Жалғызбасты қария, алаяқтардың құрбаны, түрмеден кейінгі өмір: Қарттар үйінен репортаж

Қазіргі таңда "Қарттар үйі" деп аталатын арнайы мекеме болмағанымен әлеуметтік қызмет орталықтарына қазыналы қариялардың сұранысы көбейгенін естіп жүрміз. Тіпті, кейбіреуі өзі сұранса, өзгелерін балалары алдап әкеліп тастайды екен. Бұған бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы себеп болуы мүмкін. Massaget.kz тілшісі қариялардың ахуалын, қал-жағдайын білу мақсатында Алматыдағы "Шаңырақ" әлеуметтік қызмет орталығына барды.

Ауласына кірген сәттен құдды жайлы демалыс орнына кіргендей болдым. Айналаның бәрі жап-жасыл, таза ауа, керемет жер.

Алдымыздан шыққан қариялардың жәутеңдеген балаша көзқарасы іштегі сезімді қозғайды. Мекемені аралап жүріп, қазақтармен қатар орыс қарияларды да жиі кездестірдік. Кіре берісте келушісімен кездескен қарияны да байқадық.

Есік алдынан бізді директордың әлеуметтік жұмыстары жөніндегі орынбасары Гүлнара Оразбекова қарсы алды. Ол бізге үш қабаттан тұратын мекемені көрсетіп, таныстырды.

"Шаңырақ" әлеуметтік қызмет орталығы 2001 жылы құрылған. Қазір мұнда 302 тұрғын, олардың ішінде І,ІІ топтағы мүгедектігі бар жандар мен зейнеткерлер бар. Орталықта медициналық, әлеуметтік қызмет түрлері ұсынылып, түрлі ойын-сауық іс-шарасы жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұл туралы бізге мекеме басшысы Зафар Аппазов айтып берді.

"Мұнда біз барлық орталық мүшесін 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, мемлекеттен бөлінген ақшаға киім-кешек, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмектер, қажетті құрал-жабдықтарды алып береміз. Қариялар ең мықты, кәсіби мамандардан ем алып, психологиялық көмекті тегін пайдалана алады. Орталыққа көбінесе жалғызбасты зейнеткерлер , яғни, ешқандай туысқаны жоқ үлкен кісілер келеді. Оларға жайлылық пен қамқорлықты көрсетуге тырысамыз. Себебі әрбір қария әдемі қарттықты сезінуі тиіс. Демеушілердің арқасында бос уақыттарын да тиімді өткіземіз. Елімізге атақты эстрада әншілерінің концертіне, театрға, тауға, саябақты аралауға жиі апарамыз. Әрбір туған күн сайын дастархан дайындап, мереке сайын сыйлықпен қуантып отырамыз", - деді ол.  

Орталықта қариялардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында театр үйірмесі жұмыс істейді. Үлкен кісілер ән айтып, би билеп, бар өнерін ортаға салады. Қолөнерге икемі бар жандар үшін еңбек үйірмесі де жұмыс істейді. Тіпті, бильярд ойнауға арналған арнайы зал бар.

Мұнда жаттығу залы да бар. Жаттықтырушының айтуынша, келетін қариялар көп. Себебі арнайы мамандар келушілердің әрқайсысымен жеке жұмыс істеуге тырысады. Жаттығу залында арбада отыратындар үшін аяққа, арқаға пайдалы құрал-жабдықтар да бар.

"Мемлекеттің көмегімен қарияларға жақсы жағдай жасауға тырысамыз. Бұл жағынан бізді қала әкімшілігі өте жақсы қолдады. Қандай көмек сұрасақ та, әрқашан қол ұшын созады.  Дегенмен мұнда зейнет жасына шыққан кез келген қария келе алмайды. Арнайы стандартқа сәйкес, мұнда жалғызбасты немесе балалары шетелге кеткен зейнет жасына жеткен қарияларды және 18 жастан асқан І, ІІ топ мүгедектігі бар жандарды қабылдаймыз. Ең бастысы Алматы тұрғыны болуы шарт. Алдымен жергілікті жұмыспен қамту бөлімінен жолдама алады, әкімдіктен қаулы шығады. Сол арқылы бізге орналасады", - деді ол.

Зафар Аппазов орталықтың ең жас және қарт тұрғынын атап айтты.

"Бізде мүгедектігі бар 22 жастағы қызымыз орталықтағы ең жас аруымыз десек болады. Ал орталықтағы ең үлкен тұрғын - қыркүйекте 100-ге толады. Оған әрдайым көмек қолын созып отырамыз. Орталық қызметкерлері жанында жүріп, көмектеседі. Қарияның ақыл-есі түзу, жақсы сөйлейді, бірақ тамақтануына, арбамен жүруіне, дәретханаға баруына көмектесеміз. Төсекке таңылмаған, қимылы ширақ, арбамен қозғалады. Жалпы бізде қариялар орташа есеппен 80-85 жыл ғұмыр кешеді. Көпшілігі 90 жасқа дейін өмір сүреді", - деді ол.

Орталық 4 қабаттан, 3 блогтан тұрады. Бірінші және екінші блогтағылар ешкімнің көмегінсіз өздері жүріп-тұруға мүмкіндігі бар. Ал 3 блогта төсекке таңылғандар, көмекке зәру жандар жатады. Орталық басшысы демеушілер электронды арба әкеліп бергенін, жалпы әр мререке сайын қарияларды жиі қуантатынын атап өтті.

"Былтыр демеушіміз сыйлаған электронды арба өзі қозғалып, өзі жүреді. Сыйланған арба ата мен әжелерге ұнады. Жалпы демеушілер жиі қолдау көрсетеді. Мәселен, Рамазан айында бізде 20 адам ораза ұстады. Демеушілер тарапынан әр күн сайын ауызашар берілді. Олардың арасында әртүрлі ұйымдар бар. Сондай-ақ, әр қариямыздың туған күнін арнайы акт залда атап өтіп, сыйлық береміз", - деді ол. 

2016 жылдан бері Заңға өзгертулер енгізіліп, мұндағы қариялардың зейнетақысының 70 пайызы мемлекетте қалып, тек 30 пайызы ғана қолына беріледі. Көпшіліктің көкейінде "70 пайызына не алады, қайда жұмсалады" деген сұрақ болуы мүмкін. Біз де бұл сұрақтың жауабын білгіміз келді.

"Бұл ақшаның бәрі қариялардың керек-жарағына, киім-кешек, дәрі-дәрмек, гигиеналық заттарға жұмсалады. Денсаулығына байланысты кез келген қызмет түрі, тіпті тіс емдеуге дейін осы ақшаға кіреді.  Олар ауырған сәтінде бәрінен тегін ем қабылдайды. Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі демалыс орындарына жолдама беріледі. Осылардың бәрі тегін жүзеге асырылады", - деді мекеме басшысы.

Бүгінгі таңда орталықта 158 орыс, 100 қазақ және әртүрлі ұлт өкілдері, оның ішінде, ұйғыр, татар, қырғыз, украиндықтар бар.

"Жақында ғана Украинадан келген әжемізді орталыққа қабылдадық. Қазір ол жақта соғыс жүріп жатыр ғой. Әжеміз жас кезінде Қазақстаннан Украинаға жұмыс істеуге кеткен екен. Сол жақта жұмыс істеп жүргенде үйіне ракета түсіп, барлық дүние-мүлкінен айырылып қалған. Бізге ешбір дүниесі, ақшасы жоқ күйінде келді. Еріктілер хабарласып көмек сұрады. Біз оның құжаттарын реттеп, кейін орталыққа қабылдадық. Қазір оған  орталықтың ұнағаны соншалық, қайтуды да ойламайды.

Ата-анасын орталыққа тапсырғысы келетін қазақтар бар. Әрқайсысы түрлі жағдайда келеді. Бала-шағасы бар адамдар да кездеседі. Бірақ көбісі жалғызбасты. Бізге келген кісілер жастық шағында бала-шағасын тастап, қалдырып кеткен немесе балаларымен араласпай қалған жандар. Кейбірінің балаларының денсаулығында ақау болуы мүмкін немесе асырауға жағдайы жетпейді, шетелге кетіп қалатындары да болады, алдап әкелгендер де кездесті. Әр жексенбі сайын үйіне алып кетіп,уақыт бөлетіндері де бар. Орталыққа келгендердің кейбірі алаяқтардың қолынан жапа шегіп, осында тап болған. Мәселен, осындағы бір апамызды алаяқтар алдап, пәтерін тартып алған. Үлкен кісі еш туысы жоқ, далада қалғандықтан, бізге келіп көмек сұрады. Әкелген ата-аналарын біраз жылдан соң алып кететіндер кездеседі. Орталықтағы бір қариямызды ұлы асырауға шамасы жетпей тапсырды да, 20 жылдан соң зәулім үй салып, жағдайын жақсартып, кері алып кетті", - деді ол.

Қариялардың ішінде Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, бұрын консерваторияда қызмет еткендер де бар. Олар тіпті қазір де зейнетақысынан бөлек жұмыс істеп, еңбекақы алады. Мәселен, Еңбек сіңірген әртіс орталықтағы концерт, іс-шараларды ұйымдастырушы болып қызмет етеді. Ал басқа жұмыс істегісі келетін қариялар қаладағы кез келген өзі қалайтын қызметке тұрып, еңбекақы алуына мүмкіндігі бар.  

"Негізінде әр қарияның өз оқиғасы бар. Олардың әңгімесін тыңдай бергің келеді. Себебі әрқайсысы бір-бірінен өзгеше. Бірі шетелде тұрып, осында көшкен, балалары сол жақта қалған. Көңіл түсіретін оқиғалар да бар. Бізде тұратын бір әже бірнеше жыл бойы қаламыздағы керемет мектеп-лицейдің директоры болған екен. Жеке пәтері бар, жағдайы жақсы. Бірақ жалғыз ұлы қайтыс болған соң, пәтеріне кіруге жүрексініп қалған. Қазір біздің орталықта жүр. Соғыстан кейін, түрмеден шыққан соң келген жандар да болды. Бірақ бәрі бір ережеге бағынады. Ішімдік ішуге болмайды, орталықтың ішкі ережесіне бағынады. Тәртіпке бағынбаса, 3 рет ескерту алған соң шығарып жібереміз. Қазіргі таңда орталықта 5 еңбек ардагері, 28 Еңбек майданының ардагері, 1 Ауған соғысының ардагері бар. Ұлы отан соғысының ардагерлері болған еді, қазір өкінішке орай өмірден өтіп кетті", - деді ол. 

Орталық тұрғындары күн сайын белгілі бір уақытта келушілермен кездесе алады. Оған арнайы бөлме қарастырылған. 

"Бұйымдарды сатуға әзірге мүмкіндік жоқ"

Орталықта бірнеше үйірме жұмыс істейді. Солардың бірі қариялар ерекше жақсы көріп қатысатын - еңбек терапиясы. Үйірмені 10 жылдан бері жүргізетін еңбек нұсқаушысы Раушан Болатованың айтуынша, қолөнерге қызығатын қариялар өте көп.

"Бұл жерде қарттардың бос уақытын тиімді өткізуге атсалысамыз. Бұрынғы ұмытылып кеткен, өзі айналысқан  қолөнер түрі болса, соны жалғастырамыз. Көптеген ер-азаматтар моншақ тоқуға келеді. Мысалы,70 жастағы Александр Новиков 10 жылдан бері ірі моншақпен неше түрлі бұйымдар тоқиды. "Үш ұйықтасам да, моншақ тоқумен айналысамын деген ойыма кірмепті "деп өзі де айтады. Одан бөлек түрлі-түсті жіппен сурет саламыз. Бұл "ниткаграфия" деп аталады. Көпшілігі тыныштықта отырып, айналысқанды жақсы көреді. Сол үшін осы ниткаграфияны өздерімен бірге алып кетеді. Бөлмелерінде не далада отырып, тоқып тастайды. Жаз, көктем кезінде далада жұмыс істейміз. Айналадағы бау-бақшаларды суарып, пияз, қияр, қызанақ, әртүрлі жеміс-жидек егіп, сонымен айналысамыз", - деді ол. 

"Жасаған бұйымдарын арнайы бір жерде сатуға бізде әзірге мүмкіндік жоқ. Дегенмен келгендерге ұсынамыз, осында жұмыс істейтін қызметкерлер сыйлыққа алады. Сатылған ақшаның 30 пайызы қолөнер иесіне, 70 пайызына қажетті құрал-жабдықтарды аламын. Мұнда қолөнердің түрі көп. Газеттен трубочкалар жасап, себет, тағы да басқа бұйымдар жасаймыз. Питель жіптен шарф, бас киім тоқимыз. Бұған ине керек емес. Тек саусақты қимылдатып отырып, бұйым шығарамыз. Мәселен, мына пластилиннен Ержан деген жігітіміз осындай  ерекше жауынгер жасады. Өз қиялынан керемет дүниелерді үнемі ойлап, соны жасап шығарады. Ал мынау жіппен тоқылған кілем. Ине арқылы тоқылады", - деді ол.

"Орталықтан дос таптым"

Бөлмелерді аралап жүріп, 79 жастағы Дариға апайға жолығып қалдық. Басында жаулығы, қолында тасбихы бар апаны көріп, ауылдағы әжеміз есімізге түсті. "Келіңдер, балаларым, төрлетіңдер" деп бізді құшақ жая қарсы алды.

"Осы үйде тұрғаныма 9 жыл болады. Әрқайсымыз осында жеке бөлмеде тұрамыз. Еш қиындық көрмедім, ауырсақ - емдейді, тамақтың түрі бар. Биыл Оразада 1 ай бойы ауызашар берді. Жалғыз кемпірге не керек дейсің? "Қарт-қазына" деп жатады ғой. Біздікі сол - еліміздің тілеуін, амандығын тілеу. Табиғат апаттарынан елімді сақтай гөр деп үнемі тілеп отырамын. Зейнетке шыққанша бас есепші болып, бірнеше мекемеде жұмыс істедім. Туыс-туғандарым Алматыда тұрады. Олармен қарым-қатынасым жақсы", - деді Дариға апа.

Ол жас кезінде Ресейде тұрған екен.

"15-16 жасымда Ресейде жүргенде "Алматыға барып, Абай көшесінде тұрсам ғой" деп жиі айтатынмын. Міне қазір сол тілегім орындалды. Алматыдағы Абай көшесінде отырып, елдің тілеуін тілеп отырмын. Содан артық қандай бақыт керек?! Сондықтан, армандай беру керек. 2-3 жыл бұрын бізді демеуші Меккеге апарып келді. Кішкентай кезімде сонда баруды жиі армандаушы едім. Міне, ол арманым да орындалды"", - деді Дариға апа.

Әңгімелесіп отырғанымызда тағы бір қария кіріп келді. Дариға апа "бұл - менің осы орталықта танысқан досым. Мен осында келгенде осы жерде болды. содан бері таныспыз. Бұл да бір - бақыт", - деді. 

"Қол жайыңдар, балаларым, бата берейін" деп, бізді бата беріп шығарып салды.

"Бай болыңдар, бақытты болыңдар. Болашақтарың жарқын болсын! Не тілесеңдер де, хайрымен, рахатымен берсін. Ата-аналарыңның мейірімен бөленіп, өздерің де мейірімге бөлеп, күйлі-қуатты өмір сүруді Алла нәсіп етсін. Уайымдарың жоқ болсын! Жақсылық болатынына сеніңдер. Әмин", - деді ол.

 

Орталықтан шыққан соң Дариға апа ойымнан көпке дейін кетпей қойды. Осы жасында немересін иіскеп, балаларының көз-қуанышына ортақ болып отыратын қарияның мұнда болғанына іштей налыдым. Бәлкім, тағдыры оның бақытын осы жерден бұйыртқан болар деп өзімді жұбаттым. "Қарты бар үйдің қазынасы бар" деуші еді. Қазіргі отбасылардың несібесі азайып, берекесі болмауына да сол себеп шығар. Өз шаңырағында отыратын қариялардың "Шаңырақ" орталығында жүргені жаныңа батады. "Ақиқатты айқындап жариялар, Бара жатыр азайып қариялар..."



Бөлісу: