Несіпбек Айтұлы. Ақыл-ойың қаңғырып жүр, ақтай алмай борышын...

Несіпбек Айтұлы. Ақыл-ойың қаңғырып жүр, ақтай алмай борышын...

Несіпбек Айтұлы  1950 жылы 22 қыркүйекте Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданына қарасты Теректі ауылының Апиынды бұлақ деген жерінде дүниеге келген. 1962 жылы ата-анасымен атамекенге оралып, орта мектепті бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Баршатас ауылында бітірген. Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастаған. 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 

«Көз жасым» (2006), «Бөрітостаған» (2007), «Құланойнақ» (2009) атты кітаптары және «Бөгенбай», «Бердіқожа», «Шақантай», «Қараөткел қырғыны» т.б. поэмалары жарық көрген.


 

 

 

БӨРІТОСТАҒАН

 

Шығыс Қазақстанда Ақсуат жерінде мидай жазық далада жатқан алып жұмбақ тастың аты.

 

Бөрітостаған,

Бөрітостаған,

Жұмбағыңды айтшы, кəрі тас маған?

Таңырқасын деп жердегі пенде,

Аспаннан бəлкім пері тастаған.

 

Жатырсың күтіп тағдырдан нені,

Айналып тасқа қаңғырған бөрі.

Емес пе екенсің ертеде келіп,

Құдайдың ұмыт қалдырған мөрі?

 

Толқытып тұрсың санама сыймай,

Əлемнің жеті ғаламатындай.

Кім екен тастап жапанға жалғыз,

Сыйлаған тағдыр саған осындай?

 

Бүп-бүтін іргем сөгіліп көптен,

Көз жасым қанша егіліп төккен.

Сен де бір мұңлық, мен де бір мұңлық,

Тауынан туған бөлініп кеткен...

ЖЫЛАЙ БЕРМЕ


Жүз толғанып, мың ойланып,

Жылай берме, мұңлы ақын.

Күн шыққанмен шыр айналып,

Қайта келер түн жақын.

 

Қонбады деп бүгін бақыт,

Жабырқама, налыма.

Кеткенменен күнің батып,

Таң атады тағы да.

 

Тұрлауы жоқ бұл өмірдің,

Таусылмайды күйбеңі.

Кімге керек жүрегіңнің

Жалын шалып күйгені?

 

Азап пенен сорға батқан,

Емессің ғой сен ғана.

Ақ қағазға сорғалатқан

Көздің жасын сан дана.

 

Мұңын тыңдап жырлағанның,

Жан көрмедім иліккен.

Басы айналды бұл қоғамның,

Байлық пенен биліктен.

 

Бал тамызсаң таңдайына,

Кісі бар ма сөз ұқпақ?

Жазылған соң маңдайыңа,

Талқысына төзіп бақ!

 

Пенделерге тағдырың бір,

Берсеңші, ақын, қол ұшын.

Ақыл-ойың қаңғырып жүр,

Ақтай алмай борышын...

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: provocativechurch.com

M. Auelkhan