Алматыда қаралы жұрт әйгілі ақын Мұхтар Шахановпен қоштасып жатыр
Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында ақын, жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаралы жиынға зиялы қауым өкілдері, ақынның жақындары, оқырмандары жиналды. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхаты оқылып, Мұхтар Шахановтың қазақ поэзиясы мен ұлттық руханиятқа қосқан зор үлесі туралы айтылды.


Сондай-ақ, жиында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, басқа да саяси тұлғалар, өнер қайраткерлері төбе көрсетті.

Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйледі.
"Мұхтар ағамыздың қайсар мінезі, жоғары парасат-пайымы, ғибратты ғұмыры - жастар үшін қашан да үлгі. Оның шығармалары, азаматтық үні, қайраткерлік болмысы әр буын үшін өнеге болып қалатыны сөзсіз. Қадірлі ағайын, орны толмас ауыр қазаға байланысты баршаңызға қайғырып көңіл айтамыз. Алла ағамыздың алдынан жарылқасын, иманы жолдас, жаны жәннатта болсын. Ағамыздың жарқын бейнесі қашан да жүрегімізде сақталады", - деді Мәулен Әшімбаев.
Суреттер: Сенаттың баспасөз қызметі
Бұған дейін желіде әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты делінетін хат тарады. Онда ақын көзі тірісінде ата-бабасының мекені Отырарда, Арыстан баб кесенесі маңына жерлеуді сұрағаны айтылады. Алайда кейінірек Қазақстан жазушылар одағы ақын Кеңсай-2 зиратында жерленетінін хабарлады. Ал ақынның немересі бұл жайтқа қатысты "Отырарда жерленетін болды" деп жауап берді.
Айта кетейік, 19 сәуірде Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ол - ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері (2022 ж.), Қазақстанның Халық жазушысы (1996 ж.), Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994 ж.).
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!