- Негізгі бет
- Поэзия
- Ботакөз Бексары: "Мен...
Ботакөз Бексары: "Мен – сіздің Қателігіңізбін"
Қазақтың ақын қыздарының өлеңдері қашан да өз биігінде. Кешегі Фаризалардың даңғыл жолын жалғап, қасиетті қаламды жанына серік еткен ақын қыздарымыз жетерлік. Бүгінде Гүлнәр мен Жаннаны жата-жастана оқитын жастар көп. Солардың артынан келе жатқан ақындардың бірі – Ботакөз Бексары. Ботакөздің қаламынан туған туындылар сағыныш дерті меңдеген жандардың жанын жылытарына сенеміз. Ендеше, сағыныш сиясынан төгілген нәзік жырларды оқи отырыңыздар!
***
Күз-тырна қақты қанатын,
Қайда Көз жарқ-жұрқ жанатын?!
Қызғаншақ жігіт қайда жүр,
Мені тұтқындап алатын?
Ұялшақ Ай тұр тұтылған,
Түн сыңсып салды ұтымды ән.
Сол батыр жігіт қайда екен,
Көріп, тіл-ерін жұтылған?
Сала бермеші әлекке,
Менен ұйқыны дәметпе.
Сол жігіт пайда болса егер,
Болады ұйқы, тәбет те.
Мен жаққа мойынын бұрмаған,
Жолыма тұзақ құрмаған.
Тауып келші Оны, ТҮН, барып,
Алып келші Оны, ТҮН, маған...
***
...Күз. Қараша.
Сұп-суық жел азынап,
Қалтыратар қыс та жақын сыңайлы.
Мен сағына тұрайыншы азырақ,
Маған сені сағынғаным ұнайды.
Сағыныштың салмағы ауыр.
Көтердім,
Тәтті азаптың дәмін таттым нешеме.
Мен өзіңді жақсы көред екенмін,
Міне, қайда, міне қайда мәселе!?
Күндіз-түні аймалайды сыңар мұң,
Қу жанымның қуарғаны – далбаса.
Әлдеқашан өліп кетед(і) шығармын,
Махаббатың,
Шапағатың болмаса.
Сендегінің бәрін сүйем,
Бөлексің!
Жүрек... жаның... көзқарасың... дауысың...
Мен дүниеден өткенімше керексің,
Рақмет саған бәрі үшін!
Мен дүниеден өткенімше керексің...
***
Қадіріңді арттырғам шын,
Азапты әбден тарттырғансың, Сағыныш!
Сиқырың бар бір керемет,
Жантаясың іргеме кеп,
Сағыныш!
Сезші жүрек дүрбелеңін,
Айтарым көп. Үндемедім,
Сағыныш!
Мөлдір мұңым молайғалы,
Айналаңды маңайладым,
Сағыныш!
Алдайсың-ау ақ тілекпен,
Сенің дәмің тәтті неткен,
Сағыныш!
Сен өмірдің мәнісің бе?
Мұңым... күлкім - бәрі ішіңде,
Сағыныш!
Сенсің бе, әлде, өмір деген,
Пайда болсаң көңілденем,
Сағыныш!
Бірге туған Көлеңкемсің,
Жанымда бол өле-өлгенше,
Сағыныш..!
***
Таңғы уақыт. Жеті. Ұйқыдан асығып тұратын,
Ұйпа-тұйпа шаш мазасын қашырып тұратын.
Жуынатын бөлме. Ас үй бар. Төсек жинай сап,
Айна алдында...жүзінен нұры шашылып тұратын,
Аңсайсыз әлі сол қызды.
Жүрекке түскен уайымның бәр-бәрі індет тек,
Кофемен маңдай қыртысын аз-маз жөндеп боп.
Шүкірін айтып, жалма-жан көшеге шығатын,
Ертеңгі күнін ақыл мен арға міндеттеп,
Іздейсіз әлі сол қызды.
Ұйқысы қанбай, жаятын керіліп қанатын,
Хош иіс әтірін жұмысқа себініп баратын.
Жаңбырдың асты...суланып қозы көздері,
Жаңбырмен қоса көз жасы төгіліп қалатын,
Күтесіз әлі сол қызды.
Қол қусырсам, қу жүйкем жіңішкеред(і) деп,
Мен болмасам, бұл істі кім істемек деп.
Автобус күтетін таңда, аптығып жетіп,
Жұмысына жәйменен кіріскен ептеп,
Сүйерсіз әлі сол қызды.
Жан досым
(Саян Есжанға)
Сол Күздер қапталатын алтын түспен,
Көгерткен сол Көктемдер көсегені.
Біз ойнап алысушы ек салқын Қыспен,
Біз жүрген Астананың көшелері,
Бақытты шығар, досым.
Өзгелерше бөспедік "күйліміз" деп,
Сабақтан қашып алған шала білім.
Кетпеппіз атақ-даңқ пен билік іздеп,
Сен маған жұлып берген лала гүлі,
Бақытты шығар, досым.
Араладық біз ДОС боп уақыт ішін,
Естеліктер есімде ырғалады.
Күресіп те көрмеппіз бақыт үшін,
Сен сүйген сұлу қыздың сырғалары,
Бақытты шығар, досым.
Тыраулап тырна-күндер ұшып өтті,
Біз жіберген өмірдің қателері.
Ұшырдық талай қиял құсын епті,
Біз барған Астананың кафелері,
Бақытты шығар, досым.
Жүректе ойып жазған есімің бар,
Күлкінің күтсін сені алдан легі.
Сен менің сыйлаушы ең ғой шешімімді әр,
Астананың бізбенен алған демі,
Бақытты шығар, досым.
Арамыздан өтпепті бүлік деген,
Біз барған күлгін бақтың жапырағы.
Шығушы ед(і) менен түрлі қылық деген,
Біз басқан Астананың топырағы,
Бақытты шығар, досым.
Небір жайттар жігерді қамшылады,
Біз барған кітапхана сөрелері.
Біз малшынған жаңбырдың тамшылары,
Маған келген жігіттің төрелері,
Бақытты шығар, досым.
Бір шарықтап биікке, бірде құлап,
Сен болғанда ұнатпад(ы) пәс күй мені.
Алысқа салмап едік ірге бірақ,
Біз мінген Астананың таксилері,
Бақытты шығар, досым.
Сен маған таусылмайтын тыныс едің,
Еске алсам, бір Өкініш тұсай қалар.
Пиялайға құйып ап мұң ішемін,
Біз қатысқан жыр кештер, мүшәйралар,
Бақытты шығар, досым.
Өзімізше ең ұлы Ақын едік,
Айтарымыз көп еді, береріміз.
Қазірден әлдеқа-а-айда жақын едік,
Сол сәттер жазған тәтті өлеңіміз,
Бақытты шығар, досым.
Осының бәрі тәтті, тө-ө-өу әдемі,
Осының барлығы да куәгері,
Берік Достығымыздың!!!
***
Мені сүю – ол, жаралануға жол,
Көрмейін шетін салқындығыңыздың.
Сүйіктіңіз де емес, сүйгеніңіз де емес,
Мен – сіздің Әлсіздігіңізбін.
Тәтті умын, көптеп жұта бермеңіз,
Жанасуы қиын от ерініміздің.
Жалғызыңыз да емес, аяулыңыз да емес,
Мен – сіздің Қателігіңізбін.
***
Алдап жүр-ау кім-кімді?!
Қауіптену, күдіктену – біртүрлі.
Уатыңыз сол ойыншық жүректі,
Жұбатыңыз жүректегі бүлкілді.
Ұйқысыздық...
Таңымды ұрып ақ таңға,
Түсе алмадым Ұйқы дейтін қақпанға.
Не өзгерді Сіз мені іздеп келгенде,
Не өзгерді мен Сізді іздеп тапқанда?
Қаһарлымыз, өкпені үйіп, жындандық,
Сөйте-сөйте махаббаттан құр қалдық.
Шоршып түсті шабақтайын, құп-құйттай,
"Жүрек" деген тыпырлайды құрбандық.
Ет-сүйектен өтіп кетті дертіңіз,
Қақтайсыз ба,
Таптайсыз ба –
Еркіңіз!!!