Google Android платформасын көлікке бейімдейтін болады

АҚШ ақпараттық агенттіктерінің хабарлауынша, Google компаниясы көліктерге арналған Android-тың жаңа нұсқасын дайындап жатыр. 

Ағымдағы жылдың жазында Google көліктегі экранға тұтынушы смартфонындағы қосымшаларды шығара алатын Android Auto жүйесін таныстырған болатын. Көп өтпей Apple және Microsoft компаниялары да Google өніміне аналог болатын Apple CarPlay және Windows in the Car бағдарламаларын ұсынды.

Алынған ақпаратқа орай, Google жаңалығы басқа аналогтардан айтарлықтай өзгеше болмақ. Жаңа Android нұсқасы смартфонсыз қосылып, көліктегі бағыттық жүйені көрсетеді. Жүргізуші қозғалтқыштың әр оталған кезінде Google қосымшаларынан ақпарат ала алатын болады.

Android Auto болашақта көліктің әр түрлі компонентін назарда ұстамақ. Мысалы, автомобильдің жанармайы таусылуға жақын қалған кезде ең жақын жанармай орталығына бару бағытын көрсететін болады.

Сурет: www.wired.com