• 451.15
  • 503.11
  • 4.94

"Бірден миллион табамын деу қомағайдың тірлігі". 100 көлікті жалға беретін кәсіпкермен сұхбат

"Бірден миллион табамын деу қомағайдың тірлігі". 100 көлікті жалға беретін кәсіпкермен сұхбат

Елімізде кәсібін сәтті дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі - Мират Мурсалимов. Қазіргі Абай облысының тумасы ең алғашқы бизнес идеясын банктен бастаған. Мектеп кезінен алғырлығымен көзге түскен қарапайым азамат бүгінде көлікті жалға берумен айналысады. Қазір түрлі маркадағы 100-ден аса  көлігі бар. Жетістігінің құпиясын досы мен жарының адалдығына балаған кәсіпкермен Massaget.kz тілшісі тілдесіп қайтты.

Сұхбаттасу барысында кейіпкер өмірінің алғашқы баспалдақтарын айтты. Қиыншылығы мен қуанышы, балалығы мен шалалығы бүкпесіз сөз етілді. 

"1996 жылы арман қуып Алматыға келіп, №5 мектеп интернатына оқуға тапсырдым. Сол мектепте 5 жыл оқып тәмәмдадым. Мектеп кезінде өте алғыр оқушылардың бірі болып өте жақсы бағаға бітірдім. Сол аралықта 6 жыл классикалық күрес түрімен де айналыстым. Түрлі жарыстарда топ жардым. 2003 жылы қазіргі Нархоз университетіне грантқа оқуға түстім. Бірақ қазіргі жұмысым мен дипломым сай келмейді", - дейді Мират Мурсалимов.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Кәсіпкер - Мират Мурсалимов

Кәсіпкер университет қабырғасында бизнестен хабары болмағанын да жасырмады. 

"Университетке келгенде өзім секілді алғыр жігіттер көп болды. Бірінші курсымда сабаққа ықтиярлығым жоғары еді. Ол кезде оқуды бітіріп, білікті маман иесі боламын деген мақсат қана болатын. Бизнес идеялар мүлде болған жоқ. Екінші курсымда шәкіртақыдан айырылып, жатақханада күн көріс қиындады. Студенттік шағымда қыдыру, жүру деген көбейіп, өмір ағыны сол жаққа тартып кетті. Бірақ аман-есен оқуымызды аяқтадық".

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Кәсіпкердің жалға беретін көліктері.

"Оқу бітіргенде қайда барарымызды білмедік"

Студенттік шақты сауық-сайранмен өткізіп, оқу бітіргеннен кейін ешкімге қажетсіз адам болып қалдық. Қайда барарымызды, не істерімізді білмедік. Содан кейін амалсыз ауылға қайттым. 2-3 ай туған жерде жүріп Алматыға қайта келдім. 2008 жылы группаласымның көмегімен банкке жұмысқа орналастым. Ол уақытта адамдарға несие беру басталған сәт еді.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

"Бизнеске қадам банктен басталды"

2009 жылы жаңа банкке ауыстырып жіберді. Сол жерде сату бөлімі бойынша жыл қызметкері атағын алдым. Қазір кредитті телеарналар мен әлеуметтік желілерде жарнамалайды ғой. Ол кезде біз компанияларға барып презентация өткізу арқылы клиент тартатын едік. Жалақымыз 35 мың теңге болатын. Оның үстіне берілген кредиттің белгілі бір мөлшері қосылатын. Сол кездерде алғаш бизнес идеялар пайда бола бастады.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Тілші - Жақсылық Зинешов.

"4 жыл өмірім зая кетті"

2008-2009 жылдары қазақстанда үлкен дағдарыс болып, біздің банк жабылды. Менің алғаш үйленген кезім болатын. 2009 жылдан бастап 2013 жылға дейін  4 жыл бойы ішкі жан дүнием тоқырауға кетті. Не істеп жүргенімді білмедім... Алғашқы жылдары әйеліммен пәтер жалдап тұратынбыз. Жұмыссыз қалған соң ломбардқа алтындарымызды өткізе бастадық. Көлігім де жоқ. Амалсыз жалдамалы пәтерден шығып жатақханаға көшіп баруға тура келді. Әртүрлі жұмыс істеп 4 жыл өмірім зая кетті.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

"Бизенсте жалғыз емеспін"

Банкте бірге істеген досым болатын. Екеуіміз бірдей жағдайда жүрдік. Бір кездесуде ол компания ашайық деген ұсыныс тастады. Оның аты Серік, менің атым Мират. Сөйтіп "СЕРМИР" деген компания аштық. Бірақ немен айналысатынымызды білмедік. Цифрлық жүйенің енді дамып бастаған кезі болатын. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына өтініш беріп аша саласың. Бизнеспен айналысатын түрлі нұсқаларды қарастырып жүрдік. 2013 жылдары менің туысқан ағам Ресейдің зауыттарынан поликарбонат деген құрылыс материалын әкеліп сататын. Алайда ол кісі саудасын тек базарларда жүргізетін.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

"Егер сіздің бизнесіңіз интернетте болмаса, онда сіз бизнесте жоқсыз" (Билл Гейтс)

Серік екеуіміз поликарбонатты интернет арқылы сатуды жөн санадық. Себебі сол уақытта құрылыс материалын интернетте сататын бір ғана компания болатын. Оның өзіне тапсырыс беру қиын. Досым өз атына несие рәсімдеп, дүкенді жалға алып бизнесті бастап кеттік. Дүкенге үлгі ретінде 30-40 шақтысын әкеліп, жарнамасын жасадық. Алла тағала 4 жылғы қиындығымызды көрді ме, жұмысымыз бірден жүріп кетті. Тұтынушылар өте көп болды. Тіпті біз алып жүрген ағамыз таңқалды. Кейін Ресей зауытынан диллерлік бағамен алып сатып, айналымға ақша пайда болды.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

"2018 жылдары кәсібіміз өше бастады..."

2018-2019 жылдары құрылыс материалдарын сататын компаниялардың барлығы интернетке кірді. Бәсекелестік өте жоғары болды. Біз өше бастағанымызды білдік. Сол кезде біздің ортақ танысымыз жалға көлік берумен айналысып жүр екен. Осы бизнеске кіріңдер! - деген ұсыныс тастады. Содан Серік екеуіміз жүрілген, жақсы көлікті алып арендаға беруді жоспарладық. Алматыдан көлік алайық десек көліктердің көбі шаршаған. Ең бірінші туған жерім Семейге арнайы барып 1 миллион 300 мың теңгеге Шевроле Нексия көлігін алып келдім. Дүкеннің алдына қойып, ақырындап жалға бере бастадық. Жалға беру құны бір күнге 5-ақ мың теңге болатын. Ең алғаш көлікті берген кезде қимастық сезім болатын. Кейін сол бір ғана көліктен біраз ақша жинап тағы 2 Нексия алып келдім. Алғашқы қадамдарымыз осылай басталған.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

"Ақшаға ұқыпты болу керек"

Ақшаның барлығы айналымда. Бизнесте жүргеннен кейін табысыңды қолыңда ұстаудың қажеті жоқ. Керегіңді алып пайдалана бересің. 2019 жылдары алғашқы бизнесіміз жабыла бастаған тұста салонда Равон р3 деген көліктер шыға бастады. Содан 3 Нексияны сатып 4 жаңа көлік алдық. Ол көліктерді 9 мың теңгеден жалға беретінбіз. Сол қаржыға тағы 6 көлік алып 10 равонмен 1 жылға жуық жұмыс істедік. Бұл бизнесте бастысы ақшаға ұқыпты болу керек.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

Жаңа деңгейге көтерілу үшін лизингтік компаниялар арқылы жұмыс істеуге көштік. Қазір 100 көлігімнің бірде-бірі өз атымда емес. Ол жерде ең бастысы бастапқы жарнаны, сақтандыру төлемін төлеу қабілеті болу керек. Бұл нәрсенің кредиттен айырмашылығы қысқа мерзімге береді және пайыздық мөлшерлемесі төмен болады. Лезингтік компаниядан көлік алудың тағы бір критерийі бизнес жоспар ұсыну керек. Мұндай компаниялар Қазақстандағы барлық салондармен жұмыс істейді.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

"Көліктердің жалға алу құны 11 мыңнан 21 мыңға дейін"

Қазіргі таңда жалға беретін 100 көлігім бар. Хюндай компаниясының Элантра, Саната, Акцент деген маркалары, Шевроле кобальт, қытайлық темір тұлпарларды да алып көріп жатырмыз. Жалға алу құны көлікті маркасына қарай 11 мыңнан басталып 21 мың теңгеге дейін кете береді. Жақсы жүргізушілер 700-800 мыңға дейін табыс табады. Бизнес бастаймын деген жігіттерге айтарым азғантай қаражатпен бастау керек. Бірден миллион табамын деу қомағайдың тірлігі. Кәсіпті 200-500 мың теңгемен бастап кейін соны маштабтауға көшу керек.    

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. 

"Жұмысына берілген адамды бағалау керек"

Бұл жерде ең бастысы психолог болу керексің. Адамдармен қарым-қатынасыңды дұрыстау маңызды. Өз басым жүргізушілердің отбасылық жағдайына дейін білемін. Ал кейбір жалға берушілер жігіттердің жүргізуші куәлігіне дейін тартып алып жатады. Айыппұлдарды жүргізушілерге төлетеді. Кейбір такси компаниялары 50 мың теңгеге дейін алдын ала төлем алады. Бізде ондай ешбір талап жоқ. Алайда осының арқасында талай мықты жігіттерді жұмысқа алдым. Жаңа жылда барлық жүргізушілерге дастархан жаямын. Күз мезгілінде тауға шығамыз. Қапшағайға барып демалып тұрамыз. Жұмысына берілген қызметкерді жоғалтып алмау маңызды. Себебі көлігің 1 күн тұрып қалса бизнесіңе шығын келеді.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Мират Мурсалимов пен оның қол астындағы жүргізушілер. 

"Букмекерлік кеңселер 90 миллион ұсынды"

Қазақ тіліне алаңдаймын. Ауызекі сөйлессек те, хабарлама жазсақ та орыс тілін қолданамыз. Еңбек етсең миллион қалай табамын деген кітап жазудың қажеті жоқ. Көп жігіттердің жолы болмай кететіні таңдаған жарына байланысты. Содан соң құмар ойын дегенді мүлдем ойнамау керек. Қарапайым ғана мысал маған букмекерлік кеңселер хабарласады. Көліктердің сыртына жарнамасын жабыстырғысы келеді. Әр көлікке 90 мың теңгеден беріп 9 миллион теңге төлеуге дайын. Кейбір автопарктер келісіп жатады. Ал менің көлігімнен жас бала көріп еліктеп кетсе мен өзімді кінәлі санаймын.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

Адалдық

Өмірде сені қолдайтын адал дос пен адал жар болу керек. Жетістікке жетудің ең басты себебі осы деп ойлаймын. Мен 4 жыл бойы қиналғанда мені тастап кетпеген, соңына дейін сенім білдірген жан жарыма айтар алғысым шексіз. Алматыда 27 жыл жүрген ғұмырымда мені қиыншылықтан құтқарған достарым. Адами болмысыңды сақтап, қолыңа дүние біткенде қарапайым қалпыңда қалу ең басты қасиет деп білемін. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

Кәсіпкер: "Бизнесте жүрген жігіттер қара басымызды ойлап жүрміз", - деп мұңайып қалды. Алайда Мират Мурсалимовтің 100 адамға жасаған жақсылығы, жастардың болашағы үшін 90 миллион теңгеден бас тартуы, тілге деген жанашырлығы шын мәнінде оның ел үшін қызмет істеп жатқан азамат екенін аңғартса керек...