5 жолаушы отыра алады, дыбыссыз жұмыс істейді, зиян шығарынды бөлмейді: Alatau City-де "такси ұшырылды"

Alatau City-де eVTOL аэротаксиінің алғашқы таныстырылымы өтті. Massaget.kz тілшісі тарихи оқиғаға шолу жасады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәліметінше, Қазақстан Орталық Азияда аэротакси, жеткізуші дрондар және цифрлық навигацияны ұсынған алғашқы ел болып отыр.

Бүгін Alatau City алаңында тік ұшып-қонатын инновациялық электр ұшу аппараты, көпшілікке аэротакси ретінде белгілі eVTOL ұшырылды.

Бір ұшқыш пен бес жолаушыға есептелген AutoFlight Prosperity жолаушылар аппараты 13 электр моторымен жабдықталған, сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұша алады.

Дәстүрлі авиациядан ерекшелігі сол - бұл көлік дыбыссыз жұмыс істейді және зиян шығарынды бөлмейді.

Халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес алғашқы сынақ барысында бортта адамдар болмаған.

"Бүгін Қазақстан жаңа буын көлігін дамытуда маңызды қадам жасап отыр. Alatau City үшін бұл - ақылды қаланың жаңа инфрақұрылымын қалыптастыру деген сөз. Әңгіме аэротакси мен вертипорттардан бастап цифрлық навигация мен жүк дрондарына дейінгі тұтас экожүйе құру туралы болып отыр", - деді премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Alatau City-де аппараттар ұшуына, қонуына және зарядталуына арналған шағын әрі технологиялық жерүсті алаңының құрылысы басталып кеткен.

Болашақта бірыңғай әуе желісі Alatau City-ді, Алматы қаласын және Алматы облысының негізгі туристік орындарын байланыстырмақ. Мысалы Алматы әуежайынан Медеу биік таулы курортына дейінгі жол жүру уақыты небәрі 10-12 минут болады.

Суреттер: gov.kz

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Диас Нұрақын әлеуметтік желідегі парақшасында аэротакси ұшырылған сәттің видеосын жариялады.

"Енді Алматы әуежайынан Алатау қаласына небәрі 15 минутта аэротаксимен ұшып келуге болады. Сондай-ақ, әуе көлігімен тек жолаушы емес, жүк тасымалдау жүйесі де енгізіліп жатыр", - деді ол.

Публикация от Диас Нұрақын (@diasnurakyn) 

Еске салайық, бұған дейін Көлік министрлігі Алатау аспанында байқалған ұшу аппараты ұшқышсыз аэротакси екенін мәлімдеді. Бұған дейін Алатау аспанында ұшу аппараты байқалған болатын. 



Бөлісу: