Көше суретшілерінің көркем туындылары

Көше суретшілерінің көркем туындылары

Бүгінде үй қабырғасына, көше қиылыстарына, машина тұрақтарына не жолдың үстіне салынған суреттерге көзіміз үйреніп те кетті. Қазір Алматы көшелерінен түсініксіз суреттер мен беймәлім жазуларды жиі кездестіреміз. Кейбіреулері көшенің көркін бұзып та тұрады. Ал сәтті шыққандары көшеге сән беріп шыға келетіні тағы бар.

Стрит-арт пен граффити (екеуі екі бөлек екенін айта кеттік) асқан шеберлікпен салынса, халыққа ұнары да сөзсіз. Заманауи өнер түрі ретінде бағаланып жүрген көше суретшілерінің көркем туындылары кімнің болса да назарын аударары анық. Бүгін біз сіздерге Алматы қаласындағы көше суретшілерінің көркем туындылары жайлы айта кетпекпіз. 

Алматы көшелерінен ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен көркемделген стрит-арт туындыларын жиі кездестіруге болады. Мұндай стрит-арттар түсініксіз мәндегі жазулардан гөрі адам көзіне жылы ұшырайды.

Қазақы ою-өрнектермен кескінделіп салынған суреттерді жиі кездестіргенмен, көбі 1-2 жыл бұрын салынған.

Көбіне стрит-арт немесе граффитилердің "ғұмыры" ұзақ болмайды. Ол әрине көше туындысының көркемдігі мен айтар ойына байланысты. Мәселен, мына суреттегі "Аэровокзал" қабырғасындағы стрит-арттың тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болған. 

Марқұм Батырхан Шүкеновке арналған стрит-арт өнерінің үздік туындыларының бірі. Басты сурет пен бұл туынды Арбат маңындағы "Батыр қабырғасы" деп аталатын ғимаратқа салынған. 

Батырхан Шүкеновтің танымал әрі танытқан әндерінің бірі "Джулия" болатын. "Батыр қабырғасындағы" бейнеленген "Джулия" мен Батыр егіз ұғымға айналып кеткендей. 

Хамит Ерғали атындағы жағалаудағы белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің стрит-арт портреті. Бұл туындыны танымал "Тиграхауд" тобы салған. 

Жағалаудан бұдан өзге де граффитилерді көптеп кездестіруге болады. Олардың ішінде түсініктілері де, түсініксіздері де бар. 

Кей көпір астына салынған суреттер алыстан "мен мұндалап" тұрады. 

Бір қарағанда көріксіздеу көрінетін стрит-арттың мән бере қарағанда көркі ашыла түседі. 

Жағалаудағы мына суретті түсіну қиындау. Граффитидің озық үлгілерінің бірі деп есептеуге болады. 

Жағалаудағы "көңілді" стрит-арт смайликтер де жұртшылықтың назарын өзіне еріксіз аударады. 

Көпір астына жасырынған қасқыр.

Жағалаулардан ғашықтық сезімді білдіретін түрлі граффити туындыларын кездестіруге болады. Ал мынау бір ерекшесі екен. 

Ағаш көлеңкесіндегі көркем туындылар. 

Жағалаудағы бұл суреттерге жүргіншілер жиі тоқтап, таңдай қағысады. 

Оларға қараған "қыз" да таңырқап тұрғандай. 

ҚазҰУ маңындағы түсініксіз граффитилердің бірі. 

Ал мына граффити көше әрін кетіріп тұрғаны анық. (Суретті түсірген соң, бірнеше күннен кейін бұл суреттің орнында жоқ екенін байқадық).

Көпқабатты үйлердің біріндегі граффити салатын бір топтың атауы. Ғажайып туынды деп айтуға келмейді. Жарнама үшін жасалған граффитилердің бірі. 

Шатыр астындағы көңілді күлегештер.

Ал граффитилермен суретке түсу ерекше әсер сыйлап қана қоймай, суреттің сәтті шығуына да сеп болады. 

Құдды бір өсіп тұрған гүл секілді. Ал шын мәнінде сурет қана. 

Граффити салатын топтар жарнамамен де айналысады. "Gorilla" сусынын айшықтап тұрған көше туындысы. 

Байқасаңыздар, алдыңғы сурет пен осы суретте құлақ бейнеленген. Ғимараттардан да адам құлағының кескіндерін жиі кездестіруге болады. Басында бұл "құлақтар" қандай мағына береді деп қызыққанымыз рас. Кейіннен мұның да құпиясы ашылды. Бұл стрит-арт суретші Паша Кастың ойлап тапқан туындысы болып шықты. "Қабырғаның да құлағы бар" - деген мағынаны білдіреді екен. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын Абай - Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы қария кескіні бейнелеген бұл граффити көздің жауын алатын. Ал қазір тозып жоғалудың аз алдында тұр. 

Асқан шеберлікпен салынған кескіндердің бірі. Абай мен Манас көшелері қиылысында орналасқан. 

Қала көшелеріндегі көпқабатты ғимараттардан мұндай суреттерді жиі кездестіруге болады. 

Стрит-арт пен граффитилер ең көп салынатын жерлер - көлік жүретін айналма көпірлердің маңайы. 

Суретті сазбен астастырған туынды. 

Көпқабатты ғимараттардың маңынан мұндай граффитилерді жиі кездестіруге болады.

Қандай да бір ойды нақты көрсетпесе де, қанық суреттер көздің жауын алады. 

Ұлттық банк қоршауындағы граффитилер.

Көше суретшілері түсті тамаша үйлестіре білуімен де ерекшеленеді. Байқасаңыздар, граффитилердің көпшілігі ашық қанық түстермен кескінделеді. 

Граффитиде суретшінің жеке «мені» көрініс табады. Оны өзгелерге түсіну қиындау. 

Көктөбеге шығар жолдың жиегіне де түрлі стрит-арт салынған.

Бұл суреттер көне ескерткіштерден сыр шертетіндей. 

Олардың қатарынан домбыра мен қобызды, түрлі ою-өрнектерді көруге болады. 

Бұл стрит-артты кенептегі суреттен ажырату қиын. Бірақ арнайы спреймен емес, майлы бояумен салынғаны көрініп-ақ тұр.

Ал мынау "мысықты" Көктөбенің қақ төрінен кездестірдік.

"Әнші арыстанды" да осы маңнан кездестіре аласыз. 

Қала көшелеріндегі граффити суреттерінің бірі. Түсініксіз болса да, көшеге көрік қосқандай. 

Жандосов көшесіндегі суретті көлікте кетіп бара жатып көзіміз шалып қалды. Бір қарағанда ашық түсті суреттер назарыңды аударғанымен, көрік беріп тұрғаны шамалы. 

Қала көшелерінің бірінде жасырынып тұрған "қоңыз" тәріздес жәндік. 

Стрит-арт немесе граффити арқылы көңіл-күйді де айшықтауға болады. Мына суретті соның айқын бір дәлелі ретінде бағаладық. 

Ал мына сурет мүлде өзгеше. Суретшінің жеке "мені" көрініс тапқан. Жанайқай сезілетіндей...

Алматыда футбол жанкүйерлері көп екені анық. Танымал "Реал" мен "Барселона", және "Қайраттың" танымбелгілері қатар салынған граффитиді де кездестірдік. 

Абай-Момышұлы көшелерінің қиылысындағы ойынхана алдына салынған стрит-арт. Жаяу жүргіншілердің назары бұл суретке бірден ауатыны сөзсіз. 

Биыл жөндеу жұмыстарынан өткен Сайран көлінің маңайы да граффити туындыларынан ада емес. Бұл маңнан көптеп кездестіруге болады. 

Көше ғимараттарының біріндегі ару кескіні. 

Алматы көшелерінде стрит-арт пен граффити өнерінің туындылары көп екені анық. Біз назарымызға іліккенін ғана фоторепортаж ретінде ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта толықтыра түсетін боламыз. Ал сіз осыған дейін көше туындыларына мән беретін бе едіңіз? Мән берсеңіз, өз ойыңызды айта отырыңыз. Бұл оқырмандар үшін қызықты болуы бек мүмкін.