Қуаныш Дәлейұлы: "Жатармын жастанып қайғысын даланың..."

Қуаныш Дәлейұлы: "Жатармын жастанып қайғысын даланың..."

Қуаныш Дәлейұлы - 1975 жылы дүниеге келген. Ақын. "Тамырымда тулап аққан өзендер" жыр жинағының авторы. Өлеңдері қытай тіліне аударылған. ҚХР "Дүлдүл" әдеби сыйлығының лауреаты. 2011 жылы Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығы өткізген жыр мүшайрасының бас жүлдесін жеңіп алған. 

Жүрегімдегі жасыл жапырақ

 

Өртеніп...

Жанады мас ақын,

Жүрегінде дір қағып

Сағыныш –

Мың-миллиондаған жапырақ самсап...

Тұратын ылғи сосын да

 Көкірегіме басатын,

Сұп-суық бір топырақты аңсап!

 

Қасіретің сенің кем емес менен,

Шертесің оны кімге ақтарып

Құлағыма былай келеді ескі өлең:

«Құлап жатыр сарғайып –

қурап-солып

жүрегімдегі жасыл жапырақ...!...»»

 

Ғарыш туралы жыр

 

Аспан емес, ғарыш менің мекенім,

Мекеніме ертең мен де кетемін.

Айқындаймын ту биіктен жарқырап,

Мәңгіліктің – өлмес күннің не екенін...

 

Сырғасындай жалт-жұлт еткен түн – қыздың,

Мәңгі жанып тұрар жарқын жұлдызбын.

Менің сәулем еркіндіктің құрбаны,

Құшағына құлап өлген күндіздің.

 

Кеңістікті көлбей жортқан Көкбөрі,

Біл, ғарыштың еркесі осы, деп мені!

Өз бояуым – өз сәулемнен тани біл,

Мың сан жұлдыз арасынан көктегі.

 

Еркін кезіп ғарыш-ғалам құшағын,

Нұр – қанатым,

Жаямын да ұшамын!

Алтын таңның арайына шомылып,

Көкжиектің күмбезінен құшамын.

 

Өзім – көктем, өзім – жазбын,

Өзімнің –

Мезгілге тән емесімді сезіндім.

Жапырақ жайып тұрар көктеп нұр сәуле,

Елесіндей көгілдір бір көзімнің.

 

Сүт сәулесі қара жерге тамшылап,

Жаңа жұлдыз тұрсын жайнап,

Жарқырап!

Оны үзуге батына алмас ешқашан,

Уақыттың да саусақтары қалтырап...

Алтай

 

Көкірек толы қайғы мұң,

Қонақтап отыр құс болып

Тастарда нала.

Күңіреніп кеткен аумағы

Тұр ұлып –

Әттең...

Шағады мұңын аспанға ғана

Алтайдың асқақ таулары

Бүгіліп!..

 

Бозғыл шыңдары шапаққа нұрап,

Тұман,

Бұлт,

Уайым.

Қонған басына –

Жылайтын шығар ол, бәлки,

Ылғи да етекке құлап

Азайып кеткен тасына!..

 

Кім білсін?..

 

 

Бесік жыры

 

Бәрін де ұмытайыншы,

Ұйқыға көміп бұл түнді –

Қасіретімді

Және де

Бояуы өшкен күлкімді!

 

Азалы кеште,

ей, жан аға,

Азапты жаза қабылдап –

Жырыммен оқып жаназа,

Өзімді өзім арулап...

 

Қандасым – сенсің,

О, ажал –

Басқаның бәрі туажат!

Түнге бір сіңіп жоғалар

Ернімнен ұшқан мінәжат...

 

Кім білсін,

Ғазиз жанымның

Шыбын боп ұшар ыңылын,

Ащы айқайын

Және де

Ауаның бұзған дірілін...

 

Кірерде өмір бағына,

Келгемін саған мінгесіп –

Мекенім – сенсің

тағы да,

« Әлдиле, өлім!... » – сұр бесік!

 

Әлдиле:

Әлди...

Әлди- ау,

Осылай ма еді сөз басы?!.

Өмірдің тамсын кесеме

Ең соңғы сарқын көз жасы!

 

Барін де ұмытайыншы

Ұйққыға көміп бұл түнді.

Қасіретімді

Және де

Бояуы өшкен күлкімді!

 

..............................

Әлдиле:

Әлди...

Әлди-ау...

 

 

(Жалғасы мұнда)

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: nipic.com

M. Auelkhan