Ардақ Нұрғазыұлы. Жұмекен Нәжімеденовтің соңғы монологы

Ардақ Нұрғазыұлы. Жұмекен Нәжімеденовтің соңғы монологы

Нұрғазыұлы Ардақ — ақын, прозаик һәм сыншы. 1972 жылы дүниеге келген. 1995 жылы жоғары оқу орнын тамамдаған. 1991 жылдан бастап шығармалары жарық көріп келеді. 2006-2008 жылдары «Шетел әдебиеті» газетінің Бас редакторы болған. Қазір «Алматы ақшамы» газетінде тілші. «Жалған бостандық кітабы» (2009 ж.), «Арақұс» (2012 ж. қазақ-қытай тілінде)  өлең жинақтарының, «Қазақтың модернистік поэзиясы» (2010 ж.) сын еңбегінің, «Сызықтар мен нүктелер» (2010 ж.) әңгіме жинағының авторы. Өлеңдері ағылшын, қытай тілінде жарық көрген. 

1. Жұмекен Нәжімеденовтің соңғы монологы

 

Қане, қаншалық тереңге шөге аласың?!

Мүжілген,

Малтатаста да бар қасірет,

Тұңғиықта мәңгі қалғандығы үшін емес.

Домбыраның екі ішегі ешқашан тілдеспейді,

Оларды шанақта саусақтар қосады.

Мұхиттың тереңінен жеткен үн

Қос ішектің көкірегінде күмбірлейді.

 

Гүлден көтерілген өрнек қалықтап кеп

көкірегіме қонғанда,

Таңдайымда сөз қалды ерімей.

Дала күңіренгенде қасіреттен,

Сәбидей шыр еттім.

Өзімді өзім құшағыма алып, жасырып қалдым.

Содан да жырымның түбі қараңғы.

 

Тағдырдың бас жібін жұлқылаған асаудай

Күндер өтуде.

Соңымнан түскен ізден адастым.

Қаламымның ұшынан анталайды көлеңке.

 

Құлазыған құзда тұрсам да,

Білемін,

Арайлап атқан таңның алтын шуағына

шомыла алмасымды.

Мұхиттың мен кешпеген толқындары тынар,

Шаң-тозаң айыққанда,

Шыққан күн мен батқан күнге оқыған

Мінәжатым да.

2.    Елес

 

Тарихтың қан сасыған ауласында,

балталарын сүйеп қойып,

Екі жендет шахмат ойнап отыр.

Тұсауы кесілген сәби тәлтіректеп,

Күйген қанатымен көтеріліп ұша алмаған

көбелекті қуып жүр.

Қоршаудың сыртында біреулер

таласқан әтешке үймелеп,

Қалпақтарын аспанға атып жатыр.

Мешіттің төбесінде көлеңкесі жоқ қиық ай бұлдырайды.

Таңғы азанға оянғандар қатарға тұруда.

Шырақшысы кешіккен тас табыттың түбінде

Құлағы мен құйрығы шұнтитып кесілген ит

байлаулы тұр,

Ол ит үрмейді, ұлиды.

 

3.   Көлеңке

 

Есіктің көзінде күннің нұры.....

Көлеңке.....

Тотықұс түсті көбелектің жалған көзі

Почта әкелген хатқа жазылған есім

Төгілген жапырақтан

Сенің елесіңді көрдім.

Сынған кілттен –

Құлыпта қалды тат... қанық бояу...

Сенің реңің.

Ұшып өтті шіркей

Қалды көз алдымда із —

Сенің ізің.

Саусағымды малдым бояуға,

Маған ұқсатып сыздың өзіңе шеңбер.

4.   Жұмыртқа

 

Базардан қайтып оралғанымда

Балам қолыма қарады,

Дүние доп-домалақ, жарылмаған жұмыртқа дегенді

Әлде бір досым айтқан-ды.

 

Көшеде, машина бекетінде

Әлдебіреулер енді біреулерді

Тарпа бассалды да, ұстап әкетті.

Жұмбақтың шешуін өзі айтқан жанның

Аузына қарап қалғандай,

Аңтарылдық та, қалып қойдық біздер.

 

Бірі көтеріліп, бірі басылған екі табанның аралығы,

Ағашта құс

Бір бұтақтан бір бұтаққа секірді.

Қолында алюмин таяғы бар сақшы

Жолдың қарсы жағында тұрған біреуге зекірді.

 

Көшеде шашылып жатқан сары жапырақ –

Табанмен ойнайды.

Мен танымайтын нотаның цифры –

Сызықтан түсіп қалды.

 

Тасқа тасты ұрсаң

Быт-шыт болады,

Оны түсінуге де болады.

Жұмыртқаны неге тасқа ұрады,

Ол жұмбақтың шешуін кім ұғады?

Әлде бар ма еді, таста

Жұмыртқаның дерті.

 

5.    492- Ядролық жарылыс

 

Қас қарайған шақ еді,

Қарауытқан батыстан, кенет,

Алаулап таң атты.

Бұрында осындай болған.

Біздер ойыннан тоқтадық.

Әу баста қорықтық, соңынан мәз болдық...

Ойынға жүгіріп бара жатып, аз кідірдім

Түнектен жарқ етіп көтеріліп,

Қараңғыны кеудесінен итеріп тастап,

Соңынан қараңғыға сіңіп бара жатқан

жарыққа қарадым:

Ақырғы сәулелер төбемнен ауып барады...

 

Кешкі асқа шақырған шешемнің

даусы естілді.

Қош бол, жарық! — дедім мен

аспанға қарап.

Сөйтсем, мен емес,

Ол қоштасып тұрыпты.

 

Жолда тұр білеу 

 

Тағы да,  үнсіздік қасымдасың,

Саусақтарың алақанымда.

 

Артистер саханада өзара бетперделерін ауыстырып,

Қанжарларын жерге  тастап жаты.

Ойынның соңғы нүктесі секілді,

Көрермендер орындарынан тұрып

Дүркіретіп шапалақтарын ұрды.

 

Түсірілген перденің ары жағында

Дабыр-дұбыр дауыстар естіледі,

Көрермендер жайымен тарап барады.

 

Қойылым енді басталды.

Аялдамада көліктен жаңылып түсіп қалған біреу

Түндей қарауытып, жол бойында тұр.

Атыздан көтерілген торғайлар бір айналды да

Қайтадан әуелгі орнына қонды.

Желмен толқыған масақ теңізінде

Үнсіз тербеледі қарақшы.

 

Айғай

 

Есіктің алдынан біреу айғайлап өтті,

Бұрын да солай болған.

Бір жылдың алдында ма, бір ғасырдың алдында ма

Есіктің алдынан тағы біреулер айғайлап өткенде,

Үйде отырғандардың тамағында сол айғай тұрған.

Оны біз ұмытып қалғанбыз.

 

Бір минуттың алдындағы іс есіңде ме,

Сенен бұрылып кетті ол,

Әне, ұмытудың артында тұр.

Тоғайда көлеңкеден

Қашан да көрінбей қалмай ма жол.

 

Бүгін далада тоғай жоқ болғанымен

Қалаға апаратын жол әлі бар,

Сондағы соқпақ оқтай түзелгенімен

Із де, шаң да жоқ,

Қас қарайғанда артыңа елеңдеп қарағаныңмен.

 

Алға бір адым аттағаныңда

Қолыңдағы шылымың темекіге ауысыпты,

Кім сонда

Сенімен айырбас жасаған.

Жерге түскен темекінің күлі де

Күл-талқан болды,

Қас пен көздің арасында.

Кім сонда біздің қолға

Тағы бір тағдырдың тізгінін салған.

 

Тізгін мен шылбырды

Қашан да мықты ұстауға тырысамыз,

Онымыз ескіден қалған жара.

Түнде далаға шыққанда неге аспанға қараймыз,

Әлде іздейміз бе

Төбеден төніп тұрған мұңлы жанарды...

Алайда оның сірә не екенін өзіміз де білмейміз.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: kazakhtv.com

M. Auelkhan