Балғын каратешілер бәсекесі

Балғын каратешілер бәсекесі

Алдыңғы жазбаларымызда Алматы қаласында каратеден Қазақстан біріншілігі өтетінін хабарлаған едік. Нұрғали Әбдіғаппарұлының шәкірттері де осы чемпионатқа қызу дайындалған болатын. Біз басқа көрермендермен бірге кешегі өткен жарыстың куәгері болып қайттық. Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте ұйымдастырылған жарыста Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жасөспірімдер өз дайындықтарының жақсы екенін көрсетті. Шара 3 күнге созылды, алғашқы 2 күнде үлкен жиналыстар ұйымдастырылып, жаттықтырушылар өзара тәжірибе алмасты. 

Шаршы алаңға шығып, бақ сынайтын кез де келді. Спортшыларымыз сап түзеді.

Жарыстың ашылу салтанаты Кеңес Одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл қоюдан басталды. 

Сөзді Қазақстан бойынша карате федерациясының президенті, 6-дан иегері Кармен Амангелдіұлы бастады. Барлық спортшыға сәттілік тілеген ол сайысқа дайындалуды тапсырды.

Белдесу алдында Бауыржан атамыздың ерліктері туралы айтылды, бұл қобалжып тұрған спортшыларымызға ерік-жігер берді. Тағы бір айта кететін жайт, осы жарыстағы ең мықты спортшыға Бауыржан атамыздың бір ордені берілмек екен.

Барлық қатысушы тізімге алынып, жарысқа әзірленуде. Оларға ережелер мен тыйым салынған кей әдістер жайлы тағы бір мәрте айтылды. 

Жаттықтырушылар түрлі әдіс-тәсіл көрсетті.

Бұл жаттығулар тек 14 жастан жоғары және қоңыр немесе қара белбеудің иегерлеріне ғана арналған. Себебі жарақат алып қалу мүмкіндігі жоғары. 

Белсенді түрде жақсы жұмыс атқарып жүрген жаттықтырушылар арнайы халықаралық карате федерациясының сыйлықтарымен марапатталды.

Спортшылар арасынан ерекше спорт түрін серік еткен қыздарды да байқадық. 

Шаршы алаңға алғаш болып жас жаттықтырушылар шықты. Олар каратенің қыр-сырын толық меңгерген нағыз жаттықтырушы атына лайық өнер көрсетті. 

Спорт болғандықтан, жеңістің де, жеңілістің де қатар жүретіні анық, жарақат алып қалған спортшыға алғашқы көмек көрсетілуде. 

Кезек балаларға да келіп жетті, шәкірт те, жаттықтырушы да сәттіліктен үміттенді. Шаршы алаңда 7-8 жас аралығындағы балалар бақ сынап жатыр.

Басқалардың өнерін мұқият тамашалап, қимылын бақылау – шебер спортшыларға тән қасиет. Жас та болса, бұл балақай спорт тактикасын жақсы меңгеруге ұмтылып отыр. 

Кейбір құрдастары үйінде ойыншықпен ойнап жатқанда, мына бір кішкентай балалар бойларындағы намыс отын лаулатып, жарыста бақ сынауда. Бұл бала соққының қатты тигені үшін емес, ұтылып қалғаны үшін жылап жіберді. 

Бүгінгі жарыста қыздар да жоғары дәрежеде өнер көрсетті. 

Жарыс аяқталып, марапаттау рәсіміне кезек келді. Қуанғандар да, өкінгендер де бар. Сайыстың аты – сайыс!  

5 жасқа дейінгі қыздар арасындағы жарыста Әдия атты кішкентай қыз Республика чемпионы атанып, топ жарды. 

5 жасқа дейінгі ұлдар арасынан Орынбек Дәулетбек чемпион атанды. Жарыс әлі жалғасуда, спортшылар саны өте көп, ал біз куә болған жарыс нәтижесі осындай болды.

Cурет: Massaget.kz