Массагет порталы 5 жылдығын қалай атап өтті?
Қазақ тілді жастардың таным көкжиегін кеңейту мақсатында тынбай жұмыс істеп келе жатқан Массагет порталы биыл бес жасқа толды. Бұл, әрине, көп уақыт емес. Десе де, өткен бес жылдың ішінде порталымыз біраз дүние жасап үлгерді. Осыған орай, Алматы қаласындағы "Chestnok bar" атты мекемеде ерекше басқосу ұйымдастырылды. Сол басқосуда түсірілген суреттерді назарларыңызға ұсынамыз.
Кеш сайт ардагері, Массагет әнұранын жазған ақын – Қайсар Қауымбектің (сол жақта) қазіргі ұжымға айтқан тілегі мен порталдың қалай ашылғандығы туралы естеліктерінен басталды. Қазіргі ұжым демекші, сіздерді олармен таныстыра кетейін. Қайсар Қауымбектің жанында тұрған порталымыздың басшысы – Ербол Жұмабайұлы. Сайттың бағыты мен атқаратын істерін айқындаушы, құжаттар мен есептерге жауапты осы жігіт.
Өмірбек Сансызбаев – жоба менеджері және спорт тақырыбында мақала жазатын тілші. Массагетте 2012 жылдан бері жұмыс атқарып келеді.
Бауыржан Жақсымбет – фототілші және бейнеинженер. "Массагет Тв" айдарына түрлі видео салып отыратын да осы жігіт.
Марғұлан Ақан – порталымызда студенттік өмір мен жаңа технологияға қатысты мақалалар жазады. Бірінші кезекте көпшілікке ақын ретінде танымал.
Шерхан Талап – бұл жігіт те ақындығымен белгілі. Түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанғанын порталымыздан талай оқыған боларсыздар. Массагетте Шерхан әдебиет айдарына жауапты.
Марғұлан мен Шерханнан бөлек тағы бір ақынымыз – Жандарбек Жұмағұлов негізінен "Бозбала" бөлімінің материалдар қатарын толтырып отырады. Сонымен қатар, ара-тұра өзі сүйетін әдебиет тақырыбына қатысты қызықты мақала жазатыны да бар.
Әсел Асанова – тілшілер дайындаған мақалаларда кеткен қателер болса, соларды түзеп, бас-аяғын реттеп, оқырман назарына ұсынатын шығарушы редактор. Одан бөлек, Әсел кітаптар мен махаббатқа қатысты түрлі кеңестер жазады.
Ақтоты Жапатова – "Бойжеткен" бөліміне және "Математика сабақтары" атты дәрістерге жауапты тілші.
Гүлжанар Берік – түрлі тақырыпта мақала жазатын тілші. "Массагет Тв" бөліміндегі "Тоқыма сабақтары" атты видеодәрістердің жүргізушісі.
Әсел Жутаева – "Алтын ұя" бөліміне мақала жазатын тілші, мектеп жасындағы балаларға түрлі кеңес берудің шебері.
Қайсар Қауымбектің сөзін Ардақ Құлтай жалғастырып, кешіміз қыза бастады. Бірінің артынан бірі ардагер тілшілер сөз сөйлеп, бәріміз өткенге саяхаттап қайттық.
Айта кетерлігі, бұл басқосуға Массагет құрылғаннан бастап осында жұмыс істеген барлық тілшілермен қоса, блогерлер және оқырмандар қонақ ретінде шақырылған болатын.
Олардың әрқайсысы сайтымызбен қалай танысқандарын айтып, түрлі тілектерін жеткізіп жатты.
Алайда, кешіміз тек сөз сөйлеумен өтті деп ойлап қалмаңыздар. Таныстықтан кейін кезек асқа берілді. Сәбит мәз)))
Бұл жағына келгенде "Chestnok bar" ұжымы аянып қалмады. Олар өздерінің ең дәмді тағамдары мен сусындарын дайындап, келген қонақтарға жақсы қызмет көрсете алды.
Дастарханға ас келгенде қолына гитарасын алған Абылайхан Жұмашев көпшілікке өзінің ән шашуын арнап, кештің қыза түсуіне септігін тигізді.
Ел-жұрт тамақтанып алғаннан кейін кезек ойынға жетті.
Алғашқы ойын ережесі бойынша, жүргізуші қағаз бетіне түрлі сызықтар салып, қатысушыларға береді. Қатысушылар өз кезегінде қиялдарын қосып, сол сызықтардан сурет салулары тиіс еді.
Бұл ойынға кешке келгендердің бәрі қатысып, көп кешікпей жеңімпаз да анықталды.
Ойыннан кейін порталымыз қазан айында ұйымдастырған "Күз туралы күзсіз сөйлемдер" атты байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Оларға естелік ретінде құнды сыйлықтар беріліп, дипломдар табысталды.
Байқау демекші, кешке осыған дейін Массагетте ұйымдастырылған басқа да байқаулардың қатысушылары да келді.
Солардың бірі Зелимхан Жолдасов 2015 жылы ұйымдастырылған "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" сайысының қатысушысылары атынан порталымызға әдемі сағат сыйлады.
Сыйлықтардың алыс-берісінен кейін, тәттіге де кезек жетті.
Суреттегі торттар тапсырыспен жасалған деп ойласаңыз, қателесесіз. Бұл – оқырмандарымыздың тартуы!
Ардагерлерге бас болмаса да, торт тарттық. Тортты кесу құрметі Ардақ Құлтай мен Анар Мұстафинаға берілді.
Тәттіден кейін шай ішіліп, кеш еркін форматқа көшті.
Біреулер ойын ойнады.
Біреулер сыртқа шығып, таза ауамен тыныстап, қала тіршілігінің бақылаушысы болды.
Үшіншілер әзіл айтып, әңгіме-дүкен құрды.
Кеш соңында "Chestnok bar"-дың PR-менеджері, порталымыздың оқырманы Ықылас Тұрсынбекке сөз беріліп, ол келген қонақтарға алғысын айтты.
Массагет порталының бес жылдық кеші осымен өз мәресіне жетті.