Жалғыздық шәлісін бүркеніп жатырмын...

Жалғыздық шәлісін бүркеніп  жатырмын...

Құрметті оқырман, бүгін біз сіздерге жас ақын қыз Ботагөз Бексарының қаламынан туған туындыларды ұсынып отырмыз. Қазақ поэзиясының ұлы көшіне ілескен ару осы уақытқа дейін белгілі бір деңгейде өз оқырманын жинап та үлгерді. Біз оның мөлдір туындыларымен әдеби әлемнің төріне жетеріне сенеміз. Сіз де сеніңіз...

Ботагөз Бексары

Әуен

Табанымнан сыз өтіп...

Тарылды үміт,

Тірі үмітті бір үміт жаңылдырып.

Тарғыл-тарғыл тастайын

Тағдырымның

Жаз-жұмағы жүрген-ді сағындырып.

 

...тағы сұр Күз.

Сіресіп таңғы ызғары,

Тосқан алдан жұтынып сан құздары.

«Кел-кел» деген өбектеп өгей өмір

Өтіне ықтағанмын жалғыз барып.

 

Меңіреу,

Мең-зең күйде

мен мың күн кеп,

Торлауыт терезеңнен телмірдім көп.

Тағдырдың зауал төнген заматтарын

«Сын» деп ойлап, ойды оған

Көндіргім кеп.

 

Құлшынам...

Жұмбақ ырғақ талмай демеп,

Жетелейді сол жаққа...

Баурайды ерек.

Талмай демеп қайырылған қанатымнан,

Бұлдыр үміт үзігін жалғай демеп...

 

...жетелейді бір әуен әлі күнге...

 

СЕЗЕРМІСІҢ?

Дегбірім қалмай,

Дертіме дәру іздегем.

Дірдек қаққалы

Жүрекке орнап Күзгі Өлең.

             Дем берші, күнім,

Жылуың жанды жұбатсын, -

Үміттерімді үзбеген...

 

Көзіңмен сүйіп,

Сезіммен тұйық мұңыма ен,

« Сен бе? » деп елтіп,

Қошқылтым түнге үңілем.

             Сағыншы, жаным,

Кірпіктен кірбің жоғалсын,

Сағыншы мені шынымен...

 

Елең еткізген,

Ғашықпын саған, бүрмелі өң,

Сезермісің сен

Мендегі халді дүрбелең?!

              Сүйші, періштем,

Сезімің сұлу сүйесін,

«Өзің» деп өмір сүрген ол...

 

Шөліркетеді –

Перизат сезім, елес Мұң,

Лүпіл-ғұмырда

Өзіңдей болар жоқ ешкім.

               Ұмытшы! ... бәлкім,

 Дертіме дауа болар – сол.

 

Ал, мен...

Ұмыта алар емеспін!

..Кешір.

АҢСАУ 

Жүрегімнің

күн кешем жарасымен,

Дертке дәрмен болмадың,

жарасына – ем.

Екеуміз ес жаңыла ынтығатын,

Қаланың жалғыз жұтам ауасын мен...

 

Тұнжырап-түнересің,

Түнім, неге?

Қаяулы көкірегімді тілімдеме!

Өзіңсіз күндер жанды еш жылытпайды,

Ыңылдап, уілдеймін

Мұңымменен...

 

Шадыман шағым қайда:

күрсінбеген!?

Түсімде аймалайды

тылсым демің.

Жаныма оралмайсың Аспан жақтан,

Жүректен жоғалмайсың

дүрсілдеген...

****

Түнде отырам

АЙға налып,

Келмейтінің айдан анық...

Жандүниемнің жан дауысы-ау,

Тұрақтадың қайда барып???

 

Жан жұбатып

жылы ұшқыны,

Жайыменен жылысты күн.

Жұдырықтай Жүрегімнің

Неге ұрладың тыныштығын!?

 

Қайда шырын

сезім - балдай,

Кәусарына шөлім қанбай...

Амал нешік, лажсыз күймен,

Алабұртам,  жанып-жанбай...

 

Төзім біткен

түгесілген,

Сен де елегзіп жүресің бе!?

Шырылдайды-ай сәби - Сезім,

Сен дегенде...білесің бе???

ЖАУШЫ, ЖАУЫН! 

Жабырқайды

Жұпар жаңбыр тырсылы,

Тырсылымен ұқтырардай бір сырын...

Жүрегімнің жасын сүртем дегендей,

Өбектейді: арагідік күрсініп.

 

Нөсерлі Түн.

Кезіп жүрмін,  құр сүлдем,

Алаң ғылып, тыншымды алды тылсым дем.

Жан-жадымның күйзелісін жуып кет,

Сонсоң...сонсоң...

мүлде-мүлде күрсінбен!

 

Мөлдір Тамшы...

Аспан жақтан ағылған,

Сол мөлдірді сүюші едім, сағынғам...

Жан дертімнен айықтырар Ақ Жауын,

Әр тамшыңды

жақсы көрем жанымнан!

 

Жаушы, ЖАУЫН,

Жауа түсші, бұла Арман!

Жаушы, ЖАУЫН,

Жылулықтан құралған.

Күн-түніме әдемі әуен құйшы кеп,

Кірпігіме Үміт сепші жұбанған!

 

...Тілдесейін Тіршілікпен – ұнаулы,

Күй кешейін, шамам келмей жылауға!

Жаушы, ЖАУЫН,

Жандүниемді: жаңбырлы,

Өзің ең ғой ,

Өзің ғана ең, ұға алған!!!

ЖАУШЫ, кәне...

САҒЫНУ

Өртеніп өзегі Сезімнің мендегі,

Жылайды. Жұбатар жоқ ешкім.

...алайда ол сөнбеді, өлмеді,

Сүйрелеп алдағы өлі, өш күн.

 

... Шимайлап, өткенді сызғылап санадан,

Жалғыздық шәлісін бүркеніп

жатырмын. Жалғызбын.

                  Жалғыздық – жан анам,

Жұбатар жанымды боркемік.

 

Есалаң күйдемін...сандалған ой – қаңбақ,

Өткенім еңсемді езіп тек.

Бақытым өзге өмір қойғанда ап,

Жүрек-ау, сезіп пе ең???

 

Сезіп пе ем бақытын өзгенің,

Тонап ап жүргенін жүрегім.

(Сезер ме ем? Жазығым-сезбедім.

Білмедім...

               Кеше ғой, нұр өңдім!)

 

Жан-жүйем бір суып, бір ысып,

Кейде бір шарпиды отты өрнек.

Бөлмемде қалтырап, бүрісіп...

Отырмын, сезілмей көктемгі от.

 

...Төрт бұрыш...терезе телміріп

Қарайды. Үнсіз біз тілдестік.

Әуенін кеудемнің бөлме ұйып

Тыңдайды.

               Тыңдар ма ең СІЗ де өстіп???

 

...ХОШ енді!

Жүрегін жылытқын

өзіңнің гүліңнің... сүйікті ет!

Мен енді – елеспін...ұмытпын...

СІЗ үшін!

Елеп тек түсімде...

         ұмытпай

                 маңдайымнан сүйіп кет!

Жарай ма???

Себебі –

Мен СІЗді әлі де сағынам...

 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер автордың жеке мұрағатынан және vk.com, stihi.ru сайттарынан
алынды

А. Әбілхан