"Бұл - еркектің жұмысы емес". Балет әртісінің бір күні

Қасқырбай Есқали - Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының балет әртісі. Мұнда 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Балет әртісінің арманы, өнердегі жетістіктері, есімінің ерекшелігі туралы Қасқырбай Есқалимен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Есімімді әжем ырымдап қойған"

Біз Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрына барғанымызда Қасқырбай дайындық сабағына қатысып жатты.

Түсінгеніміздей, мұнда келген әрбір өнер иесі алдымен денесін қыздырып, дайындық сабағына қатысады. Сахнаға дайындықсыз, жаттығу жасамай шығатын балет әртісі кемде-кем.

Қасқырбайдың есімін естіген кезде алғашында таңданыспен қарадым. Мұндай есімді 1990 жылғылардан бергі ұрпақтардан кездестірмейміз ғой. Алғашқы сұрағымызды да содан бастадық.

"Есімімді әжем ырымдап қойған. Ата-әжем Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген, сол жақтың тумасы. Әжеме молдалардың бірі "ортаңғы немереңнің атын Қасқырбай қой" деп айтқан екен. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Осылайша, әжем атымды қойып, Қасқырбай атандым", - деді ол.

Әңгімемізді енді жалғай бергенде "Лебединое озеро" қойылымының оркестрлік репетициясына қатысу керегін айтты. Біз де дайындығын көруге асықтық.

"Балет әртісі ең бірінші сынып сабағына келіп, өзін бір қалыпта ұстауы маңызды. Себебі денесін қалыпта ұстамаған әртістің сахнада жаралану қаупі көп. Ағзадағы бұлшық етке де әсер етеді. Былайша айтқанда, балетке ерекше сүйіспеншілікпен қарап, ғашық болғандай айналысу керек. Егер бұл іске махаббатыңыз болмаса, нәтижеңіз де төмен болары анық. Балет әртісінің ұйқысы, ішетін тамағы дұрыс болу керек. Физикалық ауыр нәрсе көтеруге болмайды. Қысқасы, өміріңді театрға, балетке арнау керек", - деді ол.

"Әкемнің арманын орындадым"

Қасқырбай П.Чайковскийдің "Лебединое озеро" қойылымында сайқымазақты сомдайды. 4 актілі қойылымның бірінші және үшінші актісінде өнер көрсетеді. Дайындық бірнеше сағатқа созылды. Әңгімемізді жалғастыру үшін оның сахнадағы дайындығын бірге тамашаладық.

"Қойылымда 1,5 минут үзіліс болса, біз үшін сол демалыс. Сондай сәтте дұрыстап демалуға тырысамын. Кейде секіріп болғаннан кейін де демалып, өзіме күш жинаймын. Бұрын демалу мен үшін кәдімгідей қиын болатын. Себебі сахнада қобалжыған кезде бәрін беріліп істейсің. Ал сахнаға жүгіріп келгенде демала алмайтын жағдайлар болады. Қазір үйрендім. Қай жерде қиналып, қай жерде демалу керек екенін білемін", - деді ол. 

Актілік үзілістердің арасында кейіпкеріміз асханадан тамақтанып алды. Себебі сахнадағы әр қимыл күш-қуатты талап етеді. 

"Негізі Алматы облысы Қонаев қаласының тумасымын. Ата-анам қазір Шамалған ауылында тұрады. Олардың өнерге еш қатысы жоқ. Әулеттегі өнер саласында жүрген бірінші адаммын. Біздің жақындарымызда ондай талант жоқ екен. Әкем Алматыда оқып жүрген кезінде хореографиялық училищені көріп, қызығыпты. "Ұлым болса, осында әкелемін" деп армандаған екен. Ауылдың баласымын ғой. Бір күні ойнап жүрсем, әкем шақырып алды. Анам екеуі "Қасқырбай, Алматыда хореографиялық училище бар, оқығың келе ме" деді. Сол кезде балеттің не екенін білмеймін, мүлде көрмегенмін. "Жақсы, түсейін" дедім. Сөйтіп, ата-анам әртүрлі емтихандарға әкелді. Бой, салмақ, сұлулықты тексерді. Бір қызығы, тексерген кезде болмысым балетке келмеген. Сонда да тырысып, мені осы училищеге қабылдады. Әкемнің арманы орындалды деп ойлаймын. Осы салаға оқуға берген әкеме де алғысым шексіз", - деді Қасқырбай. 

Қасқырбай әкесінің арманын арқалап, 2006 жылы Алматы хореографиялық училищесіне оқуға түсіп, 2014 жылы бітіріп шыққан. Биыл маусым біткенде осы салада жұмыс істеп жүргеніне толық 10 жыл болады.

"Екінші курста Әділбек Үркімбаев деген ұстазым "Қасқырбай, білесің бе, сені не үшін осы училищеге алды?" деп сұрады. Білмейтінімді айттым. "Сенің Қасқырбай деген есімің үшін оқуға қабылдады" деп айтқаны бар.  Комиссиядағы ұстаздар мені "алмаймыз" деп қарсылық танытқанда, бір педагог апай "есімі ерекше екен, оқуға қабылдайық" деп барлығын көндірген. Сол апайға ризамын. Есімінің өмірімде маңызды шешім үшін елеулі рөл атқарғанына қуандым", - деді ол.

"Бұл - еркектің жұмысы емес"

Қасқырбай үйде үш ағайынды, ағасы мен інісі бар. Бауырлары да өнерден мүлде басқа салада қызмет етеді. Осы орайда "ер адам билемейді" деген стереотип жеке басына әсер еткені туралы да кейіпкеріміз айтып берді.

"Бастапқыда оқуға түскенде осындай ұғыммен жиі жолығатынмын. Ауылдың баласымын, құрдастарым балет туралы естігенде "бұл еркектің жұмысы емес қой, жабыстырып киім кию ыңғайсыз" деп айтты. Өзім де ыңғайсыздандым. Кейін бұл жұмыстың маған ұнайтынын түсіндім. Сахнадағы өмір ұнайтындықтан, сынға мән бермеуге тырыстым. Кейін ауылдағы балалар да видеоларымды көріп, бұл образыма үйренді. "Жақсы билейді екенсің" деп қолдау көрсететін болды. Қазір ұяламын деп айта алмаймын. Біраз тәжірибе жинадым, белгілі бір тұрғыда қалыптастым. Ең бастысы - сүйікті жұмысым", - деді ол.

Әңгімемізді аяқтаған соң ол қайтадан дайындығына кетті. Бірнеше сағаттан соң дайындығынан шығып, сұхбатымызды қайта жалғастырдық.

"Ата-анам қойылымдарына келіп тұрады. Бірақ өте сирек, жылына бір рет қана қатысады. Өнерге қатысы жоқ болғанымен, қойылымнан соң демалғандарын айтады. Оркестрмен ойнаған музыка оларға қатты ұнайды" , - деді ол.

"Екі айда 6 спектакль жаттадық"

Оның айтуынша, училищені аяқтаған соң Мәскеуге барып, труппада болғысы келген. Алайда бұл арманы бірден орындалмаған.

"Оқу бітірген соң театрға жұмысқа орналастым. Бір жылдан бері ойлаған Мәскеудегі труппаға бару арманым орындалды. Мәскеуге барып, бір маусым труппада болдым. МСВ театрындағы кішігірім студияда бірнеше адам жиналып, 6 спектакльді екі айда жаттадық. Сосын сол репетуармен Дубайға, кейін Еуропаны аралап, гастрольге шығып келдік", - деді Қасқырбай. 

Кейіпкеріміз театрға келген соң бірден жетекші рөлді алмаған. 6 жыл кордебалет құрамында болған.

"Алты жылдан кейін алғашқы рөлім "Лебединое озеро" қойылымындағы сайқымазақ Шут болды. Әлі осы рөлді сомдап келемін. Одан бөлек көптеген қойылымдарда қосалқы рөлдерді алып шығамын. "Ромео мен Джульетта" қойылымында Меркуцио рөлін сомдаймын. "Дон Кихот" балетіндегі Базиль рөлін қатты сомдағым келуші еді. Бұрыннан келе жатқан арманым болатын. Осы маусымда бұл арманым да орындалып, осы рөлге бекітілдім. Қатты қуаныштымын", - деді ол. 

"Байқаусызда жиі жараланып қаламыз"

Кейіпкеріміз әр қойылымның алдында қобалжу сезімін басынан өткеретінін айтты. Дегенмен қазір сахнада өзін еркін сезінеді. Дайындықтан соң Қасқырбаймен саябақта сұхбатымызды жалғастырдық.

"Балет әртісі болу оңай емес. Таңертең дене қыздыру жаттығуын күнделікті істейміз. Әр дайындықтан шыққан соң кәдімгідей шаршаймын. Балетті спорт секілді деп айтар едім. Спортпен айналысатын секілді ынта мен жігер керек. Кейде үлкен партияларды алғанда, физикалық және психологиялық түрде қиналамыз. Өйткені көрерменнің көзі тек сенде болады. "Ертең спектакль" деген күні ұйықтар алдында қобалжимын. Түрлі мазасыз ойлар болады. Сахнадағы сәтің есіңе түскен кезде, денең тітіркенеді. Ал сахнаға шығатын сәтте жүрегің шығып кетердей болып, дірілдейді. Шүкір, қазір басқа деңгейге шықтым деп ойлаймын. Өзімді бұрынғыға қарағанда сахнада жақсы сезінемін. Ойға алған қимылдарым шықпай қалса, импровизация жасап, сол ситуациядан шығып кете аламын", - деді ол.

Қасқырбай сахнада қолайсыз сәттердің жиі болатынын айтты. Оның айтуынша, мұндай сәт кез келген балет әртісінің басынан өтеді. Кейіпкеріміз әңгімесін грим бөлмесінде жалғастырды.

"Сахнада тайғанақ жерлер болады, секірген кезде шықпай қалатын сәттер де кездеседі. Сондай кезде байқаусызда жараланып қаламыз. Бірден сол жараланған жерге суық басып, антибиотик ішуге тырысамын. Себебі ауырып қалсаң - басқа адам сенің рөліңе шығып кете салмайды. Сол үшін қандай сәтте де әупірімдеп өзіңді-өзің алып шығасың", - деді ол.

"Жан-дүниемді ашатын рөлді таппадым"

Кейіпкеріміз "Лебединое озеро" балетіндегі Шуттың рөлін сезіну үшін 30-40 рет билеген.

"Балет өнерінде әрбір әртістің сезінетін рөлі болады. Маған Базиль, Юродивый, Альберт, Шут секілді рөлдер жан дүниеме келіңкіремейтіндей көрінеді. Осы уақытқа дейін өзімді ашатын рөлді сомдадым деп нақты біреуін айта алмаймын. Бәрін тырысып жасаймын. Негізі көп рөлді сезбейтінмін. Ондай сәтте айнаның алдында отырып өз-өзіммен жұмыс істеймін. Күлкісі қалай болады, қолымен қалай позаларды көрсету керек дегендей, соның бәрін репетицияда қайталап, рөлді сезінсем, әрі қарай алып кетемін. Сенесіз бе, осы Шутты сезіну үшін 30-40-рет биледім. Отызыншы қойылымда ғана ашылған сияқтымын. Педагогым дайындықта үнемі "Қасқырбай, күл" деп жиі ескерту жасайтын. Күле алмаймын, біртүрлі қысылатынмын. Қазір бұл рөлді жан-дүниеммен сезінемін. Кез келген рөлді алып шыға аламын. Негізі балетте физикалық қимылдан гөрі рөлді актерлік жағынан көрсету маңызды. Көрермен біздің не айтып отырғанымызды ұғынуы керек. Жалпы картинаны дұрыс түсінуі тиіс. Сол кезде оларға қойылым қызық болады.

Болашақта "Жизель" қойылымындағы Альберттің рөлін алғым келеді. Бұл - армандарымның бірі", - деді Қасқырбай.

 Грим бөлмесінен шыққан соң кейіпкеріміз бірден сахналық образын киіп алды. 

"Дайындықтан шыққан соң жаяу жүргенді жақсы көремін. Жақын маңда сүйікті тамақ ішетін жерлерім бар. Жалғыз тамақ ішіп қайтамын. Репетициядағы кейбір қимылдарымды пысықтаймын, анализ жасаймын. Үйге барып кино қараймын, кір киімдерімді жуамын, кешкі тамағымды ішемін. Кейде достарыммен бірге тауға, қаланың көрнекті жерлеріне қыдырып қайтамын. Спектакль сахналанатын күні сынып сабағы түскі 12-де басталады. Сондай кезде кеш жатамын. Балетті уайымдай бермес үшін кино қараймын, подкаст тыңдаймын. Негізі Криштиану Роналдудың подкасттарын тыңдағанды ұнатамын. Саламыз әртүрлі болғанымен оның мықты қасиеттеріне қызығамын, мотивация аламын. Жалпы белгілі бір ереже, күн тәртібімен жүремін деп айта алмаймын. Өзім арықпын, әулетімізде де осындай өзгермейтін болмыс, сол үшін тамақ талғамаймын. Себебі салмақ жинау қиын. Дегенмен, дұрыстап тамақтануға тырысамын", - деді ол.

"Болашақ жарым өнер саласынан болса..."

Кейіпкеріміз балет сахнасында 40 жасқа дейін жүруді армандайды. Ресейлік Даниил Семкинге еліктейтін оның болашақта өзі күткен деңгейден де жоғары болатынына сенім ұялады.

"Жалпы балет әртісінің ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы болу керек. Рөлді сезіне алатындай ерекшелігі болғаны жөн. Кейде дайындығым аяқталған соң шетелдік балет әртістерінің видеосын қарап, өзімнің қиялымды қосып, қолтаңбамды қалыптастыруға тырысамын. Ресейлік балет әртісі Даниил Семкинге  кішкентай кезімнен еліктеймін. Оның әке-шешесі де балет әртісі болған. Әрі кішкентай кезінен өте мықты өнер көрсеткен. Қазір жасы 36-да болса да, керемет деңгейде өнер көрсетеді. Негізі көпшілігі балетте 36 жасында карьерасын аяқтап жатады. Мұндай талант екінің бірінің қолынан келмейді. Мен де сондай кәсіби әртіс болғым келеді. Шама-шарқыма сай 40 жасқа дейін сахнада жүре аламын деп ойлаймын", - деді ол.

Қасқырбайдан болашақ жарына қоятын талаптары туралы да сұрадық. Кейіпкеріміз оны өнер саласынан іздеп жүргенін айтты.

"Болашақ жарымның өнер саласынан болғанын қалаймын. Оған қоятын нақты талабым жоқ. Дегенмен көп қыздар мамандығымды түсінбей, қызғанып жатады. Ал өнер саласынан, балет әртісі болса, мұндай кедергілер орын алмайды деп ойлаймын. Маңыздысы - мені түсінетін, қолдайтын, әрі қазақи тәрбиедегі ашық-шашық киінбейтін қыз болса екен", - деді ол.

Кейіпкерімізбен сұхбатты аяқтап, көрермен залына қойылымды тамашалауға қарай аяңдадық. Ал Қасқырбай сахнадағы рөліне дайындалу әрі тынығу үшін сахна сыртында қалды. Қасқырбайдың атына заты сай қайсарлығы әке арманын орындағанынан-ақ білінді. Сұхбат барысында да бойындағы қазақилық тәрбиемен сусындағанын байқадық. Оның болашақта еліміздің атын әлемге танытар балет әртісі болатынына біздің де сеніміміз мол. 



Бөлісу: