"Енді немереммен шахмат ойнай аламын". Жапониядағыдай қарттар бізде де бар

"Енді немереммен шахмат ойнай аламын". Жапониядағыдай қарттар бізде де бар

Үлкен кісілердің өмір сүру сапасын арттыру, олардың зияткерлік және шығармашылық қабілетін ашу үшін еліміздің түкпір-түкпірінде белсенді ұзақ өмір орталықтары жұмыс істеп тұр. Белсенді ұзақ өмір орталықтарының мақсаты – зейнеткерлік жастағы адамдарды әлеуметтендіру, білім беру, психологиялық және спорттық сауықтыру, бос уақыттарын сапалы өткізуге көмектесу және олардың белсенді өмір салтын қолдау.

Massaget.kz тілшісі Алматы қаласындағы белсенді ұзақ өмір орталықтарының біріне барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Бізді жақында ғана филиалдарының бірі болып ашылған белсенді өмір орталығының меңгерушісі - Нұргүл Тілеубердіқызы қарсы алды. Ол орталық жайлы жалпы мағлұмат берді.

"Белсенді ұзақ өмір орталығының Алматыдағы бас орталығы Мәуленов көшесінде орналасқан. Ал біз филиал болып ашылдық. Ол коммуналды мемлекеттік мекеме болып саналады. Алайда бұған дейін бізде мұндай 10 орталық болған. Олар мемлекеттік емес ұйым. Ал біздердікі секілді үкіметпен бекітілген 3 орталық бар", - дейді Нұргүл Тілеубердіқызы.

Нұргүл ханым орталыққа келетін үлкен кісілердің еңбегін көрсете отырып, әңгімесін жалғастырды.

"Мәуленов көшесінде орналасқан бас орталықта адам саны өте көп болып кетті. Ол жерде күндік норма - 120-150 адам, алайда ол 400 адамға дейін көбейіп кетті. Сондықтан біз әлеуметтік қорғау басқармасының рұқсатымен, жаңа филиал ашуды шештік. Зейнеткерлеріміз кезінде салық төледі, бірақ ол кезде мұндай орталықтар болмайтын. Зейнетке шыққан үлкен кісілеріміз үйде отырып қалды. Міне, оларға біздің орталықта тегін түрде қызмет көрсетіледі. Негізгі шарт – зейнет жасына (61+) толу. Мысалы, кейбір әскери адамдар немесе басқа адамдар денсаулығына байланысты зейнетке ерте шықса, біз оларды қабылдай алмаймыз. Себебі оларға арналған өздерінің арнайы орталықтары бар", - дейді меңгеруші.

Орталықта тіркелу бөлмесі бар. Зейнетке шыққан кісілер сол жерге келіп, алдымен тіркелуі қажет. Тіркелген адам сабақтарға қатыспас бұрын орталықтағы дәрігер кеңесінен өтеді. Себебі кей адамдар ота жасатқан, оларға аппарат орнатылған болуы мүмкін. Сондықтан дәрігер оларды тексеріп, қандай сабаққа қатысуға болатынын немесе болмайтынын айтады. Содан соң олар психолог маманына кіріп, сөйлесіп, қажет кеңес алады.

"Тіркелген кісілерді бізге жібереді. Оларға медициналық карта ашамыз. Денсаулығында қандай ақаулар, зақымдар болды бәрін сұраймыз. Содан соң қан қысымы мен жүрек соғысын өлшеп, жүрегін тыңдап, рұқсатнама жазамыз. Мысалы, біреулерге скандинавиялық жүріс болмайды. Соның бәрін қадағалап отырамыз", - дейді дәрігер Маржан Серікханқызы.

Дәрігер орталыққа келген қарт кісілердің денсаулықтары біршама жақсарғанын айтты.

"Бізге бұрыннан келіп жүрген кісілерде жақсы нәтижелер бар. Кейбіреулер тіпті ауруым жоқ дейді. Қарасақ, барлық көрсеткіштері жақсы. Яғни, спорт, көңіл күй – бұлардың барлығы денсаулық жағдайын жақсартады. Олардың психологиялық жағдайлары да жақсарады", - дейді ол.

Орталықта зейнеткерлерге қызметтің 44 түрі көрсетіледі. Келген адам 2 белсенді емес, 1 белсенді қызмет таңдай алады. Мысалы, белсендіге би, емдік физикалық мәдениет (ЛФК), айкуне, цигун жатса, белсенді емеске қазақ тілі, смартфонмен жұмыс, ағылшын тілі, шахмат, домбыра жатады. Орталыққа келген кісілер қызмет түрін өз еркімен таңдайды. Сабақ кестесі бар. Орталықта әдіскерлер жұмыс істейді.

"Бір қызығы, біздің орталыққа келген кісілер барлық сабақтарға қатысқысы келеді. Қай жаста болмасын адамның жан-дүниесі жас болады дейді ғой. Алайда біз үшін олардың денсаулығы бірінші орында. Олар шаршап қалмауы керек", - дейді Нұргүл Тілеубердіқызы.

"Үлкен кісілер кейде бала сияқты болады ғой, оларға қатты сөйлеуге, ұрсуға болмайды. Олардың жағдайларына, көңіл күйлеріне қарап, барынша ыңғайлануға тырысамыз. Бірақ соған қарамастан, олар өте тиянақты және жауапкершіл. Сабақтан қалмай келеді, тіпті, ерте келіп алады. Кейде сабаққа ерте келіп, үй жұмысын қайталап отырады", - дейді белсенді өмір орталығы филиалының меңгерушісі.

Әріптесім екеуміз ең бірінші шахмат сабағына кірдік. Үстел басынан ойынға берілген ата-апаларымызды көрдік.

"Шахмат үйренуге келдім. Жасым 82-де. Шахмат миға пайдалы. Жас келген сайын адам ұмытшақ болады екен. Шахмат миды қозғалтады. Мұғалімдердің бәрі осы кісідей болса екен. Өзім де бұрын мұғалім болғанмын. Бұрын жас кезімде гитарада ойнадым. Орталықта гитара сабағы ашылса, соған қатысамын деп ойлап отырмын", - дейді Өмірзақ аға.

"Үлкен кісілермен жұмыс істеу басында қиындау болады. Алайда олар күшті ынтамен келіп ойнайды. Үлкен кісілердің батасын алып, жұмысқа мотивациямен келеміз. батасын аламыз. Жұмыс істей білетін адамға керемет жер.

Мен 3 орталықта жұмыс істеймін. Алдағы уақытта орталықтар арасында кішігірім жарыс ұйымдастырмақшымыз. Үлкен кісілер басында қиын дейді. Кейін керемет деп қалмай келеді", - дейді шахмат мұғалімі Сұңғат Ермекұлы.

"Мен шахматтан бөлек тоғызқұмалақтан да сабақ беремін. Ұлттық ойын – тоғызқұмалақты көбіне қазақ апайлар ойнайды ғой, ал қазір біздің орталықтарда тоғызқұмалақ ойнайтын орыс апайларымыз да бар.

Жалпы бұл орталыққа керемет ойын үшін, эмоция алу үшін, бата алу үшін келеміз. Түрлі жағдай болады, қуаныш та, түсініспеушілік те болып жатады. Жастарға айтарым, қорықпаңыздар, қиын ештеңесі жоқ, өзіңізді көрсете алсаңыздар, жұмыстан ләззат аласыздар", - деп кеңес берді Сұңғат Ермекұлы.

"Шахмат миға пайдалы. Адам шешім қабылдамас бұрын жақсылап ойлану керек. Кейде өмірде ойланбай қандай да бір әрекетке баруымыз мүмкін. Шахмат "7 рет өлшеп, 1 рет кес" деген тәсілге әкеледі. Бұл өмірде де пайдалы. Шахмат орталық жүйке жүйесіне қажет. Сондай-ақ қол жұмысына, мидың ойлауына пайдалы", - деп қорытындылады ол.

Шахмат сабағынан шығып, келесі кабинетке кірдік. Бұл жерде ата-апаларымыз би үйреніп жатыр екен.

Орталыққа келушілер би сабағында әртүрлі ұлт билерін, шығыс биін, вальс және т.б үйренеді.

"Мен Мәуленова көшесінде орналасқан орталыққа барып жүргеніме 2 жыл болды. Осы филиал менің үйіме жақын болғандықтан, осында ауыстым. Бұл орталық жайлы әлеуметтік желіден білдім. Қазақ тіліне, шахматқа барамын. Бұған дейін ағылшын тіліне қатыстым. Немерем шахмат ойнай біледі. "Жақсы болды, апам үйреніп алды" деп қуанып жүр. Немереммен шахмат ойнаған ұнайды. Өте керемет орталық. Оның бізге тиер көмегі зор. Олардың бізге деген қарым-қатынасы да керемет", - дейді биге қатысатын Хасия апа.

"Биге қатысатын апалар өте ұйымшыл. Олар өзара келісіп, биге костюмдер тіккізеді. Бізде тегін киімдер беріледі. Бірақ олар танго секілді би түрлеріне өздеріне ұнайтын дизайнда тіктіргісі келеді", - дейді Нұргүл Тілеубердіқызы.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, бұл жерде қазақ аталар саны аз. 

Орталықта цигун, тайчи және айкуне сабақтары да өтеді.

Цигун - қытай гимнастикасы. Цигун жаттығулары қарапайым және олар өте баяу жасалады. Сол үшін де дененің әр миллиметрі бақылауда болады. Нәтижесінде адамның ойлары мен қозғалысы бірге жұмыс істей бастайды. Сол үшін ішкі энергияңызды басқара аласыз. Цигун - энергиямен жұмыс істеу. Цигунмен жүйелі түрде айналысу үлкен кісілердің өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.

Белсенді өмір орталығында ағылшын және қазақ тілдері сабақтары бар.

"Қазақ тілін үйренуге келген кісілерді бастапқы және жалғастырушы деп деңгейіне қарай бөліп тастаймыз. Үлкен кісілермен жұмыс істеген қиындау. Олар бізден көп біледі. Араларында оқушылар мен студенттерге сабақ бергендер де, бұрын жоғары қызметте отырғандар да бар. Тәжірибесі мол адамдар. Олардың талаптары күшті", - дейді қазақ тілі мұғалімі Байгозиева Айсұлу.

Қазақ тілі мұғалімінің айтуынша, басқа ұлт өкілдері қазақ тілін жақсы түсіну және сөйлей алу үшін сабаққа келсе, қазақ апаларымыз қазақша әдеби тілде сөйлеп үйрену үшін келетінін айтты.

- "Қазақ тілін үйрену үшін басқа ұлттан көбірек келеді. Алайда қазақ апаларымыз да бар. Олар бір жаққа барғанда апасы, әжесі деп ортаға шақырып, сөз бергенде қысыламыз дейді. Айтатын сөйлемдеріміздің аяқ жағын жеп қоямыз. Басқалар секілді мақалдап, мәтелдеп және әдеби тілде сөйлегіміз келеді дейді. Көпшілігі әріптерді таниды, жазуды біледі. Сөйлеу мәнерін ғана үйреніп жатырғандар бар. Сондай-ақ Кореядан келген апамыз бар. Ол кісі келешекте Қазақстанда тұрамын дейді, сол үшін қазақ тілін басынан бастап үйреніп жатыр".

Сондай-ақ орталықта смартфонмен жұмыс сабағы бар. Бұл жерде үлкен кісілер телефонды қалай қолдану керек, қалай жазу керек, еговқа кіріп, құжаттарды қалай алу керек, whatsapp-ты қалай тазалау керек және kaspi қосымшасынан қалай құжаттарды жіберу керегін үйренеді. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, смартфонмен жұмыс сабағына қатысушылар өте көп.

Йога болып жатырған бөлмеге де кіріп шықтық.

Үлкен кісілер белсенді жаттығуларды және үлкен жүктемелерді орындай алмайды. Мұндай кезде оларға йога пайдалы. Йога барлық бұлшықеттер, байламдар және буындар тобын босаңсытуға және созуға арналған жаттығуларды қамтиды. 

Белсенді өмір салты орталығында скандинавиялық жүріс сұранысқа ие.

"Скандинавиялық жүріске қатысушылар тұңғыш Президент саябағында таңертең жаттықтырушымен екі сағатттан жүреді. Оған қатысқысы келетіндер өте көп. Скандинавиялық жүрістің өз федерациясы бар. Күзде скандинавиялық жүрістен қалалық фестиваль өткіздік. Мұндай жүріс өте пайдалы: қан қоюланып кетпейді, буындарға пайдалы, таза ауамен демалады. Таяқшаларын өзіміз таратып береміз. Бізде курс 3 ай болады. Мысалы, оған жазылған адамдар 3 ай қатысады, содан соң басқа адамдарға орын береді. Себебі бізде резервте адамдар бар. Скандивиялық жүрістің курсы аяқталғанымен, олар басқа сабақтарға жазыла алады. Содан кейін 1 жылдан кейін қайтадан осы скандинавиялық жүріске жазыла алады", - дейді Нұргүл ханым.

Нұргүл ханым орталықта модель және актер өнері сабақтары бар екенін айтты.

"Модель апаларымыз бар, Миланға барып сән көрсетіп келді. Өзге ел көрермендерін ұлттық шапандарымызбен таңғалдырып келді. Бізде мұндай сапарларға ақша бөлінбеген, олар өз қаражаттарымен барды. Бұдан олардың ынтасының күшті екенін байқауға болады.

Актер өнері деген сабағымыз бар. Одан біраз киноға түскен Тасболат Омаров ағайымыз береді. Қазір көптеген үлкен кісі кастингтерге қатысады. Біздің ата-апаларымыз эпизодтық киноларға, жарнамаларға түсіп жүр", - дейді Нұргүл Тілеубердіқызы.

Нұргүл ханым Алматы қаласындағы зейнетке шыққан кісілерді орталыққа шақырды.

"Әрине, немерелерге қолғанат болып, қорғаныш жасаған жақсы. Десе де, бұл кісілердің де жағдайын қарастыру керек. Мысалы, бұл үлкен кісілер кезінде қаншама жыл жұмыс істеді, енді өздері үшін де өмір сүріп, бәрін көру керек. Бізге келетін ата-апаларымыз немерелеріне де қарап үлгеріп жатыр. Бізден шығып, немеремді мектептен, балабақшадан аламын деп кетеді. Олар бәріне үлгеріп жүр.

Бізге келетін кей апалар балалары "кішкентайларын қарай тұр" десе, "менің сабағым бар, мұғалімім ұрсады" деп кетіп қалатынын айтып келеді. Себебі оларға біздің орталықта ұнайды. Бізге келушілер өте көп. Бізде қазақ ер адамдар аз, енді-енді келіп жатыр. Бәрін шақырамыз, келіңіздер, сіздерге ұнайды деп ойлаймын. Үлкен кісілеріміз демалуы керек, үйдің шаруасы ешқашан бітпейді. 2-3 сағатқа келіп, тынығып, демалып, жаңа білім алып кетеді. Өздеріне орта табады. Бұрыннан келіп жүрген ата-апаларымыз бір-бірлерімен дос болып кетті, бір-бірлерінің туған күндеріне барады. Кейде орталықта туған күндерін атайды", - дейді белсенді өмір орталығы филиалының меңгерушісі.

Орталықтың ішіндегі атмосфера өте жылы. Ата-апаларымыздың өнерін тамашалап, олардың жаңа білім алуға және өздері үшін жаңа дүние үйренуге деген ынтасын көріп, таңғалып шықтық. Орталықтағы қызметтердің үлкен кісілерге пайдасы тиіп жатырғанын ата-апаларымыздың жақсы көңіл күйлері мен жылы шырайларынан байқадық. Сіз де ата-апаңызға, әке-шешеңізге, туыстарыңызға осындай орталықтың бар екенін айта жүріңіз! 

Суреттер: Болат Айтмолда