"Өз құндылығымызды өзіміз құртамыз". Қазақта көкпар шабатын адамды "палуан" емес, "шабандоз" деп атаған

"Өз құндылығымызды өзіміз құртамыз". Қазақта көкпар шабатын адамды "палуан" емес, "шабандоз" деп атаған

Көкпар ежелден келе жатқан ат ойынының түрі. Атақты тарихшы Страбон да тамақ ішсе де, ұйықтаса да аттан түспейтін көшпенді халық туралы жазады. Сол көшпенділердің жау алдындағы жаттығуы ретінде көкпар ойыны пайда болған. Ол ғасырдан-ғасырға ұласып, атадан балаға өтіп бүгінге жетті. Қазір көкпар ұлттық спорты екіге бөлінді. Оның бірі классикалық, яғни дәстүрлі көкпар тарту болса, екіншісі командалық жарыс. Бүгінгі көкпардың жайын, жастардың бұл спорт түріне қызығушылығын білу мақсатында Алматы облысы ұлттық ат спортын дамыту дирекциясының көкпардан жастар мен жасөспірімдер жаттықтырушысы Дербіс Байділдаевпен тілдестік.

Жас кезімізде "балаң қай жерде оқиды деп емес, көкпар шаба ма" деп сұрайтын

Жас кезімізде "балаң қай жерде оқиды деп емес, балаң көкпар шаба ма" деп сұрайтын. Әрине, жас кезімізде ат үстінде өстік, көкпар шаптық. Басшылық көкпарға рұқсат бермейтін, сондықтан үнемі бізді қуып жүретін. 2001 жылдан бастап Алматы қаласында көкпарды дамытумен айналыстық. Сол кезде көкпар командасын құрып, ел біріншілігіне қатыстық. Алғашқы ел чемпионаты Өскеменде өтті. Көкпар ережелері мен алаңы бекітілді. Әулиеата командасын ұту қиын болатын. Олар егер қателеспесем, 12 рет ел чемпионы, Шымкент командасы да 7-8 рет чемпион болған. Мен Алматыда команда құрып, солардың арасынан ел біріншілігінде 3 рет чемпион атандық.

Алғашқы халықаралық жарыста ұтып қайттық

Ел чемпионаты жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында болып, үш этапта өтеді. 2004 жылы Қырғызстан Республикасының кубогы өтті. Біз еліміздің көкпар командасын бастап барып, бірінші орын алып қайттық. Ол кезде бірінші орынға джип көлігін берген болатын. Бұл Қазақстан көкпар командасының алғашқы халықаралық жеңісі еді. 2008 жылға дейін ұлттық спортымызда көкпар ғана болса, кейін бұл қатарға аударыспақ, жамбы атулар қосылды. Кейіннен жамбы атудан корей елінде әлем чемпионы атандық. Рекордты жаңарттық. Алматы облысы, Ұзынағашта көкпардың клубы бар еді. Кейін бірінші президенттің жарлығымен клубтар таратылды. Сол кездегі көкпар тартып жүрген жігіттер басқа облыстарға ауысып кетті. Уақыт өте келе 2017 жылы алғаш рет жасөспірімдер ұлттық спорт мектебі ашылды. Жасөспірімдерді дайындадық. 2019 жылы ел чемпионатында екінші орын алдық.

2022 жылы көкпар бойынша ел чемпионаты бірінші лига және жоғары лига болып құрылды. Бірінші лигада жастар өнер көрсететін болды. Сол жылы жастарымызды Сәбит Хәсенов бастап барып, бірінші орын алып қайтты. Енді олар ересектер құрамына өтті. Биыл жастар арасынан ел чемпионаты Түркістан облысы Шымкент қаласында өтеді. Соған дайындалып жатырмыз.

Көкпар жанашыры, жаттықтырушы Дербіс Байділдаев

Басшың дұрыс болса, бәрі де дұрыс болады

3 айдың шамасы болып қалды, бізге жаңадан Тілебалдиев Елдос деген басшы келді. Өзі бұрын Қазақстан ұлттық құрамасында ойнаған шабандоз. Көкпарды, ойын тактикасын жалпы бәрін жақсы біледі. Сол жігіт келгелі қолымыз ұзарып, мәселелеріміз шешіліп, жақсы болып қалды. Жекпе-жекке ойнайтын ат жоқ еді, оны да Қырғызстаннан алдырдық. Басшың дұрыс болса, бәрі дұрыс болады екен. Алматы облысы спорт басқармасының басшысы болып Теңізбаев Нұрбақыт бауырымыз отыр. Ол бізге қатты көңіл бөледі. Әсіресе ұлттық спортқа, оның ішінде ауылдық жерде өтетін жарыстың бәрінде өзі басы-қасында жүреді.

Ата-бабамыз көкпар тартқанда қазандық болмаған, оны қырғыздар ойлап тапқан

Біздің ата-бабаларымыз көкпар тартқанда қазандық деген болған жоқ, шапан болатын. Негізі, қазандықты қырғыздар шығарған, Болот Шамшиев ойлап тапқан. Баяғыда шапанды төсейтін, соған әкеп тастаса болды, есептелетін. Кейін жаңа айтып өткендей, қырғыздар қазандықты командалық көкпарға енгізіп, содан бастап қазандыққа шабатын болдық. Қазандық деген атқа да, шабандоз жігітке де зиян, жарақат алу қаупі зор. Қаншама аттар мен жігіттер соның кесірінен шаба алмай қалды.

Қазір серкені қазандыққа емес, мәреге тастаймыз

7-8 жыл бұрын көкпар тартатын елдер жиналып, қазандықты алып тастайтын болып шештік. Мәре сызып, оның диаметрі үш метр болады, соған шабатын болдық. Қазандықтың бір кемшілігін айтайын. Шабандоз серкені алып қазандыққа жақындағанда ат тоқтап қалады. Сол кезде жан-жақтан қарсыластар қағып-соғып өтеді. Құлатады. Ал енді 1-2 метр жерден қазандыққа серкені лақтырып түсіруге де болады. Оған үлкен шеберлік керек. Қазір әлем чемпионатында немесе әлемдегі басқа жарыстарда қазандық болмайды, тек көрші қырғыз бауырларымыз қазандықты әлі тастамай жүр. Бірақ әлем чемпионаты Қырғызстанда болса да, қазандықта шаппаймыз.

Қырғыздар әлі де қазандығын насихаттап жүр

Мысалы, Түркияда былтыр этноспорт түрлерінен жарыс өтті. Сол кезде халықаралық бекітілген ереже бойынша мәреге шаптық. Қырғыздар қазандықтарын апарып, басқаларды үгіттеген еді, одан ештеңе шықпады. Тек өзбектер ғана қазандыққа шапты. Басқа елден келген командалар қазандыққа шаба алмайды және шаппайды да. Себебі олар ондай нәрсені көрмеген. Біздің жігіттер ғана шапты, неше рет қырғыздарды ұттық. Айта берсек, дәлел көп.

Атақты ардагер шабандоз Зұлпыхар Тайырбеков кейінгі уақытта шабандоздарға көңілі толмайтынын айтады. "Жерден серкені іліп алатын шеберлер азайып кеткен. Сондықтан оларды шабандоз деп санамаймын" дейді © argymaq.kz

Зұлпыхар Тайырбеков қазақтың мақтанышы, атақты шабандоз

Ағамыздың айтып отырғаны жаппай көкпар ғой. Ол жерде екі жүз-бес жүз, тіпті мың атқа дейін шабады. Ол кісі көкпардың бұл түрінен шынымен, атақты болған шабандоз. Әлі күнге дейін жарыс басталар алдында атқа мінгізіп, серкені тақымға басып берсең, ұстамай шаба беретін. Ол атамыз да қазақтың мақтанышы. Ал командалық көкпар басқа, 12 шабандоз бар. Оның ішінде екі жігіт қана серкені жерден көтермейтін шығар. Өйткені олар қорғаушы, өздерінің міндеттері болады. Қалған жігіттер, тіпті қорғаушылардың өзі мүмкіндік келсе жібермейді, бірден іліп кетеді.

"Көкпар". Қанапия Телжановтың картинасы

Қазақ пен атты бөлуге болмайды

Біздің ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен Алтайдан Атырауға дейінгі аралықты аттың үстінде жүріп қорғады. Соғыс уақыты кезінде көкпар деген аталарымыздың оқу-жаттығуы еді ғой. Қанымызға сіңген нәрсе. 2018 жылы этноспорт түрінен жастар арасында бірінші Азия чемпионаты өтті. Әлем бойынша 68 мемлекеттен қатысушылар келіп, сол кезде көрдік көкпары болсын, басқа да этноспорт түрінен біздің жігіттер ойнап кете беретінін. Өйткені жаңа айтқанымдай, бұлар біздің қанға сіңген. Қазақ пен атты бөлуге болмайды. Әлем де жазып жатыр, аустриялық ғалымдар жазып жатыр ғой. Ең бірінші атты қолға үйреткен қазақтың бабалары. Бабаларымыз шүберекті байлап, доп істеп шүген ойнаған. Кейін ол әлемге жайылып "поло" атанды. Аттың түрлерін бөліп айтады, атты біздің бабаларымыз қолға үйреткесін олардың барлығы бізден тарады емес пе?

Дербіс Байділдаевтан көкпарға жастарды қалай таңдап алатынын да сұрадық. Бапкер ауыл-ауылды аралап, футболдағы агенттеріндей жастарды таңдайтынын айтады

Ауылға барамыз. Жаппай көкпары болып жатады. Қарап, бақылап отырамыз. Баланың бейімділігін, ептілігін көреміз. Бастысы батылдық, ептілік, атқа отыру ғой. Кейін бәрін жинап алып, ішінен таңдаймыз.

Шабандоздар айлық алады

Қазіргі жастарға жасалып жатқан мүмкіндік жақсы деп айтар едім. Себебі олар спортшы ретінде айлық алады. Қазір ат алып беріп, ақша төлеп отырмасаң ешкімді ұстап тұра алмайсың. Күн көрістің қамымен бәрі кетіп қалады немесе көрші облыстар жалақыны көтеріп қойса, солардың командасына ауысып кетеді. Сондықтан өз құндылығымызды көтеру үшін ақша бөлдіріп отырмыз.

Бүгін Жалаңаш ауылынан келген Николай Дыцел жасөспірімдер командасына қабылданып жатыр екен

Бұл баланың көкпар шапқанын интернеттегі видеолардан көрдім. Бүгін өзін шақырып алып, командамызға қабылдасақ па деп отырмыз. Алдағы уақытта оқу-жаттығуға алып барамыз, осылай ақырындап үйренетін болады.

Былтыр ел чемпионаты 2005-2006 жылғы балалар арасында өтті. Биыл 2006-2008 жылғы балалар шабады. Мына жасөспірімдерді екі жылға қатыстырсақ деген ұсынысым бар. 2005 жылғы балалар келесі жылы шаппайды. Бір жыл қатысады бітті. Ұзағырақ шапса өсетін еді. Ал жастар құрамасына кірейін десе 2000 жылғы ағалары орын бермейді. Олар әбден ысылып, сақа болған ойыншылар ғой.

Көкпардан Қазақстан  ұлттық командасының бас бапкері жеке адамдардың атын сұрап жүреді

Біздегі бір кемшілікті айтайын. Көкпардан Қазақстан  ұлттық командасының бас бапкері жеке адамдардың атын сұрап жүреді. Олар додалы жарыста жарақат алып қалуы мүмкін. Содан кейін біреу саған атын бергісі келе ме? Бас бапкер дегеннің жұмысы шаш-етектен емес пе? Оның ат іздеп жүргені қаншалықты дұрыс? Содан кейін ат сатып алсақ, оның ең жақсы ойын көрсететін мерзімі үш жыл ғана. Төртінші, бесінші жылдар  серкеден қашады. Сол ат мәселесі бар. Мұны шешу үшін бие сатып алу керек деп ойлаймын. Одан туған құлындарды көкпарға дайындап өсірсек құба-құп емес пе?  Егер ат сатып алсақ үш жылдан кейін оны ауыстыра алмайсың, ауыстыру қиынның қиыны. Сондықтан жаңа айтқандай, бие сатып алсақ немесе атты үш-төрт жыл сайын ауыстыратындай етіп заңды өзгерту керек.

Қазақта көкпар шабатын адамды "палуан" емес, "шабандоз" деп атаған

Ол мәселені мен кезінде көтергем. Көкпар жарыстарын жүргізетін комментаторларға да көңілім толмайды. "Көкпарды басқан палуан көкпар алаңының сыртына шығып кетті" деп айтады. Әр нәрсенің өз атауы бар емес пе? Мысалы, футболда да: "Футболшы тепкен футбол футбол алаңының сыртына шығып кетті" демейді ғой. "Ойыншы тепкен доп, алаң сыртына шығып кетті" деп айтады. Дұрысы "Серкені басқан шабандоз алаң сыртына шығып кетті" деп айтылуы керек. Комментаторлар: "Палуан-палуан" деп айқайлайды. Бәрі осы сөзді үйреніп алған. Не ол? Балуан Шолақ атамыз - палуан, Қажымұқан атамыз - палуан, Жақсылық Үшкемпіров - палуан, Дәулет Тұрлыханов бауырымыз - палуан, себебі олар күреседі. Ат үстіндегі адамды палуан деп айтқанымыз қаншалықты дұрыс. Мүмкін, бір-бірімен күш сынасқасын солай айтқан шығар. Бірақ "шабандоз" деген әдемі атау қайда қалды? Бұл үлкен атақ пен абырой. Ол ептілікті, батылдықты көрсетеді. Қазір "палуан", "дәңгәл" "меккем бол" дейді. Бұлар өзбектен шыққан атау емес пе? Әрине, "палуан" деп айта салған оңай. Бірақ әр нәрсенің орны, өзінің атауы болады. Өз құндылығымызды өзіміз құртамыз.

P.S. Дербіс Байділдаев алдағы 7 наурызда көкпардан іріктеу жарысы болатынын айтып қоштасты. Аттарды өзі сынап көреді екен. "Ақжалды" ерттеп мінген ол атын аяңдатып, бізден ұзай берді.

Т. Раушанұлы