- Негізгі бет
- Поэзия
- Мұқағалидің Абайға арнаған...
Мұқағалидің Абайға арнаған жаңа өлеңі табылды
Мұқағалидың Абайға арнаған жаңа өлеңі табылды. Бұл туралы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-музейі өзінің Facebook парақшасында жариялады.
«Музей мұрағатында жинақталған газет-журнал тігінділерін ақтару үстінде ұлы ақын Мұқағалидің «Дала данышпаны» деген өлеңі көзге оттай басылды! Біздің білуімізше, бұл өлең Мұқағали шығармалар жинақтарында бұрын-соңды жарияланбаған. Сондықтан қазақтың XIX ғасырда өмір сүрген ұлы ақынына XX ғасырда ғұмыр кешкен тағы бір ұлы ақынның ерекше құрметпен мақтаныш сезімі тұнған өлеңін жариялауға асықтық», — деп жазылған парақшада.
Дала данышпаны
Дала жатыр – өн бойы тұнған өлең,
Абай, міне, жапанда тұрған емен.
Ата сөзі тербеткен бесігімді,
Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.
...Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,
(Мен емес, солай деген Аталарым).
Сол ұранды ұрпаққа апарамын,
Мен қазақ – Абай болып атанамын.
Уһ, дала!
Дала толған көл-көсір жыр,
Дала – қобыз тұтпайды пернесін кір.
Тірі Абайды әлдиле, дархан далам,
Өлең селі өңірді тербесін бір.
Дала, дала...
Сал – дала селеулеген,
Жырмен ұйықтап, оянған өлеңменен.
Дала деген – күй сандық бұл қазаққа,
Абай десе құлағы елеңдеген.
Жылдар, жылдар...
Қаншама алыстадық,
Қаншама өзен өзгертті ағыстарын.
Уақыт озды, сен бірақ қалыспадың,
Уа, армысың, арысым, данышпаным!
Мұқағали Мақатаев,
«Қазақ әдебиеті», 13 тамыз, 1965ж.