ЦУМ, Пассаж, суретшілер аллеясы: Арбат қалай өзгерді?

ЦУМ, Пассаж, суретшілер аллеясы: Арбат қалай өзгерді?

Қаладағы көрікті жерлердің бірі - Арбат. Мұнда бәрі бар: түрлі тағам, сауда орталығы, кино, суреттер, балмұздық, музыка, көңіл-күй. Алайда алматылықтар мен қала қонақтарының сүйікті көшесіне айналған бұл жер бірден көркейіп кетті ме? Қаладағы ең танымал көше қалай өзгерді? Оның атауында қандай тарихи мән жатыр? Бұдан 10 жыл бұрын көшенің келбеті қандай болды? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.

Қаланың жүрегіне айналған, ал тұрғындар арасында "Арбат" деген атаумен танымал жаяу жүргіншілер көшесінің тарихы ХІХ ғасырдан басталады. Оның алғашқы атауы "Торговая" болған. Кейін 1936 жылы көшеге Максим Горький есімі берілсе, 90-жылдары ол "Жібек жолы" деп аталды. Бұдан 10 жыл бұрын көше жаяу жүргіншілерге арналып, мұнда көлік жүруге шектеу енгізілді. Осылайша Мәскеудегі Арбатқа ұқсас "Жібек жолы" пайда болады. Жалпы көшеге "Жібек жолы" атауының берілуі тегін емес. Қазақта ертеде керуен өткен жол дәл осылай аталған. 

Қазір Арбатта адамдар күн-түн демей жүре береді. Мұнда әр адам түрлі мақсатпен келеді. Бірі - отбасымен балмұздақ жеу үшін, енді бірі ән тыңдап, достарымен көңіл көтеру үшін. 

Арбат Алматының орталығында - Жібек жолы бойында, Қонаев көшесі мен Абылай хан даңғылының ортасында орналасқан.

Абылайхан даңғылы бойымен жүрсеңіз, ең алдымен ЦУМ, яғни Орталық әмбебап дүкені көзге түседі.

ЦУМ 1961 жылы салына бастаған. Әмбебап дүкеннің жертөлесінде 1987 жылы "Игла" фильмінің бір көрінісі түсірілген.

2023 жыл, қыркүйек

КСРО ыдырағаннан кейінгі алғашқы 3 жылда Орталық әмбебап дүкен мемлекет меншігінде болған. Алайда 1994 жылы экономикалық реформалар аясында әмбебап дүкенді жекешелендіру ұсынылды. Сол жылы дүкен "ЗАҢҒАР Қазақ республикалық сауда үйі" акционерлік қоғамына айналды.

2014 жылдары дүкеннің маңдайшасында "Заңғар" деген атауы тұрды. Кейін ол алынып, ЦУМ деген жазу ғана қалды. 

2014 жыл, маусым. yvision.kz

2023 жыл, қыркүйек

Ал бұл көпқабатты үй бұрыннан тұр. Мұнда тіпті 1989 жылы "Женщина дня" фильмінің бір эпизоды түсірілген. 9 жыл бұрын бұл үйдің алдында Алматытелеком болса, қазір Қазақтелеком жұмыс істейді. Ал ерекше жоспарланған архитектуралы ғимарат көздің жауын алады. 

2014 жыл, маусым. yvision.kz

Қазір Арбатта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұндағы "Жібек жолы" көшесінің белгісі қоршауда қалған. Жалпы жөндеу жұмысы 17 қыркүйек аяқталуы керек.  

Бұған дейін Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері жөндеу жұмысы "Алматы Жарық компаниясы" (АЖК) электр сымдарын ауыстыруға байланысты жүргізіліп жатқанын айтқан еді. 

"Алматы қаласын электр қуатымен жабдықтауды жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", - делінген құрылыс алаңының баннерінде.

Massaget.kz тілшісі бұл көшеде кәсібін жүргізіп отырған суретшілердің бірімен сұхбаттасты. Оның айтуынша, Арбатта туындыларын сатып жүргеніне биыл 28 жыл болған. 

Кәсіби суретші Гаухар Қожахмет Жүргенов атындағы оқу орнын бітірген соң, осы жаққа келіп картиналарын сата бастағанын айтады.

"Арбаттағы неше түрлі өзгерісті көрдім. Қала да көркейіп жатыр ғой, бірақ көбіне қаражат басқа нәрсеге кетіп жатқан сияқты", - дейді ол. 

Суретшінің айтуынша, Арбаттағы ең ірі жөндеу жұмысы 2017, 2018 жылдары болған. Реконструкциядан кейін суретшілер бұрынғыдай өз жұмыстарын бүкіл көше бойында емес, тек Панфилов көшесінің бойында сата алады. 

"2018 жылы Арбатты жауып тастады. Бұл жерді "бомба түскендей" қопарылды. Бұрын суретшілер негізі Панфилов пен Бәйсейітова көшесі бойымен тұратын. Бізге бір осы қуысты берді де, көбі сыймай кетіп қалды. Қазір 10 адам тұрамыз, негізінен 60 адам тұруымыз керек. Әркімнің орны бар, қысы-жазы жұмыс істейміз", - дейді ол. 

Гаухар Қожахмет

2014 жыл, маусым. yvision.kz

Шынында, ескі суреттерді қарап отырсаңыз, көше бойында ондаған суретші, мыңдаған картина көрінеді. Ал қазір өнер иелері суреттерін жерге қойып сатуға мәжбүр. 

2023 жыл, қыркүйек

Көше бойымен әрі қарай жүрсек, жөндеу жұмысының қарқынды жүріп жатқанын байқауға болады. 

Тіпті жолдың ортасынан кетіп бара жатқан тракторды көруге болады. 

Бұл - әйгілі "Пассаж" сауда үйі. Бастапқыда Silk Way деп аталатын "Пассаж" сауда үйі бірнеше айдың ішінде салынып, 2002 жылы ашылды. Кей деректерде бұл құрылысқа Асқар Құлыбаевтың тікелей қатысы бар деген ақпарат тарады. Сол кездері сауда үйіне қатысты жанжал көп болған еді. 

vitalik.kz

Сурет 2017 жылы түсірілген. Алайда сауда үйі одан бері онша өзгерген жоқ. Ал төмендегі сурет 2014 жылы маусымда түсірілген. 

1 жылдан кейін, 2015 жылы "Пассаж" маңындағы түрік кафесінен өрт шыққан. Нәтижесінде ғимараттың сол жақ беті бүлінді. 

2014 жыл, маусым. yvision.kz

Қазір сауда орталығы толық жөндеуден өтіп, заманауи қалыпқа келді. 

Жібек жолында күнұзақ ән айтылып, түрлі өнер көрсетіледі. Тіпті мұнда жыланмен билейтін қыздарды, түрлі шоу жасайтын өнерпаздарды кезіктіруге болады. Ал мереке күндері бұл жер тіпті гүлденеді. 

Massaget.kz тілшісі бұл көше туралы қала тұрғындарымен сұхбаттасты. 

Жадыра есімді тұрғын Жасқанат шағынауданында тұрып жатыр. 

"Жасқанаттан айына 1-2 рет келіп тұрамыз. 15 жыл бұрын Алматыға көшіп келдік. Отбасымен Арбатқа келгенді ұнатамыз. Мына жердің атмосферасы ұнайды. Көбіне біз баламен ән тыңдауға, көңіл көтеруге келеміз. Оның үстіне, мұнда ең дәмді балмұздақ сатылады. Басқа қаладан келген туыстарымызды алдымен Арбатқа әкелеміз", - дейді ол. 

Түрғындардың айтуынша, Арбатқа келіп көңіл көтеру үшін тіпті жөндеу жұмыстары да кедергі емес.

Еске салайық, бұған дейін Арбат маңындағы Жібек жолы көшесі бойындағы үйлердің бірінің қабырғасындағы барыс бейнеленген сурет жоғалып кеткенін байқаған еді. Қабырғада барыстың орнына газдалған сусынның жарнамасы пайда болған. 

Даудан кейін газдалған сусын шығаратын компания өкілдері кешірім сұрап, қабырғадағы түпнұсқа суретті қалпына келтіруге уәде берген еді. Қазір мурал қаз қалпында тұр.