Ақеспе – құмға көмілген ауыл

Ақеспе – құмға көмілген ауыл

Суы мол теңіз, теңіз жағасындағы үй, самал жел, құмды жағажай, ары-бері ұшқан шағалалар мен жаңа ауланып, қуырылған балық – бүгінде Арал теңізі тартылмағанда бұл сөйлем Ақеспемен тікелей байланысты болар ма еді. Мұндағы жұрт та бір кездері еліміздің басқа ауылдарынан еш қалыспай күн кешкен. Бірақ, XX ғасырдың орта тұсынан басталған табиғи апат жағдайды күрт өзгертті. Теңіз тартылды, шаруашылық тоқырады, айнала құмға толып, Ақеспе ешкімге қажетсіз күйінде айдалада қалды. Ауылын тастауға қимай, осында күн кешуге бел буған жергілікті халық қана. Алғашында теңіздің қайта қалпына келетініне үміт бар еді. Сол үміт біразға дейін сөнбей, халықаралық ұйымдар, үкімет, танымал тұлғалар Арал мәселесін көтерген сайын маздайтын. Бірақ, уақыт өте жағдай қиындамаса, жақсармады.

Арал өңіріне саяхаттап барған зерттеушілер мен жиһанкездер бұл ауыл жайлы көп жазады. Бірі басына түскен сынаққа қарамастан халықтың мойымай тіршілік етіп жатқанына тамсанады, бірі мұндай жағдайда қалай өмір сүруге болатынын түсінбей таңғалады. Мұнда жолы түскен кез келген адам қатты әсерленіп қайтатыны сөзсіз. "Жол түсу" демекші, Ақеспені көру бізге де бұйырған екен. Ендеше, құмға көмілген ауылдан дайындалған фоторепортажымызға назар салыңыздар.

Арал теңізіндегі Бутаков шығанағының солтүстік-батысында орналасқан Ақеспеге қай тұсынан барсаңыз да, онда апаратын тас жол жоқ. Сол себепті, арнайы көліксіз құмды ауылға жету қиын.

Алдымен мидай жазық даланы өтесіз, ал, ауылға жақындай бере шағыл құмдар басталады. Мұнда алғаш келген адам: "Жол осымен біткен екен. Артқа бұрылайын!" немесе "Бұл маңды айналып өтейін!" деп ойлауы мүмкін. Себебі, құм арасында жатқан ауыл алыстан мүлде көрінбейді.

Тек жақындай бере төбелердің артынан бірінен кейін бірі шатырлар шыға бастайды. Бір қарағанда Ақеспе теңіз жағасында тұрған сияқты.

Бұрын солай болған. Қазір теңіз ауылдан екі шақырым қашықтықта жатыр.

Ақеспеге алғаш кіргенде тап болатыныңыз: тыныштық – өлі тыныштық.

Көшелерде шулаған бала да, үрген ит те байқалмайды.

Анда-мұнда жатқан бір-екі түйені көзіңіз шалып қалуы ықтимал. Түйе деген қызық жануар ғой. Сіз барсыз ба, ары-бері өтіп жатсыз ба – ештеңеде шаруасы жоқ. Күйісін қайырып жата береді.

Ауылды аралап жүріп мұнда уақыт тоқтап қалған болар деп ойлайсыз. Содан соң бұл жерде адам тұра ма деп үрейленесіз.

Құмға көмілген үйлер мен тастанды техника сол ойыңызды сан-саққа жетелеп, үрейіңізді күшейте түседі.

Тек көліктің ізі мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды байқап қана сабаңызға түсесіз.

Иә, ауылда адам бар. Тек бәрі үйді-үйінде жатыр. Оның мәні де түсінікті.

Мұнда саясында отыратын ағаш көп емес, терді басатын самал жел де жоқ. Ал, күн болса, шыжып тұр.

Мұндай ыстықта далада жүрудің өзі қауіпті. Біз ауылға келгенімізге жарты сағат өткеннен кейін шеткі үйлердің бірінен шыққан мына балақайдың амандаспастан жанымыздан зулап өтіп, басқа бір үйдің көлеңкесіне тұра қалуы да сол қауіпті білгенінен болар.

Ол келген үйінің терезесін екі-үш рет қақты да, есік алдында ұзақ отырды. Біз іштен біреудің шығуын күтпестен, ауылды аралауға кеттік.

Шыны керек, "Араладық" деген аты ғана... Ауылда ұзынынан жатқан 500 метрлік екі көше, оларды бойлай орналасқан отыз шақты үй бар.

Үйлердің кейбірі тастанды – халі мүшкіл. Қараусыз тұрғандықтан, бір-екі жылда көміліп қалатыны анық.

Адамы бар үйлер бірден байқалады. Құм іргесіне дейін келіп тұрса да айналалары жинақы.

Бірақ, бәрі сондай деп айту да қиын. Ауыл ішінде терезесіне дейін көмілген үйлерді де байқадық.

Көп кешікпей, Ақеспенің солтүстік бөлігінен көк ту ілінген ғимарат көрінді. Есігінде құлып тұрған соң жақындамадық. Әкімшілік болар...

Ол ғимараттан әріректе байланыс желісіне арналған биік антенна тұр.

Сондай-ақ, мұнда аулаға қойылған, шатырға ілінген "Otau-Tv" табақшалары да көп екен. Демек, ауылдың сыртқы ортамен байланысы үзілмеген.

Күн ыстықта ұзақ жүргеннен болар, біраз уақыттан кейін шөл қысты. Көшені кесіп өтіп, үйлердің біріне кіріп бара жатқан апамызға амандасып, су сұраған едік, ол кісі үндеместен ішке кіріп кетті де қайта шықпады. "Естімеген болар" деп топшыладық та ары қарай кете бардық.

Суды бізге журналист екенімізді біліп, атын жазбауымызды сұраған ағамыз алып шықты. "Біз бала едік. О кезде құм жоқ. Кинодан шығып, мына жерде велосипед тебетінбіз. Теңізге шомылуға баратынбыз. Жүк таситын кеме, қайықтар келіп-кетіп жататын. Балық көп еді. Қазір оның бәрі қалды", - дей келе, ол кісі жағдайдың соншалық нашар емес екенін де айтты: "Құдайға шүкір, ауылда көлік көп. Ары-бері қатынаудан қиналмаймыз. Керек болса, Сексеуілге (Арал ауданы Сексеуіл ауылдық округінің орталығы, ред.) бір сағатта жетіп барамыз. Көкаралды салғалы (Көкарал су бөгеті, ред.) су да келе бастады. Қазір мына жерге балық сақтайтын тоңазытқыш салған. Теңізден балық аулап, сонда өткіземіз. Ақшасын төлейді".

Ағамыз айтқандай, Ақеспеде расымен көлік көп екен. Оның дені жол талғамайтын "уазиктер".

Шөлімізді қандырған соң көңіліміз көтеріліп, елді мекеннен бір шақырымдай жерде ағып жатқан шипалы суға бардық.

Бұл жерді ауыл тұрғындары "Ыстық су" деп атап кеткен екен. Атау жайдан жай берілмеген. Жер астынан шығатын судың температурасы 60 градустан асады. 

Мұнда ем іздеп келушілердің саны көп. Өйткені, бұл судың құрамында адам денсаулығына пайдалы минералдар бар көрінеді.

"Ыстық суды" көргеннен кейін Ақеспенің шығысында жатқан кемелер "зиратын" тамашаладық. Ол жайлы толық репортажды мына сілтемеге көре аласыздар.

Артынша дүкеннен нан алмақ болып ауылдың екінші басына қайта бардық. Дүкеніміз – бағанағы бала көлеңкесіне келіп тұрған үй боп шықты. Жанында достары бар ол әлі де осында отыр екен.

Сұрағымызға үш бала бір ауыздан: "Нан жоқ!",– деп жауап берді. Сөйтті де мұнда ешкім нан сатпайтынын, көрші ауылға барып сұрағанымыз жөн екенін айтты. 

Екі шақырым жерде көрші ауылдың барын осы кезде білдік.

Бұл үйлері енді салынған, көшелерін құм баспаған жаңа Ақеспе.

Жергілікті халық ескі ауылдан алысқа кетпей, осы жерге көшіп жатқан көрінеді. Дені, ілкіде ағамыз айтқандай, балық аулаумен айналысады. Жаңадан салынған мектептері де бар. 

Жаңа Ақеспені көріп, ауылдың қайта жанданып жатқанына қатты қуандық. Ішімізден: "Арал қайта толса екен!", деп тіледік. Бұл бірінші кезекте, жарты ғасырдан астам уақыт теңіздің толуын күтіп жүрген Ақеспе жұртына, Арал өңірін мекен еткен халыққа қажет. Үмітін үзбей сенгендері үшін, әлі күнге дейін сеніп жүргендері үшін олар сол жақсылыққа лайық!

Айтпақшы, дүкеннен нан табылмады. Екі ауылдың арасында бір кісіні көлігімізбен ала кеткен едік. Сол кісі үйіндегі нанын берді. Сөйтіп, құмға көмілген ауылда жарты күндей уақыт жүріп, қайта жолға шықтық. Ақеспеде ұзақ болмасақ та көп нәрсе ұғындық. Кейде адам баласы өзін табиғаттан мықты санайды. Бірақ шын мәнінде оның алдында қаншалықты осал екенін түсіне бермейді. Оны тау көшіп, су тасып, теңіз тартылғаннан кейін ғана түсінетініміз өкінішті... Арал қайта толса екен!