- Негізгі бет
- Поэзия
- Әмірхан Балқыбекке арналған...
Әмірхан Балқыбекке арналған өлеңдер - 2
Белгілі ақын Әмірхан Балқыбектің өмірден өткеніне бірнеше айдың жүзі болды. Жақсының аты өлмейтіні рас болса, жұрт таныған жайсаң жан біздің де көңілден өшпек емес. Ол дүние салған кезде жүрегі қарс айрылып, өзегін өкініш өртеген жандардың қарасы көп болды. "Тірісінде қадірлей алмадық-ау" деген ой кімді болмасын айналып өте алмады. Жақынырақ таныс жүріп, дәмдес болған, пікірлес болған бір топ естеліктер жазып есіне алса, ақын інілері һәм достары өкінішін өлеңге төкті.
Өлең кейде біраз уақыт жүректе бұлқынып жүріп, бір уақытта бұрқ ете қалатыны бар. Сол секілді Әмірхан Балқыбекке арналған өлеңдер әлі де жазыла түсуде. Назарларыңызға ақын ағамызға арнап кейінгі кезде жазылған өлеңдер топтамасын ұсынғалы отырмыз. Мархабат!
Әмірхан Балқыбекке
Иегіменен көрсетті уақыт қыр жақты,
Қыр жақты бетке ап қызарып барып күн батты.
Өмірдің өзі қаншама құнды десең де,
Өлім де сондай қымбатты.
Ертегі сынды ертеңнен ерте суыстық,
Тірліктен көрі құшағы жердің тым ыстық.
Аспаннан жұлып Ай іліп тұрған басына,
Моланың маңы кінәсіз, бейқам, тыныштық…
Өзіне беріп өлеңін шамшыл өмірдің,
Сен солай кеттің,
Тәрік еттің бәрін,
Не білдің?!
Асығыс қана аттанып кеттің ақырға,
Аңтарыла қарап, артыңда қалды тобыр – мұң.
Демімен күннің шоқтанып сөнген от арман,
Қош енді, досым, сөз болып қуып жете алман…
Басыңа сенің балбалтас әкеп қойсам ғой,
Алтайдан арғы – түркілер тектес отаннан.
Сен жалғыз едің бөрідей жортқан жапанды,
Жүрегің – Қозы,
Құдайың қасқыр қаһарлы.
…екінті бойы елесің кезіп жүреді,
Алматы деген қартайған мұңды шаһарды.
…Кетеді жылдар даңқыңды сенің қиянға ап,
Күркіреп күндей,
Булығып бұлттай жиі аунап.
Жап-жасыл нұрға қайта алмай жүрген жалғаннан
Аяисың бізді,
Кешіргін бізді, Ия, Аруақ..!
Әмірхан Балқыбекке
Қалауынша құн сұрамас фәни бұл,
Тас төбеңнен төңіректеп төнсе зіл.
Дүниені өзгерткенде сәби-жыр,
Сәбидейін сенші өзің.
Автор.
Еңку де еңку жер шалған,
Қысталаңда қылышынан қан тамып.
Одыраң қағып, ордалы жау төнсе алдан,
Қорқау құлдай қадамынан жалтарып...
Боз бетеге, жылағанда бұлт та ұлып,
Оғыланым, орға батып оқталдың.
Денесі қан дала жатса, жұрт құрып,
Мінген аттың тірсегінде кек қалды.
Орғыл құмда орда тіккен озалдан,
Бұралқыға тас атпаған тектім ең.
Қаба сақал қариядан сөз алған,
Қатулансаң Қашағандай өткір ең.
Базынасын тыңдап мылқау Тұран мен
Баба қырдың бота-дөңін баққан ер.
Құба жалды құла қасқа құланмен
Қағыл жерде қабыланша шапқан ер.
Қан күрең жон қазулы тұр қас көрі,
Мауыт шекпен жамылмастан қалды ма?!
Азуыңды айға жалат аш бөрі!
Бабыр шалдың басын қойып алдыңа...
Көне жолдан жетті маған көп ырым,
Төбемізден төнсе және көз анық...
Азынаған дауысында бөрінің
Түн жыласа бозарып...
Қасалы ұлдың қатарынан құлды іздеп,
Күйік шалған перілердің өзі-ақ сұм.
Қара аспанның қанатынан жұлдыз боп,
Қасиетті,
Қасиетті сөз ақсын!!!
О, Әмірхан...
Бір арудың күлкісі ұсап күлгендей,
Мың тұлпардың дүбірі елтіп жүргендей.
Тәтті өмірден неге кеттің, Әмірхан,
Түбінде у жататынын білгендей.
Сенсіз шаһар оранды ма мұңға кіл,
Сені есіне алады екен мұнда кім?
Жалғыздығын айға ғана жеткізген,
Көкбөріні келді өзің боп тыңдағым.
Сорғалатып сыйлай алмай балын бақ,
(Беті де оның алған, тәйірі, қалыңдап.)
Отқа айналып кеткен сенің ғұмырыңның,
Етегінде біз жүруші ек жалындап.
О, Әмірхан, сахи күннен нұр сөнбей,
Шеруенде қыр кеудесінен гүл сембей,
Келте үзілдің бір ғажайып күй сынды,
Күйдің тілін білсем ғой.
Бақұлдасқан барқыт белмен келіспей,
Сені өсірген бақытты елмен келіспей,
Сен келер деп «туған жеріңді» елте оқып,
Туған жеріңе ренжігем мен іштей.
... «сол Алматы жетімдігін жасырған»,
Сол адамдар ырқына тез бас ұрған.
Себе салған бір Алланың нұры үшін,
Ырыздығы үшін тағы шашылған –
Інілерің ірілікті құптасқан,
Сенің асқақ үмітіңмен нық басқан.
Сенің жастық жылдарыңның кейпінде,
Мың арудың түсінде жүр шықпастан.
Сағыныштан сызып атқан таңға ұсап,
Сенің қысқа ғұмырыңдай әнге ұсап.
Жанарыма ұялаған мөлдір шық,
Секілді бір мөлтілдеген тамды шақ...
О, Әмірхан, сахи күннен нұр сөнбей,
Шеруенде қыр кеудесінен гүл сембей,
Келте үзілдің бір ғажайып күй сынды,
Күйдің тілін білсем ғой.
Ұқсас жазбалар:
Әмірхан Балқыбекке арналған өлеңдер
Әмірхан Балқыбек. "Ақынның апологиясы"
Ақын Әмірхан Балқыбек студенттерге кітаппен қоса шоколад сыйлады
Әмірхан Балқыбек: "Кетемiн мен Сегiзiншi Аспанға..."
Сурет: ©Мassaget.kz, Мархабат Шойбекова
Ш. Талап