Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына арналған мерейтой қорытындыланды

Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына арналған мерейтой қорытындыланды
Фото: Жанат Жаңқашұлы

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының әкімдігі, Байғанин ауданының әкімдігі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, "Ақтөбе Медиа" ЖШС, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдық мерейтойына орай өткізген республикалық жыр мүшәйрасы мәресіне жетті. 

Жыр додасына қатысатын ақындар төмендегі үш тақырып бойынша бұрын жарияланбаған өлеңдерін жолдады:

• "Өзгеше өрілген ғұмыр" (Ө.Нұрғалиев туралы өлеңдер); 
• "Құтты мекен – Ақтөбе"; 
• Еркін тақырып. 

40 жасқа дейінгі ақындар қатысқан аталған байқауда жүзден жүйрік шығып, бас жүлдені Гүлімай Әбіш (500 мың теңге) қанжығасына байласа, бірінші орынды қарағандылық ақын Жанат Жаңқашұлы (400 000 теңге) , екінші орынды түркістандық ақын Үмітбек Бағдат (300 теңге), үшінші орынды маңғыстаулық ақын Асылбек Жаңбырбай (200 мың теңге) иеленді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтан бөлек алғыс хатымен де марапатталды.

Бұдан басқа Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде "Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы: Әдеби болмыс және дәуір шындығы" атты конференция өтті. Студенттер сарайында өткен бұл конференцияның пленарлық мәжілісіне осы мерейтойға орай Астана мен Алматыдан, еліміздің басқа өңірлері мен шетелдерден келген қаламгерлер мен ғалымдар, ақынның туыстары, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты. 

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хатын табыстады. Ақын мерейтойына арналған шараларға қатысу үшін, Астанадан арнайы келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердина да көпшілікке өз лебізін жеткізіп, министр Ерлан Сағадиевтің құттықтау хатын оқып берді.

Жиын барысында көпшілікке осы мерейтойға орай жарыққа шыққан кітаптар таныстырылды: біріншісі — Өтежан ақын туралы мақалалар мен естеліктер, сондай-ақ ақынның басылымдарға берген сұхбаттары топтастырылған "Өтежан" атты кітап; екіншісі — Өтежан ақынға арналған өлеңдерден құралған "Сыймай кеткен қалыпқа" атты кітап. 

Конференцияда жазушы Шәрбану Бисенова, ақын Ертай Ашықбаев, ақын Есенғали Раушанов, жазушы Мәди Айымбетов, Түркияның Кастамону университетінің профессоры Орхон Сойлемез, Өтежанның университетте бірге оқыған курстасы, белгілі журналист Идош Асқар, ақын Жанат Әскербекқызы, ақын Светқали Нұржанов, т.б. баяндама оқып, сөз сөйледі. 

Бұдан кейін конференция "Қазіргі қазақ лирикасы және Ө.Нұрғалиев шығармашылығы", "Ө.Нұрғалиев шығармашылығындағы дүниетаным және руханият мәселесі" және басқа да тақырыптарда секциялық мәжілістермен жалғасты. 

Мерейтой аясында, сондай-ақ, "Өтежан-ғұмыр" атты республикалық поэзия марафоны, "Өтежан оқулары" атты облыстық мәнерлеп оқу байқауы өтіп, "Өтежан өлеңдері" атты бейнепоэзия эстафетасы мен мерейтойға орай ұйымдастырылған республикалық жыр мүшәйрасы қорытындыланды. 


Елбасы "Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана", – деген еді. Ендеше кеше ғана өмірден өткен Өтежан Нұрғалиев та аталған ұлылар ізін жалғастырған ақын, журналист, қоғам өміріне алаңдаған тұлға болды. Оның атындағы мерейтойды өткізудегі мақсат ақынның шығармашылығын насихаттау, Ақтөбе өңірінің рухани әлеуетін дәріптеу, жас таланттардың шығармашылығын қолдау еді.

Т. Раушанұлы