Мерей Қарттың балаларға арналған өлеңдері

Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Мерей Қарттың балаларға арналған өлеңдерін ұсынамыз.

Мерей Қарт: "Қала деген – қорғансыздар қабірі"

ҚЫЗАНАҚ
 
Толтырамын қабыма,
Қызанақтар қызарды.
Әжеміздің қолы да,
Бізді жұмсап ұзарды.
 
Бау­бақшамыз көп көрім,
Қызығына батамыз.
Қызанақтың көктерін
«жұлма» ­ дейді атамыз!
 
Қызанақтың түрі көп,
Қызықтырар кісіні.
Қуанамыз ірі деп,
Мол болғанда түсімі.
 
Бақшамызды жиі аңсап,
Желбірейді жейдемңіз.
Қызарамыз ұялсақ,
Қызанақтай кейде біз!
 
АЛМА
 
Қызыл алма,
Дәмін тат, үзіп ал да.
Талды сілкіп, төменге түсір бәрін,
Күн қатты бұзыларда.
 
Көк алма,
Қос қолыңа көп ал да.
Көңілденсін көп балаға үлестір, 
Ойнап жүрген көгалда.
 
Сары алма,
Кезек жетті саған да.
Қызыл, көгі, сарысы,
Өсе берсін даламда.

БҮРКІТ
 
Бір жаста - ақүрпек балапан,
Қанаты қатпаған.
Ұяда атады ала таң,
Тырнағы әлсіздеу, ақтабан.
 
Екі жас толғанда тірнек деп,
Атауы жаңғырған.
Қазағым қыранды құрметтеп,
Қолына қондырған.
 
Үш жаста атанар тастүлек,
Қантүбіт немесе.
Ұшқанда соқтырар тасқын леп,
Зулайды жебеше!
 
Төрт жаста жұмыртқа басады,
Ұябасар қырағы.
Қиядан құлайды осалы,
Самғайды қыраны.
 
Алты жас атанар көктүбіт,
Бүркітті аңдаса.
Көзінде жанады отты үміт,
Биікте самғаса.
 
Жеті жас – қамтүлек қарулы,
Сегіз жас –  жаңа деп.
Тоғыз жас – майтүбіт арынды,
Қомағай, жара бет.
 
Он жаста барын деп атайды,
Он бір жас – ақ  түлек.
Қанаты темірдей қатайды,
Құздарға көп түнеп.
 
Он екі ақырғы түлегі,
Шөгел деп атайды.
Өзгеріп ұшқаны, түр-өңі,
Маңайын отайды.
 
Шөгел боп ұшады үш жылдай,
Он бесте – сұмтүлек.
Көзінен от кетер ұшқындай,
Ін аузын тінткілеп.
 
Бес жылдай сұмтүлек болады,
Мола дер жиырмада.
Қартайса аласа қонады,
Ұшады қинала.
 
Түскісі келмейді төменге,
Құз-жартас тұрағы.
Биіктен құлайды өлерде,
Бүркіттің  қыраны.
 
Қазақстан
 
Тастай  берік тақымы,
Аттан түспес батыры.
Сөзі мірдің оғындай,
Сөйлей қалса Ақыны!
 
Қазақ елі жаңарды,
Құт толтырды даламды.
Ғұламалар, ғалымдар.
Мойындатты ғаламды.
 
Күнім жақсы бүгінгі,
Дұшпан күйді, түңілді.
Желбіретті биіктен,
Спортшылар туымды.
 
Тәуелсіздік сенерім,
Тәңір өзі жебедің!
Қарыштайды әлі де,
Қазақстан өр, елім!
 
ДОМБЫРА
 
Бабадан қалған мол мұра,
Үзілмей жеткен бүгінге.
Тоғыз пернелі домбыра,
Рух бар қоңыр үнінде.
 
Шеткенде шебер шешілер,
Шаршы топтағы шешендей.
Тұлпардай кейде көсілер,
Күмбірлер бірде көсемдей.
 
Ақындар елді жырлайды,
Домбыра ұстап қолына.
Күйшіні әлем тыңдайды,
Қазақтың туған бағына!
 
ӘЖЕ
 
Босамайды қалтасы,
Шоколадтан шынымен.
Әжеміздің арқасы,
Тәтті жейміз күнімен.
 
Көп біледі ертегі,
Жүректен сыр шертеді.
Жарқын болсын дейді, ол!
Немеремнің ертеңі.
 
ҚОЯН

Қояндардың түрі көп,
Кіші болар көкшесі.
Ор қояны ірірек,
Тік келеді еңсесі.
 
Түздің жүйрік қояны,
Әр нәрседен үркіген.
Құтқарады аяғы,
Қасқыр және түлкіден.
 
Көлтаусар
 
Көктен, жерден, ғарыштан,
Қайдан келді белгісіз.
Көлдің суын тауысқан,
Бір жұтқаннан сенгісіз!
 
Кебежедей қарыны,
Көлдің суы сиятын.
Өзен, бұлақ дегенді,
Бір ұртына құятын.
 
Аққала
 
Құмырсқадай құжынаған көп бала,
Түйдек қарды домалатып, тоқтама.
Сонда ғана арманға қол жеткізіп,
Түске дейін тұрғызамыз аққала.
 
Мызғымайтын мұздан құйдық тұғырын,
Сары сәбіз алмастырды мұрынын.\
Бір қолына сыпыртқыны ұстаттық,
Бір қолына шаншып қойдық құрығын.
 
Екі көзі, екі түйір көмірден,
Қызылшаны аңғарамыз еріннен.
Қасы да бар, құлағы да қалқайған.
Уа, Аққала орын алдың төрімнен.

АТА

Әжімдері өткен өмір өрнегі,
Жақсы көрем, аташымды төрдегі.
Немереге нұрын төгіп тұратын,
Ең керемет, ең жақсы жан жердегі.
 
Бәйтеректей терең тартқан тамырын,
Аспандағы айдан күннен жарығым.
Асқар таудай аласармас тұғыры,
Аташымды сақтап жүрші, Тәңірім!

Әнұран

Әнұраным айбарым,
Шырқадым да жайнадым.
Желбіретем биіктен,
Қазағымның байрағын.
 
Әнұраным киелім,
Көкейіме түйемін.
Елім, жұртым өзіңді,
Еміреніп сүйемін.
 
Торғай
 
Торғай, торғай, торғайым,
Саған пана тал, қайың.
Қоншы менің қолыма,
Аялайын, қорғайын!
 
Торғай, торғай, торғайым,
Тәтті әніңе сал дәйім.
Шабыт алып өзіңнен,
Шартарапты шарлайын!
 
Күз

Сарғайды жапырақ,
Сарғайды атырап.
Суыды бұлақтар,
Тоңазып топырақ.
 
Құстар да ұзады,
Көңілде күз әні.
Суықтың түскенін,
Сезбейміз біз әлі.
 
Күз деген қазына,
Жоқ, бізде базына.
Жетейік бәріміз,
Өмірдің жазына!
 
Балапан

Балпаң—балпаң басады,
Жақындасаң қашады.
Балапанға- балақай,
Бидай— арпа шашады.
 
Бала, бала, балапан.
Аялайды алақан.
Алдымыздан күлімдеп,
Атсын әр кез ала таң!

Әже
 
Бауырына басатын,
Кең құшағын ашатын.
Менің әжем ерекше,
Мейірімін шашатын.
 
Жиі айтады ертегі,
Тарихтан сыр шертеді.
"Жарқын болсын"- дейді ол,
Немеремнің ертеңі.
 
Ұлдарының тұлымын,
Қыздарының бұрымын.
Қастер тұтқан ақ әжем,
Ұзақ болсын ғұмырың.
 
Ту
 
Туымыз бар көгілдір,
Бейбітшілік өмір бұл.
Күнге көзің түскенде,
Көтерілер көңіл бір.
 
Қалықтаған қыраны,
Қазағымдай қырағы.
Ұрпағына мәңгілік,
Рух беріп тұрады.

Туды сүйіп, құшады,
Қалың елдің қүшағы.
Алтын түсті оюлар,
Салт-дәстүрдің нышаны.

Елім, жұртым жайнасын,
Қазандары қайнасын.
Көк туымыз желбіреп,
Тұғырынан таймасын!

Өрмекші адам

Бұла күш бойын кернеген,
Есімі мәлім ер деген.
Өрмекші адам көрдің бе?,
Биікке бірден өрленген!

Жабысып, ұстап әр нені,
Үзілмес әлсіз өрмегі.
Апаттан, зілден, заладан,
Құтқарар жұртты жердегі.

Жақсымен жиі қауышып,
Жаманмен күнде алысып,
Өрмекші адам өрлейді,
Қабырғаларға жабысып.

Сауысқан

Сақ-сақ етіп сауысқан,
Ұшып жетті алыстан.
Өредегі құрттарды,
Осы екен ғой, тауысқан.

Тесіп кеткен қапты да,
Қулығын-ай қап, мына!
Ауламыздан аулаққа,
Қуып жүрмін аптыға.

Аула қорып батты күн,
Сәл басылды аптығым.
Әр қазаққа тіледім,
Сауысқанның сақтығын!

Жапырақ

Жазда жасыл жапырақ,
Маңайымыз жайнайды.
Түрленеді атырап,
Бақта бұлбұл сайрайды.

Күзде сары жапырақ,
Сарғаяды айнала.
Терезеден бақылап,
Анда-санда қой бала!

Желге ұшар жапырақ,
Қурап түбі тынады.
Құнарланса топырақ,
Қайта көктеп шығады.

Көктемдегі жапырақ,
Өмір жайлы жырлаңдар.
Атанасың ақымақ,
Жапырақты жұлмаңдар!

Қар

Қар жауды, алақай!
Ақ мамық оранды.
Қырға шық, балақай,
Сүйретіп шанаңды.

Жасаймыз аққала,
Тым тату арамыз.
Жиналса көп бала,
Жадырап қаламыз!

Ақ қарды жұмбаздап,
Лақтырып ойнаймыз.
Терлейміз бір маздап,
Қызыққа тоймаймыз.

Тек шаттық өмірі,
Ақ қардай санмыз.
Кірлемес көңілі,
Бақытты баламыз!

Ертеңіме сенемін

Тау суындай тазамыз,
Өміріміз түрленді.
Естіп, көріп, білгенді,
Жадымызға жазамыз!

Өнер, білім мұратым,
Шығарады асқарға.
Қолын созып тұратын,
Армандарым аспанға!

Әке-шеше ақылын,
Тыңдап өсіп келемін.
Анық басып, ақырын,
Ертеңіме сенемін.

Арыстан

Арыстан тағы ақырды,
Аңдардың бәрін шақырды.
Қайрат кетті, күш қайтты,
Өсиет айтты ақырғы.

Қанша жыл маған бағынып,
Қанша күн маған табынып.
Уақыт өтіп кетіпті-ау,
Ақбөкендей ағылып.

Билігім болды қолымда,
Құлқынның жүрдім қамында.
Бес күндік жалған екен ғой,
Бағым да алтын тағым да.

Мұқалды енді азуым,
Азайды байлық, азығым.
Кәрі сүйекті сүйретіп,
Тағдырдың көрем жазуын!

Тісім батқандар кеше, мені,
Ісім батқандар кеш, мені.
Қайтейін енді, қайтейін,
Алтындай дәурен көшпелі.

Күшіктер

Қара күшік қабаған,
Ала күшік абадан.
Екеуін де күн сайын,
Тарғыл күшік талаған.

Көк күшігім қомағай,
Ақ күшігім алабай.
Қоңыр күшік томпаңдап,
Жүгіреді жағалай.

Қазақ тілі

Әкемнің қанымен,
Анамның арымен.
Сүйекке сіңге тіл,
Сүйемін жаныммен!

Тарихы жыр елім,
Тауыңда түледім.
Тілім деп соғады,
Тілімдей жүрегім.

Байсың да, дарасың,
Шешен де, данасың!
Ата тіл – мәңгілік,
Мұра боп қаласың!

Орман

Қатар-қатар жағалай,
Елпеңдеген баладай.
Таза ауа бөледі,
Орман толы қарағай!

Сусылдаған құмдары,
Толтырады жылғаны.
Орман ішін аралау,
Әдетіміз жылдағы.

Әнші құстар сайраған,
Емен, қайың жайнаған,
Жақсы көрем орманды,
Байтақ жерім, бай далам!

Ұлы дала

Сайып қыран Сақ бабам,
Арғымағын баптаған.
Ұрпағымын солардың,
Салт-санасын сақтаған!

Ғұрпы берік Ғұн бабам,
Жердің беті тыңдаған.
Ізі қалған тарихта,
Жыл өтсе де мыңдаған.

Оғыз бабам оғылан,
Жарты әлем таныған.
Ұрпағымын солардың,
Жаралғанмын қанынан.

Бір бабамыз Үйсіннен,
Қалың елі сүйсінген.
Ұрпағымын солардың,
Ұлағатын түйсінген!

Көкжал бабам – Көктүрік,
Көкбөрідей көкке ұлып.
Қан түгілі, сүйекке,
Содан сіңген тектілік!

Бір бабамыз Алаштан,
Арғымақтай таң асқан.
Адал ісі солардың,
Ұрпағына жол ашқан.

Туған жері – тұмары,
ҚАЗАҚ, АЗАТ ұраны!
Біз боламыз, ендігі,
Ұлы дала ұланы!

Жұлдыз. Ай. Күн

Аспанда көп жқлдыз бар,
Таңырқайды ұл-қыздар!
Күн суыды, күз келді,
Тоңдырады түнгі ызғар.

Ұмытпаймыз ғұрыпты,
Басымыз да бірікті.
Елге жайлы күн болар,
Ай оңынан туыпты.

Ай мен жұлдыз жарасқан,
Көркіне кім таласқан?!
Күн күлімдеп көгімде,
Бақ таймасын Алаштан!

Балақай мен қалақай

Күн жылынды алақай,
Аулада көп балақай.
Қуандықтан қашамыз,
Қолында бар қалақай!

Тауға қашты Жасұлан,
Бауға қашты Асылан.
Табылмады бір досы,
Қуандықтың қасынан!

Күшім кқп деп басынба,
Айлаңды да асырма.
Елге қастық ойласаң,
Дос қалмайды қасыңда!

Отбасы

Әкемізден нәр алдық,
Анамыздан жаралдық.
Ойымызда тек оқу,
Бойымызда адамдық.

Алдымызда ағамыз,
Үлгі, өнеге аламыз.
Ақ сүт емдік анадан,
Алшақтамас арамыз!

Қарындасқа қараймыз,
Ай-жұлдызға балаймыз.
Үллеменен-бүлдеге,
Өскен кезде ораймыз!

Бауырларды мақтаймыз,
Айып, кінә тақпаймыз.
Ізімізді басар деп,
Інілерді жақтаймыз!

Шаттанамыз, күлеміз,
Күнде бірге жүреміз.
Тәттісі мол ғұмырды,
Тату-тәтті сүреміз!

Бақыт

Бақыт деген жеріміздің кеңдігі,
Тәуелсіздік теңдігі,
Қазағымның елдігі.

Бақыт деген тыныштығы даланың,
Тәтті тілі – баланың!
Амандығы ананың!

Бақыт деген оңай келмес дегенмен,
Өрнектедік өлеңмен.
Түсінбесең қадірін,
Құстай ұшар төбеңнен!

Өтірік өлең

Туа сла жүріп кеттім дамылдап,
Салмағым да секунд сайын ауырлап.
Ертеңінде қаладғы бір мектеп,
Алды мені, оқушым деп қабылдап.

Бір жасымда ғалым болдым қазақта,
Бүкіл әлем таңырқады ғажапқа.
Екі жасқа толған кезде алыстым,
Асау мініп, бас білдірдім боз атқа.

Аңға шығып атып алдым қоңызды,
Жыртқыш, жауыз сол арада жан үзді.
Ішін жарып, асқазанын ақтарсам,
Жұтып алған екі бірдеп доңызды!

Өтіріктің бірақ тұтам құйрығы,
Сондықтан да көңіліңе түй мұны.
Шындық деген бойдағы бір қасиет,
Жаратқанның баға жетпес сыйлығы.

Арман

Өзен болғым келеді,
Арнасынан асатын.
Дала болғым келеді,
Кең құшағын ашатын,
Дауыл болғым келеді,
Екпін күші керемет,
Жауын болғым келеді,
Жауып тұрар себелеп.
Жұлдыз болғым келеді,
Көк жүзіне өрлеген,
Қыран болғым келеді,
Өр намысын бермеген.
Бұлақ болғым келеді,
Ағатұғын мөлдіреп.
Күн де болғым келеді,
Күлімдейтін елжіреп.
Ең бастысы ілімді,
Жаны сүйген білімді,
Адам болғым келеді!

Балабақша


Арманымыз айға дейін жетеді,
Өиялымыз күннен асып кетеді.
Балабақша – періштелер отаны,
Балдай тілді – балақайлар мекені!

Таңда келіп, кеше жақын қайтамыз,
Би билейміз, әсем әнді айтамыз.
Сурет салып құлпыртамыз әлемді,
Жас баланың таланттарын байқаңыз!

Балабақша – бізге тәлім береді,
Сол емес пе балаларға керегі.
Әр бір ұстаз ілім-білім сіңіріп,
Тәрбиеші көп көңілін бөледі.

Түстер

Жасыл түс – жайқалған құрағым,
Қоңыр түс – құлыным, пырағым.
Қара түс – мұзбалақ қыраным.

Сары түс – күніміз көктегі,
Ал, сұр түс – түздегі көкбөрі.
Көкшіл түс –даланың кептері.

Әппақ түс – анамның жаулығы,
Қызыл түс- арайлы таң нұры.
Күлгін түс – күлтелі тау гүлі.

Қала

Жарқырап тұр қаламыз,
Ғажайыбын қараңыз.
Бейбітшілік күн кешкен,
Біз бақытты баламыз!

Театрға барамыз,
Тәлім, тәртіп аламыз.
Ертегідей күн кешкен,
Біз бақытты баламыз!

Мұражайды аралап,
Жәдігерді бағалап.
Үйімізге қайтамыз,
Өзен бойын жағалап.

Өміріміз жыр-аңыз,
Таңда ерте тұрамыз.
Саябақты аралап,
Сауық-сайран құрамыз!

Туып өстік қалада,
Оқу-білім санада.
Бейбітшілік өмір ғой,
Ең қажеті балаға.

Кітап

Кітап оқы ерінбе,
Абай тұрсын төріңде.
Оқу, білім, жетелер,
Ең керемет өмірге.

Рухани азығың,
Өз әлемің, өз үнің.
Арың, нәрің жүрегің,
Аласармас қазығың!

Кітап – рухың, сырласың,
Мәңгі досың, құрдасың!
Кітап оқып көркейсең,
Тұғырлысың, тұлғасың!

Бауырсақ

Әжеміз бауырсақ пысырды,
Бәрімізге ұсынды.
Домалатып қолынан,
Балжан жерге түсірді.

Қымбат тез- тез жинады,
Құтжолға да қимады.
Бауырсақта қайтадан,
Балжан қызға сыйлады.

Бауырсақты қолдағы,
Балжан дереу жолдады.
Жеткіз деді, Аянға,
Торғайларға талдағы.

Аян кетті өрмелеп,
Ұяны да жөндемек.
Мейірімді болайық,
Дүниеде дөңгелек.

Арман

Арай – ұстаз болады,
Таудай оның талабы.
Білім, өнер үйретер,
Тәрбиелеп баланы.

Асқар – ұшқыш болады,
Жақсы оның сабағы.
Әлемнің әр жеріне,
Тік ұшақпен қонады.

Дана- дәрігер болады,
Қабыл болсын қалауы.
Жәрдемдесіп бәріне,
Қолын созып барады.

Заңғар – заңгер болады,
Адалдығы жоғары.
Ажыратар әрқашан,
Ақ пен және қараны.

Бәрі жақсы мамандық,
Керек Бізге адалдық.
Елімізге тілерім,Ең бастысы амандық!

Тәуелсіздік

Тәуелсіздік теңдігім,
Еркіндігім, елдігім.
Ұлағаты ұлтымның,
Ұлан байтақ кеңдігім.

Тәуелсіздік тыныштық,
Достық және туыстық.
Бейбіт елдің бірлігі,
Береке мен ырыс-құт.

Тұран дала - тұрағым,
Алаш мәңгі ұраным.
Сөндірмейтін Біз бармыз,
Бабалардың шырағын!

Бағаланып бар ғұрып,
Салт-санамыз жаңғырып.
Жасай берсін, жалындап,
Қазақ елі, мәңгілік!

Қонақ

Мініп жуас торы атқа,
Марат келді қонаққа.
Атасымен отырды,
Әжем салған тамаққа.

«Жей ғой» - деді шырағым,
Еттің дәмді құнарын.
Кесіп берді атасы,
Қойдың пысқан құлағын!

Салт-сананы ғұрыпты,
Марат жақсы ұғыпты.
Маған берді, Атасы,
Асығы бар жілікті.

Ақсақал да төрдегі,
Сорпа ішіп терледі.
Атам, Әжем өрбітті,
Әңгімелеп әрнені.

Ел болмайды бірліксіз,
Адам болмас тірліксіз.
Ас қайырып болған соң,
Дастарханнан тұрдық біз.

Қазақ болсаң...

Сақтан қалған салт-сананы сақтадым,
Ғұннан қалған қадір тұтам ғұрыпты.
Қазақ болсаң қаршадайдан атқа мін.
Ұрпақ болып өскің келсе ұлықты.

Қазақ болсаң білім жина, өнермен,
Көсегеміз тек бірлікпен көгерген.
Арзан сөздің астарынан арылып,
Қазақ болсаң толғап сөйле тереңнен.

Қазақ болсаң биік самға қырандай,
Тас төбеңе қарға, құзғын шығармай.
Қазақ болсаң мәңгілкке қадірле,
Туған жердің топырағын тұмардай.

Асық ойыны

Қолымызда сақамыз,
Асықтарды атамыз.
Кешке дейін асыр сап,
Қызығына батамыз!

Жақсы атады жақыннан,
Жомарт деген досымыз.
Асық ойнап күн сайын,
Қосылады басымыз.

Қызыл-жасыл асықтар,
Көздің жауын алады.
Көп ойнаған баланың,
Нашарлайды сабағы.

Ойынға көп берілме,
Оқу оқы тегінде.
Алшы тұрсын асығың,
Ең бастысы өмірде.

Мектеп

Мектеп – білім ордамыз,
Мектеп – ғылым арнамыз
Жеткізеді биікке,
Жүректегі ар-намыс!

Мектеп – достық отаны,
Асқақтаған атағы.
Көбейеді жыл сайын,
Оқушылар қатары.

Мектеп – өнер ортасы,
Ұстаздардың арқасы.
Өрге өарай тек қана,
Домалаған әр тасы.

Білім деген теңізді,
Жүзіп өткен көп ізгі.
Мектебіме жолдаймын,
Тілегімдім ең ізгі!

Ана

Адал сүтін дарытқан,
Дүниені танытқан.
Сәл кешіксең алаңдап,
Жолға қарап зарыққан.

Ана деген асылым,
Ғажап болсын ғасырың.
Сырларымды ұғасыз,
Жүректегі жасырын!

Құстар

Бүркіт ұшар жоғары,
Бұлбұл әнге салады.
Топ боп ұшқан торғайлар,
Талдан талға қонады.

Адамға дос кептерлер,
Оған тұрақ көк пен жер.
Қайқы қанат қарлығаш,
Даламыздан кетпеңдер.

Үйрек, аққу, қаздарым,
Көлдің бетін қозғадың.
Тотықұстар түрлентер,
Жадыраған жаз бағын.

Қыран самғап көгімде,
Аққу жүзсін көлімде.
Қадірлі боп жүрейік,
Ұшқан құстай өмірде.

Қарындаш

Түрлі-түсті қарындаш,
Онсыз сурет салынбас.
Тау мен дала саламын,
Тағдырыммен тамырлас!

Көкпен бояп аспанды,
Жасыл қылдым жас талды.
Қоңыр, қара түстермен,
Өрнектедім тастарды.

Сұрмен бояп құр атты,
Ала қылдым лақты.
Таудан төмен құлаттым,
Тасып аққан бұлақты.

Айналамыз көгерді,
Алытын түске бөленді.
Тастасақ қой шіркін-ай,
Аққа бояп әлемді!

Мысық пен күшік

Үйімізде асырадық бір мысық,
Терезені тырмалайды тырмысып.
Түстен кейін тысқа бір сәт шығады,
Қуалайды ауламызда қу күшік!

Кейін келе дос боп кетті екеуі,
Екеуіне бірге жүрсе жетеді.
Кешке таман күшік шөпке тығылып,
Бала мысық үйге кіріп кетеді.

Екеуінің ажырамас арасы,
Кейде болар әр нәрсеге таласы.
Ит пен мысық араздасар түбінде,
Тату болсын әр қазақтың баласы!