"Айына 4,5 мың тонна қалдық төгіледі". Қоқыс жинап, көше сыпыратындардың бір күні

"Айына 4,5 мың тонна қалдық төгіледі". Қоқыс жинап, көше сыпыратындардың бір күні

Қызылордадан күніне 150-160 тонна шамасында қоқыс шығады. Ал ай сайын полигонға 4,5 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық төгіледі. Massaget.kz тілшісі қала тазалығын қамтамасыз етіп отырған мекеме өкілдерімен бірге рейдке шығып, жағдайды бақылап көрді.

Ескі базар аумағынан күндіз ешқашан адам аяғы арылған емес. Ең көп қоқыс шығатын жердің бірі - осы. Жұмагүл Мұқанова қысы-жазы сыпырғышын, күрек-кетпенін ұстап далада жүруге дағдыланған. Ол кісіні ескі базар жақтағы көпқабатты үйлердің маңында жолықтырдық. Ол 10 жылдан бері көше сыпырып жүр. Базардан шығатын қоқыс аздай, тұрғындардың тазалық мәдениеті туралы сұрағымызға "айтары жоқ!" деп басын шайқады.

"Адамдар күнде терезеден бөтелке, қауын-қарбыздың қабығы, әжетхана қағазына дейін лақтырады. Әрқайсысымен ұрысып шаршадым. Үйінің алдына контейнер қоймаған адамдар қоқысты әкеліп, үйіп кетеді", - деді ол.

Жұмагүл Мұқанова

Жұмагүл апа жұмыс ауыр болса да бойы үйренгенін жеткізді.

"Алғашқыда айлығым 55 мың теңге болды. Қазір қолыма 144 мың теңге тиеді. Шүкіршілік етсең, бәріне жетеді", - деді кейіпкеріміз.

"Қызылорда тазалығы" МКК санитарлық тазалық бөлімінің басшысы Гүлзинат Жұмабекованың айтуынша, бұл жұмысқа жастар келгісі келмейді. Көбі - бұрыннан машықтанған үлкен кісі. Бөлім басшысы тазалықшыларға барынша жағдай жасалғанын алға тартты.

"Жылына бір рет кезекпен шипажайға жолдама беріледі. Облыс әкімінің қолдауымен қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Арнайы киімдермен қамтылған", - деді ол.

Қала тұрғындарының тұрмыстық қалдықты сұрыптауға қалыптаспағаны әлі күнге өзекті.

"Жазда құрылыс қалдықтары, ескірген жиһаз көптеп шығады. Негізі ол туралы бізге алдын ала хабарлау керек. Біз арнайы техника жібереміз. Сол кезде күнделікті қоқыс шығаратын көлік бұзылмайды, бөлек ақы төленеді", - деді Гүлзинат Жұмабекова.

Талап бойынша әрбір жеке тұрғын үйдің алдында контейнер болуы керек. Болмаған жағдайда тазалықшылар белгіленген күні жинап әкетеді.

"2021 жылға дейін тазалық үшін ақы төлеу қиындық тудырды. Үй-үйді аралаған кезде көбі "біз қоқыс шығарып отырған жоқпыз, не үшін төлейміз?" деп жалтаратын. Үш жылда тұрғындардың түсінігі оң жағына өзгерді", - деді "Қызылорда тазалығы" МКК заңды және жеке тұлғалармен жұмыс бөлімінің басшысы Алтынбек Жақыпов.

Рейд кезінде Қызылорданың "ұшатын пакеттер қаласы" деген атаудан арыла бастағанына көз жетті. Енді бір жерде қоқыс таудай боп үйіліп жатыр. Адамдар сол маңға қарбыздың қабығын қалдырып, жан-жағына жалтақтап кетіп барады. Біз одан әрі қала тазалығын қорып жүрген жандармен пікірлесуге асықтық.

Сара Балжанова аптап ыстыққа, қақаған суыққа қарамастан көше сыпырып, қоқыс теріп жүргелі он жылдан асты.

"Зейнетақы жетпеген соң, осылай күнелтуге тура келеді. Жалақы жақсы, бұдан да көбейсе, тіпті жақсы", - деді ол.

Сара Балжанова

Төрт ай бұрын жұмысқа қабылданған Рысбике Қаражанова да "шүкірін" қайталай берді.

"Бұрын теміржол мекемесінде жұмыс істедім. Денсаулығым жарамаған соң шығып кеттім. Мұнда айлық жақсы, 150 мың теңгеге жуық. Пәтер ақысын да, несиені де төлеймін. Шүкір, жетіп тұр", - деді кейіпкеріміз.

Рысбике Қаражанова

Қызылордалық тазалықшылардың күні 07:00-ден басталып, 19:00-ге дейін жалғасады. Күніне қанша шақырым жаяу жүретінін өздері де шамалай алмады. "Бұл денсаулыққа пайдалы" деп әзілдейді. Әйтсе де шаһардың айнадай боп тұруында осы жандардың еңбегі ерен.

Назерке Саниязова