Көз тартар Қостанай. Балалық шақты еске алып...

Көз тартар Қостанай. Балалық шақты еске алып...

Осыған дейін еліміздің өңірлерін бір біріне таныстыру мақсатында порталымызға түрлі фоторепортаждар жариялап тұрамыз деп айтқан едік. Олардың алғашқысы "Көз тартар Қостанай" деген атаумен шығып та үлгерді. Бүгін Қостанай туралы фоторепортаждар сериясының екінші бөлімін назарларыңызға ұсынбақпыз. Бұл жолғы тақырып бақытты балалық шаққа арналмақ.

Әркімнің балалық шаққа байланысты өз естеліктері бары рас. Одан бөлек, бүтіндей бір ұрпаққа ортақ естеліктер де бар. Мысалы, біз достарымызбен жиналғанда асық ойнағанымызды, фишкаға таласқанымызды, ал одан ертерек бөтелке жинағанымызды еске аламыз. "Бүгінгі балалар ше? Олар нені еске алады?" деген сауал әркімнің-ақ ойына келері анық.

Бұл, әсіресе, ойын баласын тәрбиелеп отырған ата-ананың уайымына айналған сауал болар. Шынында, ұялы телефондар мен түрлі планшеттерге қызығып, асыр салып ойнауды ұмытқан бала көп. Аталмыш жағдай көбіне үлкен қалаларда кездесетінін жоққа шығара алмаймыз.

Ауладағы ойын алаңқайларының бос тұрғанына үйреніп те кеткен сияқтымыз. Бірақ Қостанайда да жағдай сондай деп ойлап қалмаңыздар. Бұл қалада бәрі өзгеше. Ал мына әткеншектердің бос тұру себебі қыстың суығы мен қалың қарда деп біліңіздер.

Қыстың суығы мен қалың қар демекші, бұл қаланың басымдығы да осы құбылыстарда болса керек. Қала ортасында дөң мен сай жоғына қарамастан, Қостанай халқы үшін сырғанақ жасау қиын жұмыс емес. 

Қыс түссе, жетіп жатыр. Тобылдың беті қатқаннан кейін, мұздан ойылған мынадай сырғанақтар бірнеше жерден бой көтереді.

Бір қарағанда мына "кісі" сырғанақ құрылысына атсалысып жатқандай көрінеді. Ал негізінде бұл кеншілердің құрметіне қойылған болат қорытушысының мүсіні.

Мүсін қаладағы ең үлкен сырғанақтың жанында тұр. Мұздан қаланған бұл құрылыстың биіктігі 6 метр, ал сырғанақтың жалпы ұзындығы 30 метрден асады.

Ауладан таппаған баланың бәрін осы сырғанақтан табатыныңызға кепілдік бар.

Тек балалар емес, жасөспірімдер мен ересектерді де кезіктіріп қалуыңыз ғажап емес. Бірақ неге екені белгісіз, олар тек бір-екі рет сырғанаумен шектеледі.

Ал сүйікті ісі ойыннан жалығуды білмейтін балалар мұзды көргенде аттың басын жібереді.

Бірде тұрып, бірде отырып, енді бірде жатып сырғанай беретін олардың ойыны ары-бері өтіп жатқан адамдарға да жақсы көңіл күй сыйлайды.

Сырттан қарасаң, сырғанақтағы балалардың бәрі бір отбасыдан шыққандай көрінеді.

Шынында, төмен қарай жүйіткіген "паровозда" бірге кетіп бара жатса да, ішінде бірін бірі танымайтындар көп.

Бірақ ол ешкімге кедергі емес. Құрамы әркезде әртүрлі адамнан жасақталған "паровоздар" бірінің артынан бірі төмен қарай зулап жатыр, зулап жатыр...

Бірі жарты жолда шашыраса, енді бірі соңына дейін аман жетеді. Бірақ балалар сол шашырайтын "паровозды" көбірек ұнататын сияқты. Араларындағы пысықтар әдейі құлайтын кездері де болады.

Төменге жеткеннен кейін, келесі "паровозға" үлгеріп қалу үшін, жоғары қарай жүгіру керек. Уақытында жетіп үлгермесең, сені ешкім күтпейді.

Қайта адам жасақталғанша сырғанақ басында тұрасың ба, әлде жалғыз өзің сырғанайсың ба, ол да өз еркіңдегі іс. Ол шешіміңе де ешкім қарсылық танытып, ренішін білдірмейді.

Сырғанақта бәрі мүлтіксіз сақтайтын ереже бар, ол — кішкентайларға қатысты.

Кішкентайлар әр кезде кезексіз сырғанау құқына ие!
 
Әрі олар сырғанақтың төмен жағына жетіп, орнынан тұрғанша ешкімге сырғанауға болмайды. Мұндай жағдайда "паровоздардың" жүруіне тіпті қатаң тыйым салынады.

Ал тым кішкентайлар үшін әзірге бұл төбешіктен сырғанауға рұқсат жоқ.

Оларға тек сырттан бақылап, өзінен үлкедердің ойынын алыстан қызықтап тұруға болады. Біреу-міреу абайсызда қағып кетпес үшін, сырғанақ жанына жақындамағандары да абзал.

Сырғанақтан бөлек, қала ішінде қар атысып, аққала жасап жүрген балаларды көп көресіз.

Ал қарапайым ойыннан жалыққандары экстримге көшеді, олардың қатарында өтіп бара жатқан автобусқа қар лақтырып тұрған мына бала да бар.

Бірақ оның досымен бірге ұйымдастырған кезекті "Мызғып отырған автобус жолаушыларын шошыту" операциясы жүзеге аспай қалды.

Жүгермектерді аула сыпырушы ағай ұстап алып, шашқан қарларын қайта жинатып қойды.

Қостанай балалардың жыл он екі ай ойнауына қолайлы қала. Зырғып жатқан көлік те көп емес, аулалар да кең. Ал көктем түскенде қосылатын мына аттракцион балалардың келуін асыға күтіп тұр.

Жалғасы бар...