Мерей Қарт: "Қала деген – қорғансыздар қабірі"

Мерей Қарт: "Қала деген – қорғансыздар қабірі"
Фото: Мерей Қарт

Мерей Қарт. Семей обылысы, (бұрынғы) Ақсуат ауданы Үштөбе ауылында туған. Филология ғылымдарының магистрі. Республикалық "Алтын тобылғы" әдеби байқауының бас жүлдегері. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан жазушылар одағының Семей өңірі филиалының төрағасы.

Сүмбіл шаш теректер 
ақүрпек 
мамығын маусымға ұшырар. 
Жапырақ мінезін сәл үркек, 
кеудемде ұғатын кісі бар. 

Санамнан ұшырған әр күні, 
құсқа да айналар өз-ойым, 
Көбелек қанаты арқылы, 
жадыма көшірдім жаз айын. 

Ақ нөсер – тәтті күй, ғажабым, 
сіңірді мөлдір мұң қаныма. 
Аралар гүлдердің тозаңын, 
жинайды ақыл-ес бағыма! 

Ызыңы мұңдылау көк шыбын 
Көңілдің қылына қонады. 
Жанымның жұбатып өксігін, 
жұлдызды үмітім жанады! 

Кербез Ай көркінен толқыдым. 
Көкейде қауызын гүл ашты. 
Кешегі құралай салқыным 
қып-қызыл аптапқа ұласты...

* * * 
Екеуміздей алып-ұшқан 
ешкім де жоқ бұл маңда! 
Жаралғанбыз сағыныштан, 
әлем қалғып тұрғанда! 

Сондықтан да қайырымды 
қала сырты тым бізге! 
Ұмыттырар уайымымды, 
түнеп қалған сұр күзде. 

Әлсіз жанған қала шамы 
көз ұшында сөнеді. 
Әр түн бізге жарасымды. 
Аңсарымыз сол еді... 

Жол сілтейді жұлдыздар да. 
Сыр тыңдайды Ай үнсіз. 
Отты сөзбен түнгі ызғарда 
жылынамыз уайымсыз! 

Осылайша таңға дейін 
Түн тылсымын кеземіз. 
Біз жүретін жолға 
кейін 
гүл өсерін сеземіз! 

 * * * 
Өзеннен сәл ғана тысқары, 
Там үй тұр, аңғарда. 
Маңайы – пейіштің құстары. 
Өріп жүр аңдар да. 

Бұлбұлдар шырқаған сылқым ән 
тәтті сыр шертеді. 
Там үйде бір қыз бар!... 
Сыртынан, 
күй кештім ертегі! 

Бір кезде, 
Иесі аулаға, 
Шықты да, шіренді! 
Күн суып кеткендей заматта. 
Аспан да түнерді! 

Сәлден соң, сұлу қыз шықты үйден!.. 
Күн шайдай ашылды! 
Бүлдірген ерінін шық сүйген! 
Жанары жасынды! 

Сұқтандым. 
Оянып құмарым. 
Көңіл де гүлдеді. 
Өмірдің маздатты шырағын 
жымия күлгені! 

Там үйге, таяуға батылым 
жетпеді неліктен?! 
Адасып қалды ма ақылым?.. 
Жүрек пе желіккен?!.. 

Ақыры шыдамым таусылды, 
Өңім бе, түсім бе?! 
Жүрегім қозғалды тау сынды, 
кеудемнің ішінде! 

Терезе тұсынан таң күліп, 
Күн сүйді көктемше. 
Түс көріп жатсам ғой мәңгілік, 
өмірім өткенше... 


* * * 
Көше толы – көлік шуы, мас әні. 
Тыңдаймын да, мұң құшам. 
Кір асфальтқа өлі сәуле шашады, 
Жарғанаткөз түнгі шам. 

Ал, кафеге кіре қалсам іреңсіз, 
Күлкілер де дарақы. 
Шашын жайып, шыңғырады кілең қыз... 
Азаптайды-ау Ар оты. 

Жертөледе кезбелер көп, бүріскен, 
Әйел-еркек аралас. 
Бұлт кейпінде күрсінеді Түн іштен. 
Құлазиды кәрі ағаш. 

Қаңғыбас ит қорғап соқыр күшігін, 
Сес қылады үргенді. 
Қара көңлімді құр иіскелеп мысық-үн, 
Тырмалайды іргемді. 

Үміт сынды – үйлердің де жарығы, 
Алма-кезек сөнетін, 
Қала деген – қорғансыздар қабірі, 
Амалсыздан өлетін. 

Картақұмар жолдастарға жолығып... 
Уақыттан да ұтылдым. 
Уа, жарық Күн, сені қатты сағынып, 
Күбірлейді күпір-Түн... 


Сәуір-сезім 
Ертістің жүрегі бүлкілдеп, 
тамырға жүгірді мөлдір қан. 
Жағада отырмын, шіркін деп. 
Есіме оралды сол бір жан. 

Жағаға келсеңші, жадырап... 
Өкпешіл қалпыңнан өзгерсең. 
Сәулесін шашады сәуір-ақ, 
Мендегі шуақты аз көрсең. 

Кел, сәулем, 
Сәуірде, 
Сәл ғана 
Сыр айтып, 
Көрейік тілдесіп. 
Сағынып, 
Сағымға алданып, 
жүреміз қашаңғы мұң кешіп. 

Қыс өтті, 
Жаз көшті жадымнан, 
Жаныма тым жақын күзгі шақ. 
Сен келсең, жарылам ағымнан, 
Ағынға шыдамас мұз құсап. 

Содан соң...жауындай себелеп, 
Жасынның ойнатам небірін. 
Санамнан ұшырам көбелек, 
Сейілер тұманды көңілің. 

Айналам – ақ қанат шағала. 
Ойларым ұшып жүр дәл солай. 
Аруым, қайдасың ақтамақ. 
Күн кешу, өмір ме аңсамай?! 

Терезем 
Тереземді бір ашамын, бір жауып. 
Қарамақпал түн келді. 
Көңілдегі пәк ойларым бүр жарып, 
жұлдызданып үлгерді. 

Жыр-бөлмемнің сәл азайтсам жарығын, 
сығалайды Ай кезбе. 
Темірқазық, сені бірден таныдым. 
Пайда болдың қай кезде?! 

Қозғалады қоңыр салқын ағыстан, 
қара шашым... 
Терезем... 
Тулатады жүрегімді алыстан, 
Ертіс деген өр өзен! 

Маңдайымнан алма-кезек өбеді, 
мейірленіп әр ағаш. 
Көшкен бұлттар тәтті мұңға бөледі. 
Сезім кештім шала мас. 

Оралдың-ау, тамылжыған таныс үн... 
Ұзап кеткен өткен күз... 
Жүрегімнің жиілетіп қағысын, 
қол бұлғайды Көктем-Қыз ! 

Түн сейілді, талай мұңды ұрлаған. 
Күн – Жанымның ұшында. 
Бүкіл әлем сырын айтып тұр маған, 
тереземнің тұсында.

Т. Раушанұлы