Жаттығу залындағы жас каратешілер

Жаттығу залындағы жас каратешілер

Карате – қарусыз қорғанудың бір түрі. Яғни, аяқ және қолмен қарсылас денесінің осал тұсына соққы беруге негізделген. Бұл спорт түрі XV ғасырда Рюкю топаралындағы Окинава аралдарында пайда болған. Каратенің дүниеге келуінің негізгі себебі – сол кездегі князь Се Хайсидің (1470) қару ұстауға рұқсат бермеуінде екен. Ол кезде Окинава Жапониямен емес, Қытай елімен көбірек байланыста болған. Сондықтан, каратeнің қарқынды дамуы Қытайдың кунг фу қарусыз күрес түрімен байланысты. Қазір каратeнің "каратe-до" (олимпиядалық спорт түрі), оның "шотокан", "кекусинкай", "ситро-рю", "годзюрю", "вадо-рю" деген түрлері бар. Бүгінгі каратe жүйесі ХХ ғасырдың басында дамыған. 

Халықаралық Каратe федерациясы 1968 жылы құрылған. Оның құрамына 50-ден астам мемлекет мүше болып кірген. Дүниежүзілік чемпионат 1970 жылдан, Еуропа чемпионаты 1971 жылдан бастап өткізіліп келеді.

Ал, біздің елде каратe 1991 жылдан кең етек ала бастады. Аталған спорт түрінен алғаш спорт шебері нормасын орындаған Қ.Молдажанов болатын. Кейінгі жылдары бұл спорт түрі тез қарқынмен дамып келеді.

Көптеген қазақ жастары каратe түрлерінен Әлем, Азия чемпионы атақтарын иемденді. Каратeнің каратe-до түрі 2004 жылы Афинада өтетін 28-олимпиялық ойындар бағдарламасына енгізілді.

Бұл спорт түрі Алматы қаласында қалай дамып жатқанын білу мақсатында, біз де жас балаларға арналған "Junoir club" мекемесіндегі каратe мектебіне ат басын бұрдық. Біз барған кезде жас спортшылар алдағы болатын Республика біріншілігіне жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.

Бұл каратe мектебіне Өсербай Нұрғали Әбдіғаппарұлы жетекшілік етеді. Білікті бапкердің қарамағында 5-10 жас аралығындағы балғын каратешілер тәлім алады.

Нұрғали Әбдіғаппарұлы шәкірттерінің көпшілігі қалалық, облыстық және республикалық жарыстардан жүлделі орындар иеленген. Мәселен, Орынбек Дәулетбек есімді мына бес жасар бала аз ғана уақыт ішінде, 20 кг салмақта қалалық біріншілікте жеңімпаз атанып үлгерген.

Жаттықтырушы өз сөзінде каратeде адамның дене дайындығы, күш, шапшаңдық, шыдамдылық, ептілігі ғана сынға түспейтінін, сонымен қатар, жақсы жетілген әдіс-тәсіл, айла, спортшының бойындағы рух мықтылығы да сыналатынын айтып өтті.

Бұл балалар бәсекесі екеуара спаринг ретінде өтеді және мұндай жағдайда каратенің көп әдістерін қолдануға рұқсат етілмейді. Яғни, жекпе-жек кезінде спортшылар бір-бірін жарақаттап алмас үшін сақтық шаралары жасалған.

"Спорт болғандықтан жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Сондықтан, жеңілуді білмейтін спортшы ешқашан жеңіске жете алмайды", - дейді Нұрғали бапкер.  

Бұл жер спорт залы емес, тұтас бір отбасы секілді. Балалар да спорт жолындағы серіктер емес, бір-біріне тіреу, нағыз жанашыр бауырлар екен. Інішектеріміздің досты ғаламтор қамалынан емес, спорт алаңынан тапқандары көңілге қуаныш сыйлайды.

Бапкер тек жаттықтырып қана қоймай, тәртіпке, төзімділікке баулығанды жөн санайды. Тәртіп бұзған балалар осылай жазаланатынын да жасырмады. Шынында, жас балалар бүгінгі күннен бастап, әскери өмірге дайындалып жатқан тәрізді. Иә, кішкентайынан қиындыққа төзіп үйренген баланың болашағынан зор үміт күтуге болады.

Алда жас каратешілерді алдағы уақытта өтетін Республика біріншілігі күтіп тұр. Біз де өз кезегімізде аталған біріншіліктен қызықты суреттер жинақтап, тағы да ұсынатын боламыз. Қазақтың намысын әлемге әйгілейтін каратешілеріміздің қатары көп болсын!

Сурет: ©Мassaget.kz