Асылай Ниязбаева: "Түн ауса түсіме енбеші, Өтінем!"

Ниязбаева Асылай Қайрошқызы 1997 жылы 10 қыркүйекте Атырау облысы Индер ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Орал қаласындағы Маxамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, филология факультетінің  студенті.
 
Ақын көңілі қашан да құбылмалы. Сағынышқа толы ғұмыр сапары қай жаққа бастары белгісіз. Сүйген пенденің азабын да көбірек етсе керек, Тәңір. Асыл сезімін ардақ тұтқан Асылайдың ақын жүрегінен төгілген жүрек қылын шертер жырларын оқи отырыңыздар!

Өкінбе
 
Бір асқаққа шыққанында мың күйіп,
Бір асқақтан құлағанда тым биік,
Бір арманға жеткеніңде нұр құйып,
Бір арманға алданғанда тұңғиық,
 
Бір мақсатың орындалса алдағы,
Бір мақсатын болмай қалса жолдағы,
Бір алтынға кезіккенде таңдағы,
Бір алтының жоғалғанда қолдағы,
 
Бір елеске ергеніңде есірген,
Бір елестен қашқаныңда кесірмен,
Бір адаммен болғаныңда кешірген,
Бір адамнан айрылғанда өсірген,
 
Бір күндері атса таңын қуатпен,
Бір күндері батса күнің сұрақпен,
Бір жылдарың көмкерілсе шуақпен,
Бір жылдарың өтіп кетсе құр уақпен,
 
Бір уақытқа сенгеніңде қымбат тым,
Бір уақыттан адасқанда жұмбақ тым,
Бір бақытқа қол созғанда сымбаттым,
Бір бақыттан қол үзгенде үн қаттым,
 
ӨКІНБЕ!
 
 
Әмір
 
Жоғалған ғасырдың жүзінен тіріліп,
Беймәлім сезімге танытып ірілік.
Сіз қайда кеттіңіз?!
...аяулы жүректің үмітін күл қылып, 
жанына мұң іліп.
 
Сіз қайда кеттіңіз?!
...ғаламның сынығын,
Су түбі сақталған мөлдірлеу тұнығын,
Өзіңмен белгісіз жақтарға арқалап,
Сезімге тым бөтен сап қойып құрығын.
 
Сіз мүмкін кеткенсіз...тоналған шақтардың,
Мен әлі бармаған ғайыпты бақтардың,
маңдайын иіскеп, арқасын сипалап
жүрегін құшақтап 
бастаған ақ қардың.
 
Ауырлау үкімін жанардың жолдатып,
Мұң кешіп өткерген қайрылмай жолға түк.
...Сіз бәлкім жұлдызға сіңген де шығарсыз
Аспанның әмірін орнатып!
 
 
***
Жүрегі оның жалпыға сұлу
Өзіңе бірақ тым бөтен.
Айыбы оның талқыға шығу
Жылатып қойса мұң көкем.
 
Шырмалып бітіп өзі еккен гүлге
Жанары іштен ауырлай.
Жанын ұсынды кезекпен Күнге
Жалғыз өскен бір қауымдай.
 
Түнге тұншығып, жырға малшынып
Азапқа ғана қарайтын.
Еш пенде білмес сырға жаншылып
Ақ шашын неге тарайтын.
 
Бейнесіменен ғайып мүсінді
Өзінен мұңы биік боп.
Ол сосын тағы Жайыққа сіңді,
Адасқан сөзден күйік көп.
 
Жүрегі бірақ пендеден ғажап
Көпшілік дәлел келтірді.
Тағы да оны сенделген азап
Өлтірді...
 
 
***
Жылт еткен сезімнің сәулесіндегі 
Мейірге қана алмай,
Адастым өзімді таба алмай.
Елеңдеп ескірмес жолдардың үстінде
Күтемін жүрекке ол келіп от сезім жағардай.
 
Күтемін сағаттың тықылы 
беймаза күй ойнап,
Табардай тағдырым сый ойлап.
Есірген елеске еремін еріксіз
Жүрекке салған соң азап, мұң жиі ойнақ.
 
Күрсінген көктемім жанымды жаралап тағы алды,
Жүрегім нендей бақ таба алды?!
Жалғанға қаттырақ сенгенім үшін де
Мендегі мұңды әлем үмітпен тосуға жаралды.
 
Маңдайдан асам ба,
Мен енді қалайша күн кешсем?
Тілсіздеу тылсыммен үндессем.
Сезімнің шарабын ішкен ем әу баста
Мұншалық ауырлау екенін білместен.
 
 
***
Ғасырдың шеріндей
Тым ұзын маңдайдың қайғылы һәм мұңлы сызығы.
Керілген, кербездеу сұлудың ұстатпас беліндей,
Тағдырдың кигізген  жұқалау жүзігі.
Ғаламның бетінен
Таппағам төбеме мәңгілік адаспай қонар бақ.
Жанынды шыдатпай ауыртар суық жел өтінен
Жанардан құлар жас тоналмақ.
Ғарыштың беймәлім
өзімді азапты тұтқыны сынайлы сезінген кезімдей.
Дертімді тануға  тырысып жетпесе кейде әлім
Тәңірге оқылар дұғалы сөзімдей
Ғайыптың жазуы
Лайланған осы бір сезімнен мезетке мені де емдеші.
Сайтандай ойлардың жүрекке өз орын қазуы
Түн ауса түсіме енбеші,
Өтінем!