«Apple Fest» - Алматы мен алма мерекесі

«Apple Fest» - Алматы мен алма мерекесі

Алматы күніне арналған ауқымды іс-шаралардың бірі - «Apple Fest» алма фестивалі болатын. 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан фестиваль жыл өткен сайын кең көлемде атап өтіліп, көркейе түсуде. Қала халқының асыға күтетін мерекесіне айналды десек те қателеспейміз. Биыл да бұл мереке жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып, келушілерге ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал біз сіздерге фестивальдың ең үздік сәттерінен фоторепортаж ұсынамыз. 

«Apple Fest» фестивалі жыл сайын ҚР Тұңғыш Президенті саябағында ұйымдастырылып келеді. 

Алмадан жасалған Алматы қаласының танымбелгісі келушілердің назарын ерекше аударды. Асқан шеберлікпен жасалған "туындыда" танымбелгі түрлі гүлдермен де көмкерілген. 

"Алып алмалар" да жұрт қызықтаған экспонаттардың бірі болды.

Фестивальге келушілердің қарасы түс ауа көбейе түсті. 

Саябақтағы субұрқақ "ақ көбігін" аспанға атып, көз жауһарын алды.

"Алып адамдар" қонақтармен суретке түсуге бір сәт те қарсы болған жоқ. Ал кішкентайлар таңырқай қараумен болды. 

Биыл «Apple Fest» фестивалі аясында "Тек сенің қалаң – бірегей" фотобайқауы ұйымдастырылды. 

Фотобайқауды тамашалушылар кәсіби фотографтардың туындыларына тәнті болды. 

Өз қалаларының көркем жерлерін көріп, таңданыстарын да жасырмады. 

Ал мынау да фотобайқауға ұсынылған суреттердің бірі. Жақыннан түсіргенімде сол жерді барып түсіріп келгендей болып шықты. Естеріңізде болса осыған дейін Алматыдағы стрит-арт туындылары жайлы фоторепортаж ұсынған болатынбыз. 

Саябақта жас суретшілерге арналған ойын-сауық орындары да болды. Балаларының салған суреттерін ата-аналар естелік ретінде үйіне алып кетіп жатты. 

Ал мына құлтемір екі тілді (қазақ, орыс тілі) еркін меңгерген екен. Келген қонақтарға құрмет танытып, жол сілтеп тұрды. 

«Apple Fest» фестивалі балаларға да ерекше қуаныш сыйлайтын мерекелік іс-шаралардың бірі. Түрлі жарыстарға қатысып сыйлықтар ұтып алуға болады.

Ата-аналар балаларын қыдыртып қана қоймай, бір ауық сергітіп бой жаздырып та алды. 

Кей жас бүлдіршіндер үлкен сахнаға шығып, жиналған жұртшылықты өнерімен тәнті етті. 

Қыдырып шаршаған егіздер жүгері жеп, жүрек жалғап отыр. 

Ұлттық киімде келген қонақтарды да көзіміз шалды. 

Ақ жаулықты әжелеріміз де алма сатып алуға келді. 

Ал алмалардың бағасы 200-350 теңге аралығында болды. 

Арасынан Алматының апортын да көзіміз шалды.

2015 жылғы  «Apple Fest» фестиваліне 100 тоннадан астам алма жеткізілген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда екі есе көп.

Жұртшылыққа 33 шаруа қожалығының алмалары ұсынылды. 

Фестивальде алма ғана емес, өрік, жүзім мен алмұрт та сатылды. Бірақ бірең-сараң жерде ғана.

«Apple Fest»-ке отбасымен келіп, Алматының апортынан дәм татып отырғанға не жетсін, шіркін?!

Жас бүлдіршінге алманың қышқыл дәмі ұнамай қалған секілді...

Келген қонақтар алманың дәмін татып, концерттік бағдарламаларды ерекше ықыласпен тамашалады. 

Фестивальге келген апаларымыз аяқ жазып, биылғы Алматының апортынан дәм татты.

«Apple Fest» - нағыз отбасылық та мереке. 

Алма сатып алуға халық ұзын-сонар кезекке де тұрды.

Түрлі ұлт пен ұлыс мекендейтін Алматы облысы бүгінде бірлік пен ынтымақтастық мекеніне айналған. «Apple Fest» фестивалін қарап жүріп бұл сөзімізді дәлелдей түстік. 

Би ырғағына тербелген ару анасына өз өнерін көрсетті.  

Үлкендер де өз заманының әндері шырқалғанда қарап қалған жоқ. Өз өнерлерін ортаға салып, билей жөнелді. 

Ат жалын тартып мінген аруымыздың өнерін тамашалап үлгермедік. Тек суретке түсіру ғана бұйырды.

Кең көлемде ұйымдастырылған іс-шара көпшіліктің көңілін көтерді. 

Жастар концерттік іс-шараларды билеп тұрып тамашалады. Сондай-ақ фестивальге келушілер арасында ән айтудан жарыс ұйымдастырылды. 

Ал классикалық әндерді жұртшылық қаз-қатар отырып тамашалап, тыңдады.

Үлкен фестивальден үлкен естелік те қажет.

Селфи жасап жүрген жастарды жиі кезіктіруге болады.

Аты айтып тұрғандай бұл киіз үйге бас сұқпай кетуді жөн санамадық.

Киіз үйге қазақтың ежелгі қару-жарақтары мен сауыттары қойылған. 

Батырлар ұстаған қару-жарақтың бірі - қалқан. 

Бұл маңнан "қару-жарақ көрмесінен" бөлек, "Хан Ордасы" мен "Салт-дәстүр шаңырағы" киіз үйлері де тігілген.

Сырты былғарымен қапталған кебеже. Қолмен ұстауға болмайды деп қатаң ескертті.

Киіз үй маңына орнатылған екі алтыбақан жастар ойын-сауығының орталығына айналған. 

Марқұм Батырхан Шүкеновтің портреті бейнеленген "Alexelle Mosaic" туындысын да көзіміз шалды. 

Көк майсаға жайғаса кеткен жастар кітап оқып, кейбірі ұялы телефондарын ермек қылды. 

Батпырауық "бүркітті" ұшырған жастар балалық шақтарын бір еске алды.

Фестивальде жүріп massaget.kz сайтының экс-тілшісі Сания Аринованы жолықтырдық. Әрқашан көңілді жүретін Сания сайт оқырмандары мен әріптестерін сағынғанын айтып, дұғай-дұғай сәлем жолдады. Қала күнімен құттықтап, толағай табыстар тіледі.

Саниямен қош айтысып, ерекше флешмоб ұйымдастыруды бастадық. Алма ұстап түскен жастар фестиваль туралы өз ойларын айтты.

Ақбота: "Мұндай жоғарғы деңгейде өтеді деп ойламаппын. Іс-шараның біз бармаған жерлері көп"

Анар: " Фестиваль керемет өтіп жатыр. Бәрінен де алма дәмді екен"

Маржан: "Фестиваль керемет көңіл-күй сыйлады"

Құрбысымен келген Әсел де демалысын босқа өткізбегенін қуана жеткізді. 

Саябақ алдында жолыққан Айша мен Әсемгүл фестивальге кешігіңкіреп келгендіктерін айтып, бір "мұңайып" алды. Шын мәнінде олар нағыз қызған шағында келген болатын. 

Анасына ренжіген бала қабағын түйіп, өз дегенінің орындалмағанына "қапа" болып тұр. 

Ал кәсіби аспазшылар келген жұртқа тамақ істеу туралы кеңестер берді. 

Саябақтың кей жерлерінде гүлдердің тапталғанын да байқадық. 

Мына көріністі назарымыздан тыс қалдырғымыз келмеді. 

Ал қайтар тұста "алып алмалармен" балалардың ойнап жүргенін көзіміз шалды. Таңертең көргенімізде бұл "алмалар" ауыр шығар деп ойлаған едік...

Мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Қала халқы мен қонақтар бой жазып, сергіп қайтты. Алатау баурайының ауа-райы да жылы шырай танытты. 

Ал біз қайтқанда мереке әлі жалғасып жатты...