"Қонаев, Момышұлы, Мүсірепов". Алматыдағы "Кеңсай" зиратында кімдер жерленген?

Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмей тұғын артына сөз қалдырыған. Елге еңбегі сіңген тұлғалардың жарқын бейнесі мәңгі халық жадында қала бермек. Ал тірісінде алты алашқа аты мәшһүр болған адамдардың мазары қандай? Massaget.kz тілшісі "Кеңсай" зиратына барып, танымал тұлғалардың бейітінен фоторепортаж жасап келді.

Кеңсайда ұлтының ұлы ұландары, жазушылар, еңбек сіңірген қайраткерлер жерленген. Бұл - Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың бейіті. Ол 1960-1986 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды. Сол уақытта қарашаға қалқан болған, еліне адал басшылардың бірі болды. Оның бұл қызметтен алынып тасталып, орнына Колбинның келуі "Желтоқсан" оқиғасының туындауына себеп болды. Дінмұхаммед Қонаев КСРО да ең биік саяси лауазымға ие болған алғашқы қазақ. Ол КСРО-ның ішкі және сыртқы саясатын басқаратын 15 мүшелік политбюро мүшесі болған. Оның жанына әйелі Ялымова Зухра Шәріпқызы жерленген. Ол ауқатты татар көпесі Шәріп (Шариф) Яльмовтың қызы болған.

Бауыржан Момышұлының бейітіне арнайы үлкен ескерткіш қойылған. Ол қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы, Ұлы Отан соғысында даңқы шыққан стратег және тактик, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы. Мазарының басына қойылған ескерткіште қойын дәптерін ұстап тұруы оның жазушы болғанын, ал жананы қойылған зеңбірек секілді ескерткіш соғыс ардагері екенін меңзеп тұрғандай.  

Тірісінде аты аңызға айналған, қазақтың ғасырда біртуар азаматы - Қасым Қайсеновтың бейіті. Ұлы отан соғысының батыры, Қазақстанның халық қаһарманы. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің жанқиярлық ерлігін шынайы суреттеген, оқушы жұртшылыққа кеңінен мәлім көптеген шығармалардың авторы. Оның "Ажал аузынан", "Жау тылындағы бала", "Днепрде", "Жау тылында" деген еңбектері бар.

Бейіттің басына қазақтың көк туын қадап қойғанды көргеніңіз бар ма? Алғашында бізде таңғалдық. Бірақ бұл тудың тұрғаны ескерткешке өзіндік символика беріп тұрғандай. Себебі бұл көзі тірісінде "Кеңес одағы батыры" атағын ала алмай кетседе Қазақтың мақтанышы бола білген Рақымжан Қошқарбаевтың бейті. Ол 1945 жылы Берлинде Рейхстагқа жеңіс туын тіккен батыр адам. 

Алтын Ордадан бастап қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейінгі тарихты көркем шығармаға айналдырған "Көшпенділер" трилогиясының авторы - Ілияс Есенберлиннің бейіті. Мазар маңындағы тақтаға жазушының бір шумақ өлеңі қашалып жазылған. Тас мүсіннен тұтас қазақ тарихының шежіресін аңғарғандай боласың...

Жазушы Ғабит Мүсіреповтың күмбезді ескерткіші бірден көзге түседі. Қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері. Ол қазақ әдебиетінде очерк, публицистика жанрларын дамытуға да үлкен үлес қосқан. Сондай-ақ 1990 жылы Шерхан Мұртазаның "Бесеудің хаты" пьесасының республикалық балалар мен жасөспірімдер театрында спектаклін қойған. Бүгінде бұл театрға жазушының есімі берілген.  

Сағат Әшімбаев - саналы ғұмырын елінің бақыты мен болашағына арнаған тұлға. Ұлтының өшіп бара жатқан рухын ояту үшін жанталаса арпалысты. Әдебиет сыншысы, журналист Сағат Әшімбаевтың "Парасатқа құштарлық", "Ақиқатқа іңкәрлік", "Талантқа тағзым" сынды еңбектері жарық көрген. 

Зейнолла Қабдоловтың бейіті түрлі графикалық пішіндер арқылы көтерілген. Әйелі Сәуле Төлеуқызының бейіті қатар қойылған. Ерлі-зайыптының бейіттеріндегі күн және гүл тәріздес пішіндер өзіндік мағынаға ие секілді. Айта кетейік Зейнолла Қабдолов Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлығының лауреаты. Оның көркем шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылған.

"Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген". Бұл сөзді естігенде кім-кімнің болмасын есіне жалынды ақын Жұбан Молдағалиевтің түсері анық. Жұбан - өзінің атақты "Мен - қазақпын" деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын.

Қалтай Мұхамеджан - Қазақстанның халық жазушысы, драматург, алғашқы кәсіби қазақ театр критигі. Карл Маркстың "Капиталын" үш-ақ ауыз сөзге сыйдырған сатира саңлағының қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовпен бірлесе жазған "Көктөбедегі кездесу" пьесасының алар орны ерекше. Бесіктегі кезінен күмән еміп өскен ұрпақтың күйік пен күдікке толы күйкі болмысынан сыр шертеді.

Әбілхан Қастеев - қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Ол суретші ретінде өзіндік дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймай, туған жері мен өскен елін перзенттік махаббатпен жырлай алған біртуар суреткер.

Шот-Аман Уәлиханов бірнеше ірі ғимараттардың, 20 монумент пен ескерткіштің авторы. Солардың қатарында: Алматы қаласындағы "Динамо" стадионы, Дінмұхамед Қонаев бюст, Тәуелсіздік монументі сынды бірнеше көрнекі туындылардың авторы әрі жетекшісі. Сондай-ақ 1996 жылы Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік елтаңбасы бойынша өткен байқауында ҚР сәулетшілер одағының алтын медалі мен дипломын жеңіп алып, елтаңба авторы атанды. Оның бейіті де ерекше стильде көтеріліпті. 

Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев - әйгілі опералық және баритон әнші. Оның бейіті кеңсай зиратындағы ең ерекше құлпытастан тұрғызылған. Ескерткіште Ермек Серкебаев әлі күнге дейін кең диапазонды дауысымен ән салып тұрғандай. Ол қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосып, КСРО халық әртісі, ҚазКСР халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері атақтарын алған. 

Қысқа ғана ғұмырында тұтас Ресейді мойындатқан, қазақстандық және ресейлік эстрада әншісі, сазгер - Батырхан Шөкенов. Ол 2015 жылы өмірден озған еді. Оның бейітіне де музыканың кілті секілді темірден ескерткіш орнатылған. Оның ерекшелігі сол, жел тұрғанда түрлі әуен шығарады. Марқұмның сурет тақтасында да саксафон ұстап отырғанын аңғаруға болады. Ән әлемінің алыбы не бары 53 жасында өмірден өтті.

Бұл "Кеңсай" зиратында жерленген тұлғалардың бірсыпырасы. Қазаққа еңбегі сіңген қайраткерлерді ұмытпау, оны келешек буынға ұлықтау біздің міндет. 

Айта кетейік біз бұған дейін бейіт басына құлпытас орнатуға қатысты мүфтияттың жаңа ережесі туралы жазған едік. 



Бөлісу: