Көкпаршы Николайға ат мінгізді. 14 жастағы шабандоздың танымал болу тарихы
Алматы облысы Жалаңаш аулында көкпар өтті. Көкпар берушілер Николай Дыцелдің әулеті. Себебі, бір күнде таныссыз-ақ танымал болып, көптің ықыласына бөленген Николай Дыцелге Қазақстан Халқы Ассамблеясы, Түрік-Мәдени орталығынан ат сыйлаған. Бүгінгі көкпарда Түрік-Мәдени орталығының төраға орынбасары Расул Ахметов тұлпарды ресми түрде табыстады. Мassaget.kz порталының тілшілері осы шараға арнайы барып, Николайдың әулетімен тілдесті.
Жалаңаш ауылы Алматы облысы Кеген ауданында орналасқан. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. Халық саны – 3759 адам.
Жалаңаш аймағының өзінде 9 ауыл – Саты, Кіші Жалаңаш, Үлкен Жалаңаш, Жіңіщке, Алғабас, Тоғызбұлақ т.б бар. Бұл жерлерде 6 мыңға жуық халық тұрады.
Расул Ахметов
Расул Ахметов атты тапсыра отырып, Николайға ат сыйлау идеясы қайдан келгенін айтып берді.
"Бір ай бұрын "Ел" бағдарламасына шақырды. Сол жерде Николай Дыцелмен таныстық. Никошаға ат мінгіземіз деген уәде берген едік. Уәдемізді бүгін орындап отырмыз. Қазақстан Халқы Ассамблеясы атынан, Түрік-Мәдени орталығының төрағасы атынан ат сыйладық. Бұл көктем басталғанда, наурыз мейрамы кезіндегі керемет іс-шара деп ойлаймын", - дейді ол.
Түрік-Мәдени орталығы өкілдері атты Шымкенттен алдырған.
"Уәде бергесін, оның жауапкершілігі болады. Шымкенттен атты таңдап, бірнешеуінің суретін қарап, ішінен жақсысын таңдап, сатып алдық. Бүгін міне, Шымқаладан, Жалаңаш аулына алып келдік", - дейді Түрік-Мәдени орталығының төраға орынбасары.
Николайдың анасы
Никоша Шымкенттен келетін атты асығып күтіп жүрді
Николай Дыцелдің анасы Динара Жақашева ұлының ат мінгіземіз дегеннен бастап дегбірі қашып, асығып күткенін айтады.
"Ұлым атқа құмар ғой. Бала кезінде бұзық болды. Тек "атқа мінбейсің" деп қана сөзімізді тыңдата алатынбыз. Ат десе ішкен асын жерге қоятын бала еді. Сондықтан Қазақстан Халқы Ассамблеясы телебағдарлада ат сыйлаймыз дегеннен бастап күтіп жүрді. Сыртта жүк машинасының дыбысы шықса, "келіп қалды" деп далаға жүгіріп шығады. "Балам, Шымкент алыс жер, күт" дейміз күліп. Сол күткен аты бүгін келді, бәріміз қуанып жатырмыз, Николайдың да қуанышында шек жоқ", - дейді анасы.
Николай Дыцелдің отбасы
Динара Жақашева ұлын осындай танымал еткен фотограф Ернар Алмабекке ерекше алғысым шексіз дейді.
"Ернар Алмабек ұлымды бір күнде танымал етті. Николайдың бейнежазбасын бірнеше отандық БАҚ жариялап, өзін теледидарда түрлі бағдарламаға шақырып жатыр. Бірақ Ернар Алмабек көпке танытқан соң, ол жігіттен аттап кете алмадық. Кім хабарласса да "бірінші Ернарға хабарласыңыздар" деп айтып жатырмыз. Оның еңбегі зор" - дейді Николайдың анасы.
Николай Алматы облысы көкпардан жасөспірімдер командасы қатарына қосылды
Фотограф Ернар Алмабек 14 жастағы шабандоз Николай Дыцельді кездейсоқ көріп қалғанын айтады. Кейін фотоға түсіріп бейнажазбасын жариялаған. Аталмыш видео миллионнан астам қаралып, мыңдаған адам пікір қалдырған. Қазақ тілінде таза сөйлейтін неміс ұлтының баласы көптің ықыласына бөленді.
"Николай танымал болғасын, БАҚ-тан хабарласатындар көбейді. Кезекті журналистердің шақыртуымен "Ел" бағдарламасына қонақта болдық. Бұл бағдарламаға барған себебіміз көкпар мамандары келеді деді. Николай болашағын осы көкпармен байланыстырып отырғасын, сол кісілерден ақыл кеңес, ұлттық құрамаға қабылдану жолдарын сұраймыз деген ойымыз да болды. Алматы облысы бойынша көкпардан жастардың жаттықтырушысы Дербіс Байділдаев ағамыз келген екен. Сол кісі Никошамен жеке сөйлесті, жасөспірімдер құрамасынан қабылдайтынын айтты", - дейді Ернар Алмабек.
Осы бағдарламаға Қазақстан Халқы Ассамблеясының атынан Ахметов Руслан да келген екен.
"Ол кісі бағдарламада ат мінгізетінін айтты. Бағдарламадан шыққасын уақытын келістік. Наурыз айының жиырмаларына қарай алып келетін болды. Басында базарға барып бірге ат қарайық дегенде "қажеті жоқ, өзіміз ауылға дейін апарып береміз" деді. Телефонмен байланысып отырдық. Николайдың туыстары көкпар береміз деп 20 наурызды белгіледі, Ассамблея өкілдері де атты сол 20-сы күні алып келді", - дейді ол.
Николайдың туыстары ат сыйланатынынан бұрында көкпар беруді жоспарлаған екен.
"Иван жездеміз де, Динара әпкеміз де "баламыз бір күнде танымал болды, бата көкпары беріп, Никошаға ат сатып алып аламыз" деп жүрген. Ассамблеяның ат сыйлаймыз дегені осы жағдайларға дөп келді", - дейді Ернар Алмабек.
Алғашқы салымды ырымдап Николайдың өзіне салдырды
Ат 20 наурыз таңертең Жалаңаш аулына жеткізілген.
"Жылқының мінезді екені бірден көрініп тұрды. Асау, көкпарға дайындалған. Көліктен түсе сала, тықыршып көкпарды іздеп тұрды. Аузына томылдырық тағып қойды, себебі жанынан адам жақындатпай, тістейтін ат екен. Бірақ Николай айқайлап, ұрсып жүріп мінді. Сол күні көкпар тартты. Көкпарды алдымен 13-14 жас аралығындағы Никошаның қатарластары тартты. 50-60-тай ат болды. Одан кейін ересектер тартты. Ересек көкпары басталар кезде үлкендер ырым етіп, Николайдың көкпардағы жолы ашық болсын деп алғашқы салымды Никошаға салдырды", - дейді фотограф.
Немеремнің арқасында өзім де жұлдыз болдым
Көкпардан кейін Николайдың атасы Нұркенге хабарластық. Ол немерісінің арқасында өзі де жұлдыз болып жатқанын айтты.
"Ернар Алмабектің баламды жұртқа танытуының арқасында атасы – мен де елімізге танылдым. Бірнеше БАҚ жазды. Облыстық, аудандық газеттер келіп жатыр. Темір-терсекке байланысты жұмыстарым бар еді, сол туралы да жазып жатыр. Кішкентай аулымызға журналистер көп келетін болды. Ассамблеяныың аты қымбат екені көрініп тұр. Сыйлықтың бағасын сұрамайды ғой. Көкпарға арнайы дайындалған ат. Қазір Никоша мініп жүр. Кеше Сатыда көкпар болып, Никоша сол жерге атын мініп барды. Оның командасы бірінші орын алып қайтты", - дейді атасы.
Николайдың атасы Нұркен немересін бала кезінен атқа баулып, өсіргенін айтады.
"Немерем атқа жақын болды. Ат десе дүниені ұмытып кететін. Бірнеше рет тай алып бердім. Ата-анасы көкпар қауіпті спорт түрі деп қоқады ғой. Бірақ мен үнемі «бұл баланың көзінде от бар. Тимеңдер, атқа үйрене берсін» деп айтып отыратын едім. 12 жасынан бастап көкпар тартты", - дейді ол.
Николайдың ынтасы зор, бастысы қорықпай еңкейе алады
"Ел" бағдарламасында қонақта болған Алматы облысы бойынша көкпардандан жастарды жаттықтыратын Дербіс Байділдаев кейіннен Николайды Панфилов ауданындағы Алматы облысы ұлттық ат спортын дамыту дирекциясына шақырып, оны облыс бойынша жасөспірімдер құрамасына қабылдаған.
"Бұл баланың көкпар шапқанын интернеттегі видеолардан көрдім. Кейін өзімен таныстым. Баланың ынтасы зор. Күші бар, бастысы жерге қорықпай еңкейе алады. Жаппай тартыста көкпар тартып жүрген бала ғой, ала дода тартыс бөлек. Алдағы уақытта оқу-жаттығуға алып барамыз, ақырындап үйренетін болады. Сәуірде жаттығуларға қатысады. Маусым айында Алматы облысы бойынша ұлттық спорт бойынша жарыс өтеді. Аудан-аудан бойынша киіз үйлер құрылып, көкпар тартылады. Сол жерде Николай жасөспірімдер командасы қатарында болады", - дейді Дербіс Байділдаев.
Көкпар жігіттің төзімділігін сынап, атқа мығым отыруды үйретеді
Николайды кішкентай кезінен бастап атасы атқа мінгізіп үйреткен. Өзі де төрт түлік малға жақын болып өскен.
"Мектеп жасына келген кезде өзім атқа мініп, ары-бері шапқылап, үйде азын-аулақ мал бар, соларды қайырып келетінмін. Содан есейе келе достарыммен бірге ауылда өтіп жатқан көкпар ойынын көруге жиі баратынмын, қызығушылық пайда бола бастады. Соны байқаған жерлес ағаларым - Шамғұнов Есбол және Сырлыбай Нұрым ағаларым: "Көкпар жігіттің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады", - деп баулыды. Содан бастап атам маған ат баптауды, күтуді үйретті. Атама, Есбол мен Нұрым ағаларыма көп рақмет", - дейді шабандоз Николай.
Қазіргі күнде Николай Алматы облысы бойынша жасөспірімдер құрамасы сапына қосылу үшін құжаттар дайындап жатыр.