Бүйрегіңдегі тасты кетіреді, 100 ден астам ауруға ем: Алматыда емдік мақсаттағы қандай тылсым жерлер бар?

Бүйрегіңдегі тасты кетіреді, 100 ден астам ауруға ем: Алматыда емдік мақсаттағы қандай тылсым жерлер бар?

Алматыға келген әрбір адам Шарын мен Көлсайды аралап, Медеу мен Шымбұлақты жағалап көрікті жерлердің көркіне тамсанып кетеді. Алайда қалада мекен-жайы көпке белгісіз, шеттен келген адам былай тұрсын, қала халқының басым бөлігі біле бермейтін емдік қасиеті бар орындар да жетерлік. Ішсең бүйрегіңдегі тасты кетіреді, түссең 100-ден аса ауруға дауа табасың деген, ақиқатынан аңызы басым жерлерді біз де барып көрдік. Бұқараның пікірін білдік. Massaget.kz тілшісі тылсымға толы орындардан арнайы фоторепортаж жасап қайтты.  

Бұл Шаңырақ шағынауданындағы жер астынан атқылап жатқан ауыз су. Күре жолдың бойында орналасқан орынға адамдар су алатын ыдысын алып, күні-түні кезекте тұрады. Бұл жерге қала халқынан бөлек облыстан ағылып келетіндер де аз емес. 

Жолаушы келіп дәмін татса тәтті сусындай тіліңді үйіріп әкететін жер асты суының қасиеті көп. "Шәйнектің түбіне қақ тұрғызбайды, бүйрек пен өттегі тасты кетіреді" - деген ел арасында әңгіме бар. Содан ғой жұмыр басты пенде бұл жердің суын бір ішсе, өзге суға мұрнын шүйіре қарайды. 

Қала тұрғыны Баянбек Исмағамбетов.

"Дәмі жақсы, қоспасыз таза су. 5-6 жылдан бері ішіп келеміз. Үйдегі краннан мүлде су ішпейміз. Бұл судың бір ерекшелігі қайнатқан кезде шәугімнің түбіне қақ тұрмайды. Краннан келген сумен әрі кетсе бір шынаяқ шәй ішесің. Ал мына сумен шөлің қанбайды. Керемет! Бүйректегі, өттегі тастарды тазалайды деп айтады. Үйге келген қонақтардың бәр таңғалады. 10-15 күн тұрған күннің өзінде бұзылмайды. Бұл судан кейін басқа суларды іше алмай қаласың", - дейді қала тұрғыны Баянбек Исмағамбетов. 

Жарық дүниеге келген соң 12 мүшеңнің әрқайсысы уақыт өте сыр беретіні белгілі. Ал ауырып ем іздегенше, аурмайтын жол іздеген адамдар осы суды ішуге құмар. 

"Өз басым бұл суды мақтаймын. Мен бұл суды ішсем ішек құрылысым тазарып, энергия көп болады. Ал бұл суды ішпесем өзіммен өзім шаршап жүрем. Тіпті бұл сусыз шәй іше алмаймын. Бұл суды ішіп жүргенде үлкен дәретке күніне екі рет барамын", - дейді Бағила есімді қала тұрғыны. 

Қыстың күні кезек аз. Ал жазда адамдар 1,5-2 сағаттап кезекте тұрады. Сол себепті бір келген жаяу адам 10 литр су ала кетсе, көлігі барлар кемінде 100 литр суды сағаттап толтырып алып кетеді.

Тегін суға тіленіп тұратындар күн санап өсіп келеді. Ал бұқара бұл суды ақылы қылса судың көзі жабылып қалуы мүмкін екенін айтты.

"Айналасын биыл ғана қоршады. Біз басында ақылы қылама деп ойладық. Егер ақылы қылса су шықпай қалады. Бұл деген құдайдың құдіреті ғой. Жер астынан атқылап жатыр. Елдер үйлеріне тартып алған секілді. Кейді судың қысымы тым төмендеп кетеді", - дейді тұрғындар

Өкініштісі бұл судың пайдасы медициналық тұрғыда дәлелденбеген. Дегенмен тылсымына тіл жетпейтін, адамдары жанынан бір кетпейтін орынға сіз де барып көріңіз. 

Жұмыр басты пенденің санасына сыйымсыз, жұмбағы жаратқанға ғана аян жерлер жетерлік. Солардың бірі дәл осы Шаңырақ шағынауданындағы ыстық, тұзды су. Бұл да жер астынан өздігінен шығып жатыр. Буыны сырқыраған жас пен жасамыс осы жерден дертіне дауа тапқан. 

"Алпысқа таяп қалдым. Мен 1997 жылдан бері осы суға түсемін. Ең басында белім ауырып, осы суға түсуді жөн көрдім. Мұның суықты алатын емі бар. Аяғымның ауырғаны басылды. Буын ауруларына, тері ауруларына мың да бір ем. Есекжем деген секілді аурулары бар денелері қып-қызыл болған небір адамдар келеді. Өзім аптасына екі рет түсемін. Бір сағаттай түсемін. Негізі жүрегі әлсіз адамдарға 20 минуттан артық түсуге болмайды", - дейді Қажымұқан Баймағамбетов. 

Мұндай киелі орындарда дерек пен дәйек, қауесет пен қаңқу қатар жүретіні жасырын емес. Жергілікті жұрттың айтуынша тұзды суға шетелден келіп түсетін адамдар да бар екен. Енді бірі 100-ден аса ауруға ем екенін естіпті. 

Қала тұрғыны Айнұр Жаппарова. 

"100-ден аса ауруға ем деп естідім. Менің келіп жүргеніме  3-4 жылдан асты. Жүрегіме операция жасап, аяқ-қолым істемей қалды. Осы суға келгеннен кейін ауруымнан айығып келемін. Бұл судан кейін адамның ұйқысы жақсарады", - дейді Айнұр Жаппарова. 

Тұзды судың пайдасын санасаң екі қолыңның саусағын қатар бүгуге тура келеді. Тіпті отандық медицина шамасы келмеген аурудан айықтырып жіберетін құдіреті бар көрінеді. 

"Бұл су жүйке жүйесіне өте жақсы әсер етеді. Қолым ауырып, буындарым істемей қалған. Кейін мен шығып кетті деп ойлайтынмын. Дәрігерге қаралдым, рентгенге түстім медицина тап басып айта алмады. Кейін осы ыстық суға барғаннан кейін ауыруымнан айықтым. Одан кейін тұмау болған кезде аузыңды, тамағыңды шәйған кезде құлан таза айығып шыға келесің", - дейді қала тұрғыны. 

Құдайдың берген құдіретті нәрсесінен қалтасын қампитуға тырысқандар да табылыпты. Ыстық су шыққан аумақты сатып алып шипажай салмақшы болыпты. Алайда құрылыс орта шеніне келгенде жер астынан емдік қасиеті бар су шықпай қалған. Қазір ғимараттың қаңқасы ғана тұр. 

"Қыдырдың қасында болғанша, бұлақтың басында бол" демекші ыстық судан ауласына су тартып, кәсібін дөңгелетіп отырған адамдар да бар. 

"Бұл судың құрамында йод бар. Күніне 30-40 адам келіп шомылады. Жамандап жатқан ешкім жоқ. Аллергияға, гайморит ауруына таптырмас ем. Көбінесе апатқа түсіп, қолын ауыртып, денесін жарақаттап алған адамдар келеді. Сүйекті жұмсартады ғой. Асқазан жарасы барлар ыстық судан 100 грамм ғана ішсе өте пайдалы дейді", - қызметкерлердің бірі. 

Емдік қасиеті бар деген суға өзіміз де шомылып көрдік. Алған әсеріміз тым жақсы. Тері аурулары мен буынның сырқырауын басады дегенге сендік. 

Қоршаған ортаның құпиясы көп. Бірақ соны жөнімен жарнамалап, бағытын бұра тартпай кәдеге жарату керек. Ақ-еділ ағайын адаспасын деп ағайын ағылып жатқан жерлерді бұқараның сөзімен баяндадық. Елдегі емдік туризмді дамытуға қосқан біздің үлесіміз осындай болды.