Алтын Орда дәуірінен қалған жалғыз ту табылды. Белгілі ғалым оның бізге дейін қалай жеткенін айтты
Орал тұрғыны Анаргүл Әмірова аталарынан аманаттап Алтын Орда туын осы кезге дейін сақтап келгені туралы сұхбат жазған едік. Аталмыш мақала әлеуметтік желіде біраз пікірталас туғасын Massaget.kz порталының тілшілері ту туралы арнай фоторепортаж дайындады.
Анаргүлдің туды мемлекет қорғауына алсын деп бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Арыстанбек Мұхамедиұлы, Дәурен Абаев министр кезінде қабылдауларында болған. Ол жалаудың Алтын Орда дәуіріне тиесілі екеніне ешкімді сендіре алмаған. Отандық ғалым Өмір Тұяқбай аталмыш байрақты зерттеп, шынында да Алтын Ордаға тиесілі екенін анықтаған.
Анаргүл Әмірова, тудың иесі
Мұражайға қаншама құнды жәдігерді тегін бердім
Мынау солармен жасаған келісім шарт. Мында барлық құжаттар бар. "Тудан 100 грамм материал үлгісін жіберіңіз" деді. Жібердім. Ол үлгі қайтпайды, жағып жібереді. Соның қалдығынан қарайды. Көміртекті талдау деген сол. "Зерттейміз" деп астынан қаншама рет кесті. Ешқайсысы қайтқан жоқ. Шамамен 9 жылдан бері әртүрлі зерттеу орталығына 8 үлгі жіберген шығармын.
Бейбітшілік пен келісім мұражайына қолымдағы Алтын Ордаға тиесілі сынған ақинақты (66 см), сақ дәуірінен қалған құмыраны, ХІХ ғасырға тиесілі иконаны (22х26 см), Алтын Ордаға тиесілі самұрықтың басын (таза алтын) сыйға тарттым. ХVІ ғасырға тиесілі әшекейлерді де тегін бердім.
Олардың әрқайсысы құнды, қымбат заттар болатын. Алтыннан жасалған самұрық құстың басын Карл Байпақов көріп, Алтын Ордаға тиесілі екенін айтты. Бұлардың барлығын бергеніме өкінбеймін.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жазба ескерткіштер және рухани мұра ғылыми орталығының маманы Өмір Тұяқбайдың ту туралы шығарған қорытындысы
Арыстанбек Мұхамедиұлы намысыма тиіп, күлді
Оралдан екі сөмке көне жәдігермен Астанаға ұшып келдім. Арыстанбек Мұхамедиұлының қабылдауын 1,5 ай күттім. Қабылдаған кезде: "Қайдағы жоқ шүберектерді маған неге әкеліп тұрсыз? Көміртекті талдауы болмаса оның Алтын Ордаға тиесілі екенін қайдан білемін. Мүмкін 20 жыл бұрынғы шүберек шығар" дейді. Менде ондай қымбат талдауға қаражат жоқ екенін айттым. "Үкіметте мұндай нәрселерге ақша жоқ. Бұл сіздің мүлкіңіз, өзіңіз жасаңыз. Қазір менде ЭКСПО, қолым тимейді" деп шығарып салды.
Мен одан бөлек қылыш, құмыраларды да әкелген едім. Тіпті оларды қараған жоқ. Намысыма тиіп, күлкі етті. Күлгені қатты тиіп кетті. Құдай бәрін көріп тұр ғой.
Алтын Орда дәуіріне тиесілі жалғыз ту
Ресей ғалымдары енді туды екі шынының арасына салып, ішінде ауасын шығарып сақтауды ұсынды. Содан бері рамкаға салып қойдық. Себебі 9 жылдан бері ары-бері тасыдым, ыстық, суық тимеуі керек екен. Одан бөлек адам қолындағы микробтар туды шіріте түседі.
Бармаған жерім жоқ. Алматыға бірнеше рет келдім. Карл Байпақовпен кездестім. Ол кісі бәрін айтып берді. "Алтын Орданың туы ғой. Осы уақытқа дейін қайда болдыңыз" деп таңғалып сұрады.
Қазақта құнды заттарды сақтайтын сақтардан келе жатқан әдісі бар
Әкемнен "бұл туды осы уақытқа дейін қалай жеткіздіңіздер" деп сұрадым. Қазақта құнды заттарды қойдың қарнына салып сақтайтын әдісі болған екен. Оған таңғалатын ештеңе жоқ. Бұл әдіс ғұн, сақтардан келе жатыр.
7 желтоқсанда Дәурен Абаевпен де кездестім. Екі көмекшісімен күтіп алды. Ол кісі "болашақта зерттеп қараймыз" деген еді. Бірақ 1 аптадан кейін жұмыстан босап қалды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Ысқалиевтің қабылдауында болдым. Әкім де радио көміртекті талдауды сұрайды. Ол да Арыстанбек Мұхамедиұлын айтқанын қайталады.
Ресей ғалымдары талдауының қорытындысы. Радиокөміртекті сараптамада тудың 1223 жылдарға тиесілі екені 78,5 пайыз дәлдікпен расталған
Орыс ғалымдары радио көміртекті талдауды тегін жасап берді
Содан кейін орыстардың ғалымдарына хат жаздым. Олар өткендегі сұхбатымда айтқандай талдауды тегін жасап берді.
2,5 айдан соң жауабы келді. Хатта: "Біз бұл туды ХIV-XV ғасырларға тиесілі болу керек деп ойлағанбыз. Бірақ 1200 жылдарға жататынын, Шыңғысханның дәуіріне тиесілі болатынын ойламадық. Қатты таңғалдық!" деп жазып жіберіпті.
Елдер неге ақша сұрайды деп жазып жатыр
Қазір елдер түсінбейді. "Неге ақша сұрап жатыр" дейді. Себебі маған ақша керек. Ұлыма сүйек кемігін трансплантациялау қажет. Түркияға апарамын. Ресей де сатып алғысы келіп отыр. Қызыл алаңдағы музейге қоймақшы. Сосын Кенесераның басын қайтара алмай отырғанда, туды қалай береміз деп ойладым. Өткенде айтқанымдай бәрі сұрайды тек Қазақстанға керек болмай тұр.
Бұл құжатта туға қан жұғып қалғаны жазылған
Соғыс кезінде болу керек. Сондықтан ту адамның астында қалған. Бір жағына қан тиген. Сондықтан бір жағы қап-қара да, екінші жағындағы самұрық құстың суреті анық сақталған.
Өмір Тұяқбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жазба ескерткіштер және рухани мұра ғылыми орталығының маманы. Шығыстанушы, тарихшы
Бұл Алтын Орда дәуіріне тиесілі жалғыз ту
Бұл Алтын Орда дәуіріне тиесілі жалғыз ту. Мемлекет бұл туды сатып алуы керек деп ойлаймын. Бірақ мұндай бағалы затты сатып алуы үшін біраз тексеруден өтеді. Құнды жәдігер болғасын оны мемлекет алдын ала бюджетке енгізеді. Мысалы, музейлер өздерінің бюджетін бекіткенде "осындай заттар табылды, соны сатып алуды сұраймыз" деген сияқты өтініш жасайды. Содан кейін барып бұл бюджет депутаттардың талқылауынан өтеді. Бұл сондай ұзақ процесс.
Оны ұйымдастыру үшін де уақыт, күш керек. Одан бөлек музейлер мұндай заттарды алу үшін бірнеше ғалымды жинап кеңес өткізеді. Талқылаудан кейін бағасы бекітіледі. Сол тұжырымдама бойынша, ғалымдардың қойған бағасымен жәдігер сатып алынады. Музейдегі бюджет алдын-ала 3 жылға бекітіледі. Соны да ескеру қажет.
Ту қанша тұрады?
Бұл туды бағалаушы мамандар болады. Арнайы мамандық бар. Оларды нарықтағы бағамен яғни осыған ұқсас сатылған заттардың бағасымен есептеледі. Аукциондарды қарайды. Арнайы алгоритмі бар. Солай белгілемесе қазір нақты айта алмаймын. Бұл ту Алтын Ордадан қалған жалғыз ту. Сондықтан қымбат тұрады деп есептеймін. Одан бөлек заттың сақталуы, оның қаншалықты тарихи маңызы бар соған да қарайды.
Түркілер тоқыма әдісінің озық әдісін меңгерген
Бұл тудағы матаның тығыздығын тексеру керек. Оның біздің заманға дейін жетуінің сыры неде? Неге мың жылда шіріп, жойылмады? Оны тоқылу үлгісінен білуге болады. Бір тарихты айтып берейін. Қытайда "Лоян сұлуы" деген қорым табылған. Әйел киімімен сақталған екен. Бірақ түрі еуропоид. Содан киімін зерттеп қараған. Тоқылу әдісіне сараптағанда Қытайда ондай болмаған. Финдер оны біздікі дейді. Себебі ұлы көш кезінде финдер өздерін Алтайдан көшіп келдік деп есептейді. Сол кездерден қалған біздің мәдениетіміздің пұшпағы болуы керек дейді.
Киімді зерттей келе оның тоқылу шалысы қазіргі джинсы киімге келеді екен. Яғни өте берік мата. Басында ғалымдар ол кезеңде мұндай мата тоқу мүмкін емес деп ойлайды. Бірақ бар. Ал тігілген астары қой терісі болып шығады.
Ал ондай қойлар финдерде болмаған, біздің арғы-ата бабамыз баққан болып шығады. Бұдан шығатын қорытынды түркілер баяғыда-ақ тоқыманың түрлі әдісін меңгерген. Мысалы, мына туды қолыма ұстап зерттедім. Өте берік, тығыз тоқылған, ауыр мата. Бұл ту желбіреп тұрмайды. Себебі өте қатты. Сондықтан қазірге жетіп отыр.