Көлік министрлігі Алатау аспанында байқалған ұшу аппараты ұшқышсыз аэротакси екенін мәлімдеді. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистер көлік министрінен кеше әлеуметтік желіде тараған видео туралы сұрады. Бұған дейін Алатау аспанында ұшу аппараты байқалған болатын. Желі қолданушылары "бұл аэротакси болуы мүмкін" деп болжаған еді.
Нұрлан Сауранбаев ұшқышсыз аэротакси сынақтан өткізілгенін растады.
"Иә, ұшқышсыз аэротакси сынақтан өткізілді. Бұл мамырда іске қосамыз деген шара болатын", - деді министр.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың сөзінше, әңгіме қытайлық өндіруші - AutoFlight компаниясының аппараты туралы болып отыр.
Брифингке қатысушылар аэротакси Алматыға қанша минутта жететіні, аппарат қанша жолаушыға арналғаны туралы сұрақтарға жауап бермеген.
Еске салайық, бұған дейін Алатау мен Алматы арасында аэромобильдер іске қосылуы мүмкін екені хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова