Қозыбай Құрман: "Жүрегімнің сен алғашқы тұрғыны"

Қозыбай Құрман: "Жүрегімнің сен алғашқы тұрғыны"

Қозыбай Құрманның сиясы кеппеген соңғы жазылған өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз. 

Көктем күнінде ауылға деген сағынышыңызды бір басып алыңыз. Өзіңізге керекті жылу мен мейірім табыңыз. Өмірдің әр күні ақын өлеңіндей керемет емес пе?!

 

Сені іздеймін...

Жырсыз әлем кірпіктегі мұң сынды,

Шайып кетер ғазал түгіл ырысымды.

Сенің қолаң шаштарыңнан төгілді от,

Жанарыңнан қадалды кеп мың сүңгі.

 

Дәмін сездім дәл өзіңнен бал бақтың,

О, Замира, алты-ақ әріп, ардақты үн.

Ләйлім өзің екеніңді кеш біліп,

Мәжнүн болып жындана да алмаппын.

 

Шүлен аңсап ұмсынатын жүрек - гүл,

Сол ақ нұрға жүрем жетпей жүдеп кіл.

Төлегенің бола алмаппын, болмаппын,

Соған сенем, сен ең өзі Жібектің.

 

Көгереді көктем сайын тал қанша?

Қайың дер ем, сұлу емес ол да онша.

Сездім бүгін сүйем сүйем... сені әлі,

Соңғы демім

Соңғы арманым қалғанша!

 

Мұраттарға болған ғашық өскелең,

Мөлдір сезім – сол баяғы ескі өлең.

Сені іздеймін терезеңнен әр таң боп,

Сені іздеймін балконыңнан кеште мен.

 

Мақпал қара бұрымыңа нұр сіңіп,

Кеуде тұсым мекен қылып жүрсің, ұқ.

Өзіме де обал жоқ-ау?!

Обал жоқ,

Сені көрсем өтем үнсіз күрсініп.

 

Елдей, сірә, емес өктем бұл қайғым,

Өзегінде күй тулаған – қылдаймын.

Әр көктемін шақыра алса адамзат,

Көктем-қызым, саған қолым бұлғаймын.

 

Мұраттарға болған ғашық өскелең,

Мөлдір сезім – сол баяғы ескі өлең.

Сені іздеймін терезеңнен әр таң боп,

Сені іздеймін балконыңнан кеште мен.

Жүрегімнің сен алғашқы «тұрғыны»


Қос мұңлықтың маңдайы боп түйісіп,

Бекер қабыл алдық па екен сыйды анау?

Бал-балаңдық болар, бәлкім, сүйісіп,

Біздің жүрек тым ертерек күйген-ау!

 

Тағдыр күйін шерте білген перің кім?!

Болса, кәне, мен жолығып жүгінем.

Сен тағы да жарқ етіп бір көріндің,

Қарашықтың толқып шығып түбінен.

 

Солғыңды жағалауға бір баспай,

Толқын ба едің о, құдай-ау, тынбаған.

Ай сынды едің, ай қабағын тұрды ашпай,

Мұңға малып кірпіктерін мыңдаған.

 

Қайтсем саған алып ұшып жетем деп,

Неше көктем сені аңсады қыр гүлі.

Кеуде тұсым қалған мәңгі мекендеп,

Жүрегімнің сен алғашқы «тұрғыны».

 

Жасыл-жасыл аралатып бақ ішін,

Тыңдатар ма ем тамылжыған күй түрлі.

Ғажап сенің сонда кірпік қағысың,

Қағысың тым сүйкімді…

 

Сағынатын сұлулықты соны ұғып,

Сәтім менің болған, сірә, аз қандай?

Тек өзіңмен бір-ақ рет жолығып,

Бір-ақ рет қоштасуға жазғандай.

Даңқ 

 

Жолаушы күн тау асып ала барқын,

Нұрын төкті тебіреніп далама алтын.

Күн сап қарап тұр ма екен күтіп ұлын,

Кірпік ілмей оянған анам әр түн.

 

Жанымды жүр Алатау сызбен емдеп,

Сағынышым төгілді күзгі өлең боп.

Мен де елеңдеп қоямын көп ішінен,

Табатындай сіздерді іздеген боп.

 

Ұрлап ішіп бір шуақ көшкен өңнен,

Табылдың ба, жан әке, кеште дөңнен?

Отырсың ба елітіп жаның күйге,

Қыр төсіне қызығып кестеленген.

 

Жайқалады мүмкін ол мұратың боп,

Жанарыңда лапылдап тұратынды от.

Алматыдан есерлеу көршің келіп,

«кетіпті ұлың»  дер мүмкін «ұлы ақын боп»

 

Көрсетпеген жаныңнан бөтен бой көп,

«боп барады» деп кейіп «осы елде ой жоқ»

Селсоқ қана көршіңе жымиасың,

«ұлым әлі тентектеу екен ғой» деп.

 

Алшы түсер үйірер асықты әр кім,

Не сый көрдің басқа одан?

Тасып қалғын!

Мен өмірге ұлы ақын болуға емес,

Сенің ұлың болуға асыққанмын.

 

Кіресің арғымақ боп түсіме кей,

Тұра ма құлын кеудем кісінемей?!

Сенімен мақтанатын жайымды айтсам,

Мына жұрт-алқап, тегі, түсіне ме, ей?

 

Жә, қойдым, ұшырайын шабытты алға,

Тек асқарым мәңгілік шаңыттанба!

Сенің ұлың болғаным биік маған,

Ел қызыққан сол әлгі даңқтан да!

Алатауым – көнекөзім

Түнектен қашар сәби өң –  бұлқынып арай,

Кеудеме қонды көшіп кеп қыр түні жанай.

Әлемнің барлық шат мұңы қонақтайтұғын,

қимылдайды әсем аспанның кірпігі қалай?!

 

Таласпай өзге сұлулық зеріне бөтен,

Қалпымен осы болған сан серіме мекен.

Қарайыншы анау шыңыңнан ентіге шығып,

Арманы сонау бабамның көрінер ме екен?

 

Ата жүзімен атады күй төгіп таңым,

Қар көңіліңмен ғаламның сүйші еріп бәрін.

Мың арқа сүйеп құзына заңғар шалының,

Әже-тау есті ғасырлап шүйке бұлттарын.

 

Сезінем сондық қырынан мейірін мамық,

Жетеді саумал жел ептеп пейіліңді алып.

Мұраты жырақ өзіңнен жандар үшін де,

Арманы сендік жүрекпен кейідім налып.

 

Маңдайыңа әжім өрнектер құлама бесін,

Тарихыңды өткен тау не бір сұрана келсін.

Мен сені сүйем тек ғана көне көзім деп,

Әкем деп соқсын,

Өзгесі кіл ана десін!   

Әкеге хат 2

Күмбір-күмбір дыбыстарды сүйем мен,

Бересің бе ұлы рухым – кием дем?

Жетім шалдың мұңы бәлкім жерленген,

Жесір зары мұңға ғана сүйенген.

 

Шуақты сәт не әсем бір, қайғы ада,

кедей түгіл ұнайтұғын байға да.

Әлде, бұл күй мекіренген қой үні,

Ит дауысы құлықсыздау жай ғана.

 

Түйе даусы-ау боз ала таң боздаған,

Менен бетер аруана кеуде сезді анам.

Сауымға тұрды: « иіп кеп тұрған інгеннің,

Ботасын ағыт, мейірі қансын, тез, балам!»

 

Шық толы майса шөлдейді қанша шүленге,

Ғашық боп біттім ғайыптан тамар гүл өңге.

Таңдарда тұрам саусағым жайып аспанға,

«Шуағым келіп мені де тезден бір емде!»

 

Өрістеп малым, еремін соңы тырмысып,

Қыратпен бірге байқамай аппақ нұрды ішіп.

Құла тайменен жарысып құлын жастығым,

Бозторғайменен барады бал күн бірге ұшып.

 

Ұқтырам қалай, бұл күнде мұрат дара деп,

«Кеше ғой ,әке, қолғанатқа да жарап ек.

Жырақта жүрмін жарымай жаның жәрдемге,

Қала берсемші қасыңда мәңгі бала боп...»

 

Жеткізер мұңын бастағы мың сан күй не бір,

Есті екен тек сол еркелік әлі үйде жүр.

«Жетімсірейді жаны ұдай жүрген тау аңсап,

Сұлулықты, әке, өмірден бетер сүйген ұл!» 

Аспан қызы немесе Баянды күту

 

Табиғатта сан жәйттер бөлген ірге,

Шомыл баққа кел, досым, сен де бірге.

Аспаннан көрем аққан бір өзенді,

Сол жаққа әр сәт қарай бергенімде.

 

Тағдыр жиі кей нені елеп сынар,

Тіршілік бәріне ұдай себепші дәл.

Құс жолы көкте сонау ағады үнсіз,

Аспанға да бір өзен керек шығар?!

 

Білем қанша сондық ой, жыл өткенін

Жүрдім сырын білуге тілеп те оның.

Сол өзеннің бойынан күтем кімді,

Іздеп жүрген болар деп бір өткелін.

 

Түс көрем тоймай қарап бастан жүзін,

(бұрымынан иіскеп жатсам ба ұзын?)

Өңімде таң боламын сосын келіп,

Мен сүйіп қалдым ба деп аспан қызын.

 

Жетеді ынтық әуен-көктен бір үн,

Сол жаққа арнайтындай көктем гүлін.

Ұқтым мен сонда ғана бағзыдағы, 

Сұлулар көкке ұшып кеткендігін.

 

Уәдеңде бар сияқты сезем берген,

Бәлкім сонау ғасырда-кезеңде өлген.

Келмейтіні шынымен қорқады олар,

Өткел бермес жердегі өзендерден.

 

Тұрсамда мөлдір әлем саяңда аман,

Ғарыштан мен бір қозы ем жай аңдаған.

Күтемін қашан өтіп сол өзеннен,

Келер деп Баян маған...  

сурет:zhasorken.kz;  

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига