- Негізгі бет
- Поэзия
- Көшеге шығайықшы күліп,...
Көшеге шығайықшы күліп, еркем!
Бүгін – көктемнің алғашқы күні. Жер дүние жаңарып, жаңа әлем орнағандай табиғат әрі-сәрі күй кешуде. Жылдың әр мезгілі де ерекше. Әрқайсысының өзіне тән өзгешелігі бар. Ал, көктемнің орны тіптен ерекше десек жаңылыспаспыз. Бұл мезгілде хош иісті, мың сан бояулы гүлдер бүр жарса, ақын жүректерде өлең бүр жарары хақ. Біз бүгін барша оқырмандарды көктемнің алғашқы күнімен құттықтай отырып, көктем туралы өлеңдер топтамасын ұсынамыз. Бұл көктем – сіздің көктеміңіз!
Сәлем, көктем
Сәлем, көктем,
Мен қайтадан туылдым,
Көк аспанның күмісімен жуындым.
Көк мұз жапқан шатқалында көкейдің,
Ақ арманның бүрлейтінін ұғындым.
Сәлем, көктем,
Таңғы самал ескенде,
Бұлт гүл болып өскенде,
Дәл мен сынды, көңілмен де, еспен де,
Көк шөппенен жыр жазбаған еш пенде.
Сәлем, көктем,
Өрнек қандай су салған,
Жасыл қырат – жасыл сағым бусанған.
Жас шағымда жиі ағатын жұлдыздың,
Жұпар исін жұта берем жусаннан.
Сәлем, көктем,
Өліп кетпеу үшін мен,
Күннің нұрын жүрегіме түсіргем.
Аспан асты – керемет той, аста-төк,
Ағыл-тегіл жұлдыз нұры ішілген…
Сәлем, көктем,
Өркеш-өркеш томарың…
Сәлем, көктем, қаз-үйректім, қоғалым!..
Қаулап шықты жауқазындар сүт аңқып,
Қауызында сақталса еді обалым!..
Сәлем, көктем!
Кіл еңбекқор, кіл асқақ
Құмырсқалар жағдайымды сұрасқан.
Көңілімнің оркестрін ойнатты,
Тырналардан нота түзген мына аспан!..
Ақберен Елгезек
***
Наурыздың бірі ме, ертең?..
Тұрғаны-ай бір сезімнің алып қашып,
Көшеге шығайықшы күліп, еркем,
Көктемкөз ғашықтардай қол ұстасып!
Бала гүл көңіліндей,
Ақ жүзіңде алқызыл от алмасып,
Көктемнің ең алғашқы шеруінде,
Қайыңдармен жүрейік қатар басып!
Мойныңда күлгін шəлі,
Жасыл көйлек – жаңа ұран көрікке шын,
Күлкіңді сандуғаш пен бұлбұл салып,
Гүлдер нəзіктігіңе еліктесін.
Иыққа құстар қонып,
Бұйыққан дүние бізге елеңдесіп,
Сені көрген адамдар құштар болып:
«Ақынның жары, шіркін, өлең!» десін.
Сен сонда əнтек күліп,
Көзіңнің жорта қара шалғайынан,
Мен, болсам, жүректерді өртеп тұрып,
Сүйермін сол өлеңнің маңдайынан.
Көктемнің бірі ме, ертең,
Секілді қыстың соңғы кеші кірген?!.
…Көресің, бір көктемді түбінде, еркем,
Мен сенің атап кетем есіміңмен!
Ерлан Жүніс
***
Жүрегіме жыр құйып көктен сарнап,
Мынау – менің құстарым жеткен самғап.
Қара жердің қайғысын сейілтеді,
Қанатынан күміс нұр көктем саулап.
Соғады әлсіз жібектей жел жұмсарып,
Жұпар еміп жібиді бел бусанып.
Сағыныштың тамшысын көктен үзіп,
Cал-көктемге жылайды жер мұң шағып.
Сабағынан сығалап сан мың бүршік,
Тал, терекке қолтаңба қалдырды шық.
Көктем мен жаз, күз бен қыс өрнек салар,
Шыр айналған дүние-ай, тағдырлы ұршық.
Күн көзінен күрең бұлт үркіп қашып,
Жер көктемге өлердей ынтық, ғашық.
...Кәрі қыстың кеткісі келмегендей,
Бір аяғын барады сылтып басып.
Қалқаман Сарин
* * *
Ақпанның соңы — ақ қардың соры,
Бақтардың бәрін жылатқан.
Сусиды көрпе жапқан күлтелі,
Сыңсиды сылқым бұлақтар.
Наурыздың басы — жалғыздың жасы,
Қар қыздың қош бол дегені.
Ағыл да тегіл тау -құздың басы,
А-ха-хай көктем келеді!
Керіліп шықты керім бел алдан,
Тебіндеп өскін - құлын жал.
Менің де қарғам көңілде жанған,
Сезімге малған жырым бар.
Жымия келді, қиыла келді,
Құйыла келді тұмаға.
Бізге де бір бақ бұйырады енді,
Булығып, сәулем, жылама.
Сол ескі жырдың жалғасы қалған,
Қысырдай қылпып түлеп ем.
Биылғы жылдың төл басы болған-
Бұлқынып туған бұл өлең.
Қайсар Қауымбек
***
Түргенде шымылдығын желекті аспан,
Естілді тірлік үні жел ап қашқан.
Бұрқырап буы аспанға жатқан қойдың,
Серкесі ерте оянып серектастан.
Түнімен тамған сәуле далаға айдан,
Шық болып шөп басына тұнады ойнап.
Қойшы аға шыға келді кердөненін,
Жетелеп қапталдағы қарағайдан.
Дидары жеңешемнің таңша ағарып,
Отырды тас ошаққа арша жағып.
Түтін-қыз тірлік иісін қалдырды да,
Аспанға сіңіп кетті аңсары ауып.
Ер салып жатқан ағам ысқырығы,
Секілді таңда оянған құстың үні.
Жеңгем жүр, бұрымында арша иісі,
Бүлдірген ерінінде қыстырулы...
Ретбек Мағаз
Ж. Жұмағұлов