Атырау облысында жоғалған отбасының ісіне қатысты сот өтіп жатыр: тың деректер белгілі болды

Атырау облысында жоғалған отбасының ісіне қатысты сот өтіп жатыр: тың деректер белгілі болды
Фото: Tengrinews.kz: Әлімжан Аманжол

Атырауда Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты алдын ала сот отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот отырысы барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды. Онда айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы жұбайының туған ағасы Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне әкеп соққан оқиғаның мән-жайы баяндалған.

Tengrinews.kz: Әлімжан Аманжол 

"Ол (айыпталушының - еск.) балалары белгілі бір себептермен ата-анасының үйіне жеткізіліп, сонда тұрып жатқаны туралы мәселе көтермек болған. Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевқа қалада тұрған кезде балалар мен Мұқанғалиеваға өз бетінше күтім жасай алмайтынын айтқанда, олардың арасында келіспеушілік басталған", - деп жазылған айыптау актісінде.

Прокурордың сөзінше, бұл мәселе шешімін таппаған, кейін Мұқанғалиев жеке сөйлесу үшін қалаға келетінін жеткізген.

2025 жылы 14 мамырда ол Атырауға келіп, Сәрсемәлиевпен байланысқан. Олар Бейбарыс даңғылының бойында орналасқан теміржол вокзалында кездескен. Олар арадағы келіспеушілікті қайта талқылаған, бірақ ортақ мәмілеге келе алмаған.

"Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевқа ауылға біржола көшіп кетпегенін, отбасының жеке заттары мен киім-кешегі уақытша жалдамалы пәтерде екенін, Атырауға қайта көшу жоспары бар екенін айтқан", - деді прокурор.

Тергеу мәліметі бойынша ол осы мекен жайға барып, бұған көз жеткізуді ұсынған. Мұқанғалиев келісіп, содан кейін олар көрсетілген мекен жайға бет алған.

Үйдің ішінде олар залға кіріп, осы жерде әрі қарай мәселені талқылаған. Алайда тағы да келіспей, арты төбелеске ұласқан.

"Жанжал барысында Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевтан физикалық тұрғыдан әлсіз екенін және оған қарсылық көрсете алмайтынын түсініп, қасақана кісі өлтіруге бел буған", - деп жазылған айыптау актісінде.

Мәліметке сүйенсек, ол ас бөлмесіне барып, пышақ алған және айқас кезінде жәбірленушінің ішіне бірнеше соққы жасаған. Алған жарақаттарынан Наурыз Мұқанғалиев оқиға орнында көз жұмған.

Іс материалдары бойынша осыдан кейін Сәрсемәлиев қылмыс ізін жасыруға тырысқан: марқұмның сүйегі жеке үйдің ауласына жасырылған.

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.

Tengrinews.kz

Күдікті туралы

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.

qamqor.gov.kz

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды. 

Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі - "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
  • 190-бап - "Алаяқтық".

2026 жылы 18 мамырда атышулы іс бойынша сот отырысы басталды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget