияткер білімқұмарлылығы және өзіндік шығармашылық стилі үшін" "Нобель" сыйлығына лайық деп табады. Екінші дүние жүзілік соғыс салдарынан сыйлық салтанатты түрде тапсырылмаған. Бірақ, Америка-Скандинавия қоры есебінен мол дастархан жайылады. 

Жазушы 1950 жылы Копенгагенде қайтыс болған. 

Айта кетейік, 1939 жылы Фин жазушысы Франс Эмиль Силланпяядан кейін Екінші дүние жүзілік соғысқа байланысты 1940-43 жылдар аралығында "Нобель" сыйлығы ешкімге берілмеген.  

Т. Раушанұлы