Шұғайып Ақынұлының өлеңдері

Шұғайып Ақынұлы – 1987 жылы ҚХР Алтай аймағы Көктоғай ауданында дүниеге келген. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Өлеңдері мерізімді баспасөз беттерінде жарық көрген. "Жас толқын", "Аманат", "Азат ойдың аспаны" сынды альманах топтамаларына енген. "Ақшам гүлі" жыр жинағының авторы. Бүгінгі күнде Алматы облысы Көксу ауданы Амангелді атындағы орта мектепте ұстаздық қызметте.

"Талғамы толайым халықтың ақыннан тілері де кемел ойлы, көркем образды, терең тебіреністі жыр, текті сөз, айшықты, кесікті тіл. Ақын жанының жалынына шарпылмаған оқушы көңілін шарпымаған жыр нағыз өнер туындысы бола алмайды. Өлең деген жайшылықта тумайтыны анық. Шабытты өлең жаныңа шуақ құйып, өзіңмен сырласады, мұңдасады, бірде ойға батырып, бірде шаттандырады. Сан алуан сезімдерге бөлеп, өмірге құштарлығыңды, өнерге сүйіспеншілігіңді арттырады. Шұғайып тумысынан өлең  өнері бойына қонған талантты жас екені өлеңдерінен айқын аңғарылып тұрады", – дейді филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Сайлау Қажыбекұлы ақын Шұғайып Ақынұлы жайлы.

Ш.Ақынұлының бұл өлеңдер топтамасын оның жаңа жыр жинағының жарық көруіне орай ұсынып отырмыз.


Ақынның өз оқуында өлеңдері:

Өлең

 

Қадірің қымбат қара өлең,

Сезінген жанға санамен.

Тармақтарыңа сиып тұр,

Тартысқа толы бар әлем.

 

Күрсіне тартса күз демін,

Көктемнен шуақ іздедім.

Өзгеден көңіл қалса да,

Өлеңнен үміт үзбедім.

 

Кеудемде тулап жыр ағыс ,

Сапарға шықтым тым алыс .

Қайғымды басқан жеңілтіп ,

Сыйладың шаттық, қуаныш

 

Шық болып тұнып гүлдерге,

Жұлдыз боп жандың түндерде.

Көңлімді көлдей толқыттың,

Жалбыздай аңқып іргемде.

 

Шаршаған сәтте дем бердің,

Самал боп бақта сенделдің.

Қырмызы тағы бір қызды

Ұнатқанымды сен көрдің.

 

Балқытып балдай сезімге

Бақытты сол бір кезімде.

Арман боп кеткен арудың

Нұр болып тұрдың көзінде.

 

Жарасып жанға қылығың,

Төгіліп қара бұрымың.

Ұрладың қанша ұйқымды,

Алдырмай көздің шырымын.

 

Ақылға сезім көнер ме,

Сөзіме біреу сенер ме.

Түсінер болсаң, жаным-ау!,

Өмірім менің өлеңде.

 

Жол

 

Өмір жолын адам өзі таңдайды,

Жамандық пен қатар жүрер жақсылық.

Мәңгілік дос, мәңгілік жау болмайды,

Таусылмайтын күрес қой бұл нәпсілік.

 

Сан соғылар тасқа тиіп шекеміз,

Айға білеп орындалмас арманды.

Күнәсіз кеп күнәлі боп кетеміз,

Жалпағынан басамыз деп жалғанды.

 

Өзгермейтін жоқ өмірдің ағысы,

Қазанында бақ пен сорың қайнаған.

Басы кеткен патшалардың көбісі,

Өз халқының тағдырымен ойнаған.

 

Өзегіңді өртеп кетер ауыр мұң,

Бақытыңның атпас алдан арайы.

Құнанбайы жоқ осынау дәуірдің,

Тумақ емес Абайы.

 

Түсіну

 

Қадіріңді жүрсем жаным сезінбей,

Қалса содан көңіліңде тұнып мұң.                                                      

Онда мені көрді деп ұқ өзіңдей,

Ұмытқын.

 

Кетті деме мені мүлдем тәрк етіп,

Өткен кезді еске аламын сағына.

Шыққан күндей бұлт астынан жарқ етіп,

Жадыра.

 

Жібермейді оған сенің намысың,

Гүлі едің ғой иісі аңқыған  даланың.

Түсінемін нәлет айтсаң дарысын,

Қарағым.

 

Тым кеш енді, бәрін бастан кешер ем,

Тарқар болса – мендік өкпе дертің

Бір басыма не десең де көтерем,

Еркің .

 

Жолаушыдай  сапар шеккен елсізге,

Айлы түнде байғұздарды  жылатып.

Білем сені жұбатады менсіз де,

Уақыт.

Уақыт!

Толғаныс

 

Өте шығар баянсыз мына жалған,

Жапырағы жастықтың құлап алдан.

Талқысына бас име тағдырыңның.

Өзгермейді ештеңе жылағаннан.

 

Шаттығынан өмірдің мұңы басым,

Сан түрегеп орныңнан, жығыласың.

Бақытыңды жасайсың өз қолыңмен,

Ешкім саған төкпейді шұғыласын.

 

Жақсылықтан үзбессің күдеріңді,

Сенімің  мен құлатып жігеріңді.

Арпалысқан нәпсілік күрестерден ,

Ұстау қиын кірлетпей  жүрегіңді.

 

Аласұрып іздейсің жанға дауа,

Табу үшін тағылымды бар мағына.

Ағат кетсең бұл қоғам аямайды,

Кешірімді мейрімді Алла ғана.

 

Бал жинаған біз де бір омартамыз,

Қара шашты қайғыдан ағартамыз.

Екі дүние енші іздеп арасында,

Бірде тауып, ал бірде жоғалтамыз.

Тәуелсіздік

 

Тәуелсіздік - ай маңдайлы арымсың,

Тәуелсіздік - төккен ыстық қанымсың.

Тәуелсіздік - баға жетпес байлығым,

Тәуелсіздік - бақытымсың, барымсың.

 

Тәуелсіздік - ең асылы жырымның,

Тәуелсіздік - ең биігі ұғымның.

Тәуелсіздік - сан тіріліп, сан өлген,

Бостандығы менің ана тілімнің.

 

Тәуелсіздік - қарашығы көзімнің.

Тәуелсіздік - бар асылы сезімнің.

Тәуелсіздік - құл болуға көнбеген,

Жемісісің қайсар ерлік, төзімнің.

 

Тәуелсіздік - оңнан туған айымсың,

Тәуелсіздік - тарқамайтын тойымсың.

Тәуелсіздік - елдігімнің айбыны,

Мәңгі қайғы, мәңгі уайым жойылсын!

Құстар элегиясы

 

Оралмас қайта өткен күн,

Тағы да қайтты құс елі.

Ертерек шыққан көктемнің,

Күзі де ерте түседі.

 

Жалғасып сонау ұзақтан,

Ұлы керуендер ізімен.

Оңтүстік жаққа ұзатқан,

Асқар Алтайдың қызы ма ең?

 

Жаңғыртқан әуен тау ішін,

Жарасын тырнап жалғыздың.

Сендерден түскен қауырсын,

Үкісі ме еді сол қыздың?

 

Ақ жауын көздің жасы ма,

Үміттің сөнді оттары.

Ғашық жандардың хаты ма,

Қайыңның жапырақтары.

 

Оралмас қайта өткен күн,

Қиқулап қайтты құс елі.

Ертерек шыққан көктемнің,

Күзі де ерте түседі.

Күнделік

 

Келем ылғи саған таныс сүрдекте,

Кереғар тірлік сүйреп алға кебісін.

Қас-қағым сәт өзіңменен бірге өтсе,

Ең бақытты кездерім ол мен үшін.

 

Сағыныштан сауға сыйлап әр ақ таң,

Емес сенің тәтті елесің ескірмек,

Мені саған жолықтырып жаратқан,

Қойғандай-ақ сендік ғұмыр кешсін деп.

 

Қазір қалқам, бар маңайым ақ тұман,

О, тәңірім, тарылғандай кең дала.

Өз кеудемді өзімнен де жатсынам,

Ойлайтыным күндіз-түні сен ғана.

 

Тағдырымнан жоғалмастай таңба ойып,

Тірлігімді мұжып жатыр мынау мұң.

Сүйектерім сағыныштан сарғайып,

Өлген соң да сені аңсайтын шығармын.

Жұлдызға


Ол кезде қоңыр күз еді,

Төңірек түгел мұң бәрі.

Жұлдызбен аттас қыз еді,                        

Жанының сырлы жұмбағы.

 

Өзгеше мұңлы қарасы,

Оқыды жырлар жасқанбай.

Арқаның әсем қаласы,

Көркіне көрік қосқандай.

 

Оянды сол сәт бір үміт,

Бітеді демім көмейді.

Жүзінде нәзік жылылық

Жаныңды нұрға бөлейді.

 

Көңілдер бұл күн назалы,

Еліктей ерке қылығың,

Сиқырлы еді ғажабы,-

Төгілген қара бұрымың.

 

Сағыныш толы әр таңым,

Жазғанға қайтем көнермін.

Арқарындай боп Арқаның,

Айналып бірде кетермін.

 

Келешек жайлы кім білсін,

Уақытқа сенім байлама.

Онсыз да жаным Жұлдызсың,

Жұлдыздар жайлы ойлама.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: автордың жеке мұрағатынан, nipic.com