Қазбек Сағидолда: "Қараймын өртке оранған шыңға тура"

Қазбек Сағидолда: "Қараймын өртке оранған шыңға тура"

Қазбек Сағидолда 1993 жылы Павлодар облысы, Лебяжі ауданы, Аққу ауылында дүниеге келген. Облыстық, республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы. Қазіргі таңда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің, филология институтының 4 курс студенті.  

Жас ақынның бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

Өлең жазамын

Оңаша қалып ойға батқанда,
Жұлдыздар көктен жайнап аққанда.
Ерке де ессіз шумақтар келіп,
Ақ алқымынан аймалатқанда.

Көңілге сыймай күш тұрғанында,
Шабыт шақырып ысқырғанымда.
Әдемі әсем шумақтар келіп,
Қыпша белінен құштырғанында.

Бағынбай кетіп ми бізге мүлде,
Кеудені жалын күйгізгенінде.
Қылықты қыздай шумақтар келіп,
Бал ерінінен сүйгізгенінде.

Жыр жазылуға тиіс беттерге,
Басқаны өмір жиі істеткенде.
Сұлу да сырлы шумақтар келіп,
Қолаң шаштан бір иіскеткенде.

Өзімнен өзім өлең жазамын,
Жалғыз отырып көрем ғажабын.
Содан соң ғана хатқа түсіріп,
Басқаларға да төгем ғазалын.

Тазалық

Алматыдан аулақпын, Есіктемін!
Тау самалы тербеткен бесіктемін.
Ауылдың балшығы мен лай батпағын,
Келемін толарсақтан кешіп тегін.

Осында екен тазалық тым керемет,
Бұл жақта күндер ерек, түн де бөлек.
Көкірегін бір керіп ауа жұтса,
Көк түтін болар екен кімге керек?!

Табиғаттың тамаша көрінісін,
Көру деген ғанибет көңіл үшін.
Әттең, әттең қалаға қамап қойған,
Бұза алмаймыз бәрібір өмір ісін.

Алматыға қарасаң шеттен биік,
Көк түтіннен жатқандай шекпен киіп.
Үш жыл болды жүргелі бұл қалада,
Кеткен шығар кеберсіп өкпем күйіп.

Сондықтан да ауылға көп барайық,
Бір жағы кең тыныстап шаттанайық.
Бір жағы қам көңілді ағайынның,
Ақ тілек, ақ батасын ап қалайық!

Досха хат

Сәлем Достым!
Қалайсың? Есенбісің?
Сыр құяйын, кәнеки кесеңді ұсын.
Айтылмаған әңгіме көп қой менде,
Мұң мұхитын менімен кешермісің?!

Соңғы кезде бақ кезіп жиі кетем,
Сезімдерге бөленіп сыйы бөтен.
Бір жүргенде қызықты күндерімнің,
Белгілерін жаныма жиып өтем.

Есіңде ме?
Мұң еді жүргеніңді көру сенің,
Бір жарық өз өзінен сөнуші еді.
«Бойымда тоқ тартатын күш бар» деген,
Әзілің көңіліме қонушы еді.

Кейде сол жарыққа кеп тоқталамын,
Ішімнен «өшеді-ау» деп оқталамын.
Сөнбейді ғой, шіркін-ай, сөнбейді ғой,
Амалсыз көңілсіздеу боп қаламын.

Бұлқынғанда бұл іске көнбей жүрек,
Мәнісін әр тылсымның көрмейді көп.
Тәңірім түсіндіріп тұр екен ғой,
«Достық – жарық ешқашан сөнбейді!» деп.

Анаға сағыныш

Жалауым желбіреген түсті құлап,
Сағыныштан сарқылып ішкі қуат.
Жалғанда жарық күннің қызуынан,
Ананың алақаны ыстығырақ.

Айналса да алаулап күн батуға,
Қараймын өртке оранған шыңға тура.
Тірліктің тамашасын тәрк етер ем,
«Ана» деп тағы бір рет тіл қатуға.

Еркелеуші ем болсам да ересек тым,
Келмейді әттең сол күнді елес еткім.
Сіз бар кезде алсам да асуларды,
Сіз жоқ кезде дей алман белес өттім.

Өмір – жалған, қас-қағым бояма шақ,
Қалағанын қара жер қояды асап.
Кейде анашым түсімде сізді көріп,
Жас аламын көзіме ояна сап.

Кеудеме кеп өкініш орнағасын,
Көп іздеймін түскенше торға басым.
Амалсыздан қараймын суретіңе,
Қолдан келер құдірет болмағасын.

Кетсе дағы көңілім құсқа айналып,
Сіз бар жерден алысқа ұшпайды анық.
«Қойшы, Мама!..» деп жатса кейбіреулер,
«Шіркін-ааай...» деп тұрамын іштей налып.

Толмай кетті тірлікте гүлге етегің,
Паналашы пейіштің нұр мекенін.
Алла жазса өзімнің ұл-қызыма,
Ең бірінші мен сізді үлгі етемін.

Ауылға сағыныш

Шіркін-ай!
Ауыл қандай тамаша еді?!
Тамағымда тұр әлі бал әсері.
Бәрі де қарапайым, жұрты жайсаң,
Көзіне мейір тұнған қараша елі.

Мал аралас, жататын қой қоралас,
Онда барсаң тумайды ойлар оғаш.
Барлығы да ақ жарқын, аңқылдап тұр,
Мәрт мінездер көңілді майдаламас.

Жүргендіктен өзіңнен шет тысқары,
Сағындырар, сарғайтар көп тұстарың.
Тәрбиелеп жатырсың құшағыңда,
Ертеңгі елдің беделді бетке ұстарын.

Жүректе жабырқаулы жыр гүлдеуде,
«Қайдан келдім, құдай-ау, бұл бір жерге?!»
Деп сағынып кеңдікті ауылдағы,
Тас қалада тарығып жүрмін мен де.

Сарай қызметшісі

Неге хатсыз, хабарсыз қалдың күнім?!
Амалсыздан шағамын жанның мұңын,
Сенен, қалқам, бір белгі беретіндей,
Тағат таппай күтемін таңның нұрын.

Тағдырына көнеміз тар маңдайдың,
Мен де бір сөну үшін жанғандаймын.
Санаңдағы сарайдың ең елеусіз,
Бөлмесінде қамалып қалғандаймын.

Кеткен едің көңілің ауылға ауып,
Темір жолды тез жеттің бауырға алып.
Ескерусіз қалдым-ау, еш көрусіз,
«Ескі достар» деген бір қауым барып.

Саған ешбір өкпе де, кінә да жоқ,
Өзім жаза басқам-ау сірә да көп.
Көзсіз жүрген жолыма көңіл қойдым,
Тірелгенде табаным жыраға кеп.

Жан серігім жалғанда сен болмасаң,
Қайтемін жүрегіме ем қонбаса?
Санаңдағы сарайда бағанағы,
Қызметші боп жүрейін ең болмаса.

Сурет: жеке мұрағат, almcity.kzАрман Хайруллинtengrinews.kz.

Ш. Талап