Атырау облысындағы бір отбасының жантүршігерлік өлімі: марқұмдардың үйі қаңырап қалған
Былтыр Атырау облысы Жангелдин ауылында тұтас бір отбасы, яғни зейнет жасындағы ерлі-зайыпты мен олардың ересек балалары жұмбақ жағдайда жоғалып кетті. Туыстары бұл туралы 2025 жылы желтоқсанның аяғында хабарлаған. Кейінірек ерлі-зайыптының сүйегі өз сарайынан табылды.
Tengrinews.kz-ке арада біраз уақыт өткенде қайғылы оқиға болған жерге барып, арнайы түсірілім жасаудың сәті түскен.
Сот процесі басталғанға дейін тергеу амалдарына байланысты үйге кіруге шектеу қойылған еді. Сот басталған соң марқұмдардың үйіне кіріп, жантүршігерлік қылмыс болған жерді көруге мүмкіндік туған.

©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Марқұмдардың үйі қаңырап қалған: қатты желден қоршаудың бір бөлігі құлап, аулаға сиырлар кіріп кететін болған.

©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Аула мен үйдің жай-күйінен бұл жерде көптен бері ешкім тұрмағаны байқалады.

©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Қарабалиндер отбасының үйі бүгінде осындай күйде.

©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Аулада үлкен сарай бар.

©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Бұл нысан шаруашылық жүргізуге арналған. Туыстарының айтуынша, оны отағасы Мақсот Қарабалин мен оның ұлы Наурыз Мұқанғалиев салған.

©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Мұнда отбасы үй шаруасымен айналысып, көбіне үлкен дастархан жайып, қонақ күтетін болған.

Қарабалиндер отбасы. Суретті Tengrinews.kz редакциясына марқұмдардың туыстары ұсынған
Сарайда екі бөлме бар. Кіреберісте газ плитасы, тоңазытқыш пен үстел қойылған ас үй орналасқан. Туыстарының сөзінше, қарт ерлі-зайыпты осы жерде ас дайындап, ет мүшелеген.
©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Екінші бөлмеде кереуеттер, сервант және үстелдер тұр.

©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Дәл осы жерде, линолеумнің астынан Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі табылды. Күдікті мұнда тереңдігі 1,3 метр болатын шұңқыр қазған.
©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Бұл бөлмеде әлі күнге дейін отбасы мүшелерінің жеке заттары, соның ішінде отағасы Мақсот Қарабалин мен қызы Мейрамгүлдің аяқ киімдері жатыр.

©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Нәсіп Өтешқалиеваның өлімі (отбасының анасы)
Тергеу нұсқасы бойынша 2025 жылы 3 қарашада таңғы сағат 8 шамасында Нәсіп Өтешқалиева аулада үй шаруасымен айналысып, арасында сарайға кіріп-шығып жүрген.
Сол сәтте осы отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев сарайға кіріп, кіреберістен ас үй пышағын көрген. Тергеу мәліметінше, ол бұл пышақты қылмыс құралы ретінде алдын ала дайындап, ыңғайлы жерге қойып кеткен.
Сағат 9 шамасында ол енесінің сарайға кіргенін күткен. Әйел ішке кіргеннен кейін ол артынан ілесе кіріп, ту сыртынан кеудесі мен арқасына бірнеше рет пышақ салған.
Алған жарақаттарынан әйел сол жерде жан тапсырған.
Мақсот Қарабалиннің өлімі (отағасы)
Іс материалдарына сүйенсек, қылмыстық жоспарының бірінші бөлігі іске асқанына көз жеткізген соң Сұлтан Сәрсемәлиев терезеден Мақсот Қарабалин үйден шығып, сарайға қарай келе жатқанын көрген.
Мақсот Қарабалин ішке кірген кезде Сұлтан Сәрсемәлиев оның кеудесіне, арқасына және қолына ас үй пышағымен бірнеше соққы жасаған.
Алған жарақаттарынан қария да есін жимастан, сол жерде жан тапсырған.
"2025 жылғы 3 қарашада қылмыстың ізін жасыру мақсатында сарайға қайта барып, кереует астынан тереңдігі шамамен 1,3 метр болатын шұңқыр қазып, Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйектерін көмген. Үстіне линолеум төсеп, кереуетті орнына қойып, қылмыс ізін толық жасырған", - деп жазылған айыптау актісінде.
Тергеуші Темірхан Хажмұратовтың айтуынша, алдымен Мақсот Қарабалиннің, содан кейін Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі табылған.
Атырау облысында жоғалған отбасының ісі
Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:
- 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
- 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
- 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
- 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.
Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.
Атырау облысы ПД
6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.
Tengrinews.kz
Күдікті туралы
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.
Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.
24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды.
Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:
- 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
- 188-баптың 2-бөлігі - "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
- 190-бап - "Алаяқтық".
Сот отырысы
2026 жылы 18 мамырда атышулы іс бойынша сот отырысы басталды. Сот отырысы барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды. Басты сот талқылауы 28 мамырға тағайындалды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
qamqor.gov.kz