Қуаныш Дәлейұлы: "Кернеген көкжиекті қып-қызыл нұр"

Қуаныш Дәлейұлы: "Кернеген көкжиекті қып-қызыл нұр"

(Басы мұнда)

 

Қойдың иісі

 

Қойдың иісі –

                        Танауға ұрар мол иіс,

Қотан иісі –

                        Мені туған жер иіс!

Бала жастан сіңген менің қаныма,

Бұл ғаламда онан асқан жоқ иіс...

 

Балауса арман айбын қосар айбынға,

Балалығым –

                       Қалған шырқау қай қырда?!

Бір кем емес қандас туған інімнен,

Тоңғақ сирақ жатқан қозы қойнымда.

 

Жусан иісін бүркіп жатқан ауаға,

Мына дала –

                        Хауа ата мен Хауа ана...

Бейбіт күннің құсы шалқып ұшатын,

Қойдың иісі бұрқыраған қорада...

 

Қоралы қой мың сан ерні жыбырлап,

Ояу түнге қосар еді мың ырғақ.

Масаң қойшы мұңлы аспанды жамылып,

Қорылдайтын...

                            Көңнің иісі буынды ап!

 

Қойдың иісі...

Таудың иісі...

Жер лебі –

Соңғы үміттің сәулесі ме ең мендегі?!

Босағасын мекен тұтқан қозы-лақ,

Қара лашық хан сарайдан кем бе еді?!

 

Жеткен бізге сонау мұңлы ғасырдан,

Қойдың иісі,

                      Аңқып тұрар шашымнан –

Өшкен...

Біткен...

                    Тасқа айналған тарих,

Құмалақтар әр тарапқа шашылған!!

 

Қотан да жоқ,

                          Жүрер қозы қуалап,

Бөтен өмір...

                            Етем кімге мінәжат?!

...Ағып түскен қарашығым секілді,

Табанымда жатқан жалғыз құмалақ...

 

Мезгіл әуендері

 

І

 

Сұрғылт кеште -   

                         Сары запыран қайнатқан,

Сайтан ұшып өтеді анау аймақтан.

...Ана – Үліңгір,

                             сені сүйем,

сүйем мен

алтын тауып алмасам да айлақтан!

 

Жібек – самал желпіп қалып шайысын,

Жусан басын тербеп өтер жай ұшып.

Сыңғыр бұлақ...

Шегірткенің шырылы...

Күңгірт алау толтырады сай ішін.

 

Көк аспанға ешбір қылау түспеген,

Телмірем де,

                        Қалғып барып түс көрем.

Жұмақ іздеп жылап ұшып өтеді,

Жалғыз аққу көгілдірін тістеген...

 

Тауларың да баяғыдай мұңлы емес,

Күдірейіп сол орнында тұр дөңес!

Себіледі жұлдыздардың көз жасы,

Керіледі көз алдымда қыр...

                                           Белес...

 

Сағым – дала,

Дала сағымға өзгеріп,

Сөйлеп кетер сыбыр-сыбыр сөз болып...

Қарсы ағады аузын ашып бар әлем,

Тамсанады сұлу дүние көзді еміп!

 

Сұлу дүние –

                       Сылаңдап,

"Сүй", - деп , - мені..."

                             сылқ-сылқ күліп тұр арбап...

 

мен бе...

сен бе...

            жылап жатқан кім өзі,

ащы дауыс кетті-ау алыс шығандап!...

 

ІІ

 

Кернеген көкжиекті қып-қызыл нұр,

Қып-қызыл қанды аспанға жұтқызып жүр.

Күн батады...

                            Сумаңдап шығады қол,

Салалы саусақтары түкті, ұзын бір!

 

Қып-қызыл бұлт –

Қып-қызыл гүл өңіндей,

Топырақ иісі

                      Жапырақ – тұр ерінде!

Топырақ – жапырақ,

Бұл жапырақ –

                    Топыраққа айналған жүрегім ғой!

 

Басынан тайған аулақ бөрі ерлігі,

Дәметпе еш жақсылық менен бүгін...

Ту сыртымнан түксиіп төнеді аспан,

Сеземін мен түкті қол тегеурінін!

 

Түкті қол –

                 Жинап-теріп барлық үнді,

Шашып кеп жібереді,

Олар...

Тауға ұрылды...

Сосын қайта саусағын қыса түсіп,

Уыстап тұрды менің тағдырымды...

 

ІІІ

 

Саумал түн.

Сан жұлдыздан құйылып нұр,

Төсейді жонын көкке сүйініп қыр.

Аймалайды аппақ түн айналаны,

Ай қарайды құбылып,

                               Қиылып бір!

 

Қара жерге жұлдыздың қаны тамып,

Түн өледі...

                (Шақырар тағы тауық...)!

Өлік – дүние,

                  Өзіңді сүйемін мен,

Дала...

Дала...

О, дала –

                Табыт алып... 

Сезіну

 

Түс.

Дала – қараңғы

Жанар – буалдыр,

                              Күңгірт...

Сары  ала сағымның биіне қанған!!

Құм...

Сексеуіл...

                  Тораңғы

Айқай –

              Өтеді құлақты үңгіп:

«Жалған – дүние!

                               Дүние – жалған!»

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: besik.kz, photov.com

M. Auelkhan