Көз тартар Қостанай
Жеріміздің кеңдігіне байланысты, кей өңірлер бір-бірінен тым алшақ орналасқан жайы бар. Тіпті, заманауи байланыс құралдары да оларды жақындата алмайды. Пойыз ұзақ жүреді, ұшақ билеті қымбаттау, ол қалада туыс та, таныс та жоқ, тағысын тағы... Бұл, мысалы, батыста жатқан Оралды шығыстағы Өскемен жұрты толық білмейді деген сөз немесе керісінше. Ал мұндай жағдай екі жақ бас қосқанда өзара түсініспеушілікке алып келетінін жоққа шығара алмаймыз. Еліміздің өңірлерін бір-біріне таныстырып, халықты порталымыз арқылы жақындату мақсатында, тілшілеріміз барған жерден арнайы фоторепортаж даярлап тұруды жөн санадық. Бірінші кезек, Тобыл өзенінің жағасында орналасқан Қостанай қаласына бұйырған екен. Ендеше, көз тартқан Қостанайға арналған фоторепортаждар сериясының бірінші бөліміне назар салыңыздар!
Қостанай дегенде көпшіліктің ойына дәл осындай бұлыңғыр сурет елестейтіндей. Еліміздің солтүстігінде орналасқанын, қысы суық екенін және тағы бірді-екілі ерекшеліктерін білгенімен, бұл қала жайлы елдің айтары көп емес екені рас.
Тарихи деректер шаһар орнының ұзақ жылдар бойы таңдалғанын айтады. Тек 1879 жылы қаланы жергілікті халық "Қостанай сай" атап кеткен мекенге салу жайлы шешім қабылданып, онда алғашқы ғимараттар тұрғызыла бастаған екен.
Алғашында қала тіршілігінде сауда және ауыл шаруашылығы негізгі рөл атқарды. Сондықтан болар, қазір қалада XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында салынған түрлі көпестерге тиесілі ғимараттар көп. Мысалы, 1908 жылы салынған көпес Дәулетқалиевтің мына үйі солардың қатарына жатады.
Олар қаланың басты ерекшелігіне айналған. Бірі мұражай ретінде тұрса, енді біріне театр, кітапхана орналастырылған. Бұл қайталанбас ғимараттар қазіргі уақытта мемлекет қорғауында.
Көпшілік Қостанайды бірнеше сәулеттік дәстүрді сіңіре отырып салынған, өзіне тән стилі бар деп есептейді. Оған қаланы аралап жүріп көз жеткізесіз.
Шіркеулер мен мешіттердің, батыстық немесе сібірлік сәулет дәстүрлеріне сай салынған үйлердің, ескі ғимараттар мен жаңа ғимараттардың қатарласа бой көтеруі Қостанайға көрік беретіні анық.
Әр ғимарат өз заманынан сыр шертеді. Қала көшелерін аралап жүріп, уақыт машинасында отырғандай сезімде боласыз.
Мысалы, орталықтағы мына бір дүкен "Қайта құру" кезеңін еске салатындай. Сәл өңдеп, "Бұл 1988 жылы түсірілген сурет" десе, мен сеніп қалар едім.
Ал мына бір үйдің жақтауындағы әдемі сурет ұлтаралық достықты насихаттап тұр. Туындының қай жылы салынғанын білмеймін, бірақ кем дегенде отыз жылдай уақыт өткен сияқты.
Қалада КСРО дәуірінен қалған ескерткіш көп. Жазылғанына 46 жыл өткен мына қабырғадағы жазу соның дәлелі болса керек...
Ленин демекші, Қостанай саябақтарының бірінде ол кісіге қойылған ескерткіш те тұр.
Өзіне тән стилі бар кезекті ғимарат — ағартушы, ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің мемориалды мұражайы.
Екі қабаттан тұратын бұл мұражай түрлі тарихи жәдігерге толы.
Оның ішінде XIX ғасырдағы сыныптың көшірмесі де бар.
Бәрі тиянақты жасалғаны соншалық, іштей көшірме екенін біліп тұрсаң да, бұл сыныпқа кіргенде шынында Ыбырай Алтынсаринді көргендей сезімде боласың.
Ал әйгілі ұстаздың өз қолымен жазылған мына өлең шумақтарын көргенде кез-келген адам толқитыны рас.
Қостанай көз тартарлық ғимараттарынан бөлек, әдемі, таза көшелерімен де ерекшеленеді.
Бұл бірінші кезекте қала тұрғындарының көше мәдениетін жақсы сақтауымен байланысты болса керек. Жол бойына қоқыс тастау — қостанайлықтарға жат қылық.
Ал жолды тиісті белгісі жоқ жерден кесіп өту — бұл қала тұрғындарының ойына да келмейтін әрекет.
Бағдаршамдар болса, оларға үнемі абай болу керектігін ескертіп тұрады.
Ол ақылды көлік жүргізушілері де үнемі есінен шығармайтын сияқты. Өйткені бұл қалада жол ережесін бұзған жүргізушіні аз кездестіресіз, автобустар да ешқашан асығыстық танытпайды.
Жүргізушілердің күтетінін білетін қала тұрғындары да автобусқа мінерде және түсерде итеріспей, кезекпен мініп, кезекпен түседі. Бұл бұрыннан қалыптасқан мәдениет. Дегенмен ол мәдениеттің ақсаңдап тұрған тұсы да жоқ емес. Қостанайда қоғамдық көлікке үлкен кісі кіргенде бейберекет отыра беретін жастарды көп байқайсыз. Бұл жақта үлкен кісіге орын ұсынбау қалыпты жағдайға айналып кеткендей...
Қоғамдық көлік демекші, тегін wi-fi орнатылған қала ішінде қатынайтын екі қабатты мына автобустар Қостанайдың кезекті ерекшелігіне жатады. Мұндай автобустарды еліміздің өзге қалаларынан кездестіруіңіз екіталай.
Саябақтар, мұражайлар, орталық базар мен ойын-сауық орындары бір жерде шоғырланғандықтан, Қостанайда серуендеу өте ыңғайлы.
Тобыл өзені де орталыққа жақын жерде ағып жатыр. Сондықтан әсем табиғатты тамашалап, балық аулаймын десеңіз, оған да мүмкіндік бар.
Қостанай − қонақжай қала, ол ешкімді жатырқамайды. Мүмкіндігіңіз болып жатса, бұл қаланы өз көзіңізбен көріп қайтыңыз, өкінбейсіз!