Ұранқай — Марқакөлдің маржаны
Арал экспедициясы аяқталып, қайтадан жұмысқа шыққан кезім. Кабинетке кірсем, әріптестер Марқакөлдің жағасында тұрған ғажап ауыл туралы әңгіме айтып отыр екен. Басында мән бермегем. Кейін қызығушылығым оянып, қандай ауыл екенін сұрастыра бастадым. Олар "Міне!" деп, Ұранқай жайлы видеоны ұсынды. Бәлкім, Аралдан жаңа келген сәтім болмағанда, ол видео маған басқаша әсер етер ме еді, кім білсін. Бірақ, дәл сол кезде тартылған теңізді, шөл даланы, құм арасында жатқан ауылдарды көріп келген мен үшін әсем көлдің жағасында, таудың етегінде тұрған Ұранқай жұмақ мекендей көрінді. Әріптестердің әңгімесіне қосыла кеттім. Сол күні кешке дейін талқылағанымыз Ұранқай болды. Талай видео, фотолар көріліп, деректер зерттелді. Сөйтіп, Ұранқайға қалай барсам деп ойлап жүргенімде "Алтай қазынасы" экспедициясына шақырту келді. Қуана келістім. Жоспарда Марқакөлдің барын көріп, тіпті, мәз болдым. Осылайша, араға бір ай салып, көргім келген Ұранқайға да жеттім. Енді сол ауыл жайлы репортажды назарларыңызға ұсынайын.
Қазақтың кең даласын аралап жүріп, сан алуан ауылдарды көресің. Орналасқан жеріне, табиғат жағдайына, ауа-райына, әлеуметтік-экономикалық ахуалына байланысты әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі бар — біріне-бірі ұқсамайды. Мысалы, оңтүстік өңірде ауылдардың арасы жақын, әр үйдің бақшасында алма, өрік, шие ағаштары өсіп тұрады, қоршауларын көп жағдайда саздан немесе кірпіштен қалап салады. Ұлытау өлкесіндегі ауылдар, керісінше, бір-бірінен алыс жатыр. Ол жақтағы ел негізінен үй жанына даланың желіне шыдамды қарағаш егеді, ағаштан немесе темірден жасалатын қашаларын қатты биік етпейді. Алтайдың ауылдарында да ерекшелік жоқ емес. Олар негізінен су жағасына, қалың орманның іргесіне орналасқан екен. Кейбірі жол бойында, ал кейбіріне, тіпті, жол талғамайтын көліктердің өзі әрең жетеді. Ұранқай екінші үлгідегі ауылдардың қатарында.
Өскеменнен 400 шақырымнан астам жерде жатқан бұл ауылға жетудің екі жолы бар. Бірі Қатонқарағай арқылы солтүстігінен, екіншісі Күршім арқылы оңтүстігінен келу. Қайсысын таңдасаңыз да оңай емес.
Себебі, Ұранқайға жеткізетін жолды сонау бірінші дүниежүізілік соғыс кезінде тұтқынға түскен аустриялықтар салған. Содан бері ол жөндеуден өтті ме, өтпеді ме — белгісіз. Мұнда ары-бері ағылған көлік жоқ. Басқа жұрт арнайы жұмысы болмаса, бұл маңға ат басын бұра бермейді.
Десе де, оған ұранқайлықтардың аса көңілдері түспейтін секілді. Олар өз тіршіліктерін істеп, ел қатарлы өмір сүріп жатқандары ауылға кірген кезден-ақ байқалады.
"Тұрмысымыз жаман емес. Үйреніп кеттік. Мал бағамыз, бақша егеміз. Ол болмаса, тіршілік етемін деген адамға орман шаруашылығы мен қорықта жұмыс табылады. Жыл бойы туристер келеді", - дейді жергілікті тұрғындар ішінен бізге бірінші болып кезіккен Әнипа апа.
Ауыл атауының шығуына қатысты бірнеше дерек бар. Соның бірі бұл маңды ертеректе ұранқай деген тайпа мекен еткенін баяндайды. Сұрастыра келіп, ол тайпаның ойрат тілдес екенін және қазіргі күні негізінен Моңғолияның Баян-Өлгей, Ховд аймақтарында шоғырланғанын білдік. Сондай-ақ, халқымыз "ұранқай" деп уық тәрiздi ағаштардың басын түйiстiре байлап киiз жаба салатын уақытша баспананы да айтқан екен.
Орыс географы Григорий Потаниннің дерегі бойынша, XIX ғасырда Марқакөл маңын қазақтың Қожанбет руы жайлаған. Олар жаз бойы балық аулаумен айналысқан. Мүмкін бұл маңға Қожанбет руының ауылы түгел көшпей, тек балықшылары келген болар, ал, Ұранқай атауы сол балықшылар уақытша тұрақтау үшін құрған лашықтарға байланысты қойылған шығар деген де болжам бар.
Бүгінде Ұранқайда 450-ге жуық адам тұрады. Оның жартысына жуығы қазақтар болса, қалған жартысы өзге ұлт өкілдері.
Ауыл ішінде ары-бері жүрген ересектер мен ойын қуған балалар көп. Осы көрініске қарап, сонау Аралдың жағасында жатқан Ақеспе мен оның құмға көмілген көшелері еске еріксіз түседі.
Сол Ақеспемен салыстыра отырып, "Шіркін, айдын шалқар көлі бар, ну орманды тауы бар Ұранқайдың тұрғындары неткен бақытты!", - деп ойлайсың.
Дегенмен, экологиялық мәселелер бұл маңда да бар екен. Мысал ретінде соңғы бір ғасырда шектен тыс балық аулаудың кесірінен Марқакөлді мекен ететін майқан балығының қатты азайып кеткенін айтуға болады.
Тіпті, осындай мәселелерді шешу мақсатында 1976 жылы Марқакөлде мемлекеттік табиғи қорық та құрылған екен. Қазіргі күні 103 мың гектарға жуық жерді алып жатқан мекеме сирек кездесетін аңдарды, құстарды, өсімдіктер мен балықтарды қорғаумен айналысады. Оның бас кеңсесі Ұранқайда орналасқан.
Марқакөл қорығы табиғатты қорғаумен қатар, ауыл тұрғындарына жұмыс беріп отыр. Олар мұнда жүргізуші, күзетші, орман қарауылы, көлік жөндеуші секілді түрлі қызметтер атқаруда.
"Соңғы кезде ел кордицепс деген саңырауқұлақты жаппай жинайтын болды. Бірақ қорық оған тыйым салады. Интернетке терсең, көресің, біздегі бағасы 1 граммына 550 теңгеден басталады, Қытайда 1 келісі 8-10 мың долларға дейін жетеді екен", - деп бастады әңгімесін атын атамаған Ұранқайдың кезекті бір тұрғыны. Сөйтті де, үйінен өзі айтқан кордицепсті алып шықты.
Жергілікті жұрт "құрт" деп атап кеткен саңырауқұлақтың бұл түрін жинауға рұқсат жоқтығы әрі ол Қытайда қымбат тұратыны шын ақпарат. Жинауға салынған тыйымның себебі, Марқакөл маңындағы кордицепс қызыл кітапқа енген таушымылдық гүлінің тамырын мекен ететін құртқа жабысып өседі екен. Тиісінше, оны қазып алар кезде гүл зардап шегетін көрінеді. Ал, Қытайдағы сұраныстың көптігі бұл саңырауқұлақтың емдік қасиеті мен ұзақ өмір сүруге көмектесетіні жайлы жақсы жарнаманың әсерінен болып тұр.
Қорық кеңсесінің жанында жан-жануарлар мұражайы орналасқан. Осы өңірдегі үйлерге тән ерекшелікпен салынған ғимаратқа кіру бағасы - 524 теңге.
Ішіне Марқакөл маңын мекендейтін құстар мен аңдардың тұлыптары қойылған.
Айтарлықтай қызық жоқ. Бірақ, өлке табиғатының әр алуандығын толық түсіну үшін, бір кіріп шығуға болады.
Марқакөл қорығы құрылмағанда, орталықтан алыс жатқан ұранқайлықтардың өмірі басқаша болар ма еді. Болжау қиын, әрине. Бізге белгілісі — қорықтың құрылуы Ұранқайдың тіршілігіне оң әсерін тигізуде. Әр үйдің жанында тұрған спутник табақшалары да соның бір көрінісі.
Сондай-ақ, мұнда ұялы телефон желісі жақсы ұстайды. Ол болмаса, шетке хабарласуға мүмкіндік беретін ҚазПошта бөлімшесі де жұмыс істеп тұр. Қысқасы, жеткізетін жолы нашар болса да бұл жақтағы халықтың сыртқы ортамен байланысы үзілмеген.
Айта кетерлігі, ауылда азық-түлік пен тұрмысқа қажетті түрлі дүниелер сатылатын 6 дүкен бар. 450 адамдық елдімекен үшін бұл көп, есесіне монополия деген атымен жоқ. Бағалар — қанағаттандырарлық, қаладағыдан үлкен айырмашылық байқалмайды. Дүкеншілер бірін-бірі жақсы танитындықтан, өзінде табылмаған затты көршісінен сұрап беруге қымсынбайды.
"Азық-түлікті Зайсаннан, кейде Өскеменнен алып келеміз. Жолды көрдіңдер — ойқы-шойқы. Ары-бері қатынау оңай емес. Әсіресе, қыста қиналамыз. Ол кезде жол мәселесі бір бөлек, сырттан келушілер саны азайып, сауда төмендейді. Бірақ, сонда да тауардың бағасын қатты өсірмейміз. Азын-аулақ пайда түссе де жетіп жатыр", - дейді ауылдың қақ ортасында тұрған дүкеннің иесі Дариға апа.
Қыс демекші, Ұранқайдың қысы суық әрі ұзақ. Сол себепті, оған мұндағы ел ерте дайындала бастайды. Отыныңды реттеп, саймандарыңды сайлап қоймасаң, қыркүйекте аяқ асты қар жауып, қапыда қалдыруы бек мүмкін.
Ауылда екі тілде білім беретін 9 сыныптық ескі мектеп бар. Оны басқа үйлерден ерекшелендіріп тұрған төбесіне көтерілген көк ту ғана.
Бөренелерден салынған бір қабатты білім мекемесінде қазіргі уақытта 90-ға жуық бала оқиды. Олар 9-сыныпты аяқтағаннан кейін оқуын толық бітіру үшін үлкен елдімекендерге кетуге мәжбүр. Одан басқа амал да жоқ.
"Осы жылы 8-сыныпқа көштім. Мектебімізде қазақ және орыс сыныптары бар. Ауылдағы орыс балалары қазақша көп білмейді. Олармен орысша сөйлесеміз", - дейді тәшкесін итеріп келе жатқан Әлимұрат. Оның құрдасы Әміраслан болса, Ұранқайға жақын маңдағы Төсқайың деген ауылдан қонаққа келіпті: "Төсқайың да Ұранқай сияқты кішкентай ауыл. Тау етегінде орналасқан. Тек бізде көл жоқ", - дейді ол.
Балалардың су тасығанына қарап, түсінген боларсыздар — мұнда үйді үйге тартылған құбыр жоқ. Тұрғындар суды әр көшеде орналасқан колонкалардан алады. Жалпы, ауыл тұщы су жағынан тапшылық көріп жатқан жоқ. Таудан аққан бұлақ, өзендер көп, жанында мөлдір сулы Марқакөл тағы бар.
Ауыл маңындағы биік төбеде метеостанция жұмыс істеп тұр. Бұл жерде желдің жылдамдығы, жауын-шашынның мөлшері секілді ақпараттар жиналып, орталыққа жіберіледі.
Осы станцияда метеоролог болып қызмет ететін Людмила Юрьевна: "Өзім басқа жақтың тумасымын. Бұл ауылға келінмін. Әрине, бірнеше күнге келіп-кетіп: "Осында өмір сүрсем ғой, сендер бақыттысыңдар" деп айтатындар көп. Дегенмен, қонаққа келген бір бөлек те, мұнда өмір сүрген мүлде бөлек. Шағымданып жатыр деп ойламаңыз. Ауылымызға жету қиын демесең, басқасы жақсы", - дейді.
Биік төбеде тұрғандықтан, метеостанция маңынан Ұранқай мен Марқакөлге керемет көрініс ашылады. Көлден соққан самал жел бетіңді өбіп, ешқайда кетпей осы маңда ұзақ қала бергің келеді.
Бала күнде тауға шыққанда биіктеу жерге тұрып алып, айналаға бір қарап: "Ехехехееееей!", - деп айғайлайтынбыз. Сол кезде шатқалдар өз дауысыңды өзіңе қайталап, жауап қататын. Алыстан бірнеше рет шыққан дауысты естіп, соған мәз болып, одан да қаттырақ айғайлауға тырысып, тағы да "Ехехехееееей!", - дейтінбіз. Ешқашан қызығы таусылмайтын бұл ойын ұзаққа жалғасатын. Алтайдың қарлы шыңдары мен мөлдір сулы Марқакөлге, солардың ортасында тұрған аядай ауыл — Ұранқайға қарап, осы ойын еске түскені. Қатты келгім келіп, жеткеніме мәз болдым ба, әлде ғажап ауылға расымен тамсандым ба — белгісіз. Әйтеуір, дәл осында тұрып бала күндегідей "Ехехехееееей!", - деп айғайлағым келді. Бірақ, ауылдағылар дұрыс түсінбей қалады деген ой тежеген болар, олай істей алмадым. Осылайша, алған әсерім ішіме сыймай, айналаны тағы бір шолдым да, Марқакөлдің басқа да кереметтерін көруге кете бардым...
Менің Ұранқаймен танысу тарихым осындай. Енді мұнда қыста келсем деймін. Алтайдың қалың қарын көріп, сол қарды сықырлата басып, ат жегілген шанаға мініп, Марқакөлдің мұзын ойып ауланған балықты жеп қайтсам, шіркін...